Орал қаласы: республикалық олимпиада жүлдегерлері марапатталды
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов республикалық пәндік олимпиаданың жүлдегерлерімен онлайн түрде кездесіп, білім додасының жеңімпаз жүлдегерлеріне ізгі лебізін арнаған еді. Сондай-ақ бір уақытта барлық өңірде олимпиада жүлдегерлері марапатталып, жетекшілері де құрметтелді. Орал қаласы бойынша олимпиада жүлдегерлері атанған дарынды оқушылар мен ұстаздарын қала әкімі Абат Шыныбеков құттықтады, – деп хабарлайды Орал қаласындағы білім бөлімінің баспасөз қызметі.
Пандемияға байланысты биыл республикалық олимпиада «Ustudy» орталықтарының негізінде барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, өңірлерде және республикалық маңызы бар қалаларда өткізілді. Білім бәйгесіне еліміздің барлық өңірлерінен 1557 оқушы қатысқан болатын. Олардың ішінде Батыс Қазақстан облысынан 71 оқушы бақ сынады. Олимпиада нәтижесінде батысқазақстандық бес оқушы алтын медальға ие болса, сегіз оқушы күміс медаль, 16 қатысушы қола медаль алды. Жеңімпаз-жүлдегерлердің 11-і – Орал қаласы мектептерінен. Олар – №35, 38, 28, 44 лицей-гимназиялары мен №32, 36, 33 жалпы білім беретін мектептердің оқушылары.
Марапаттау рәсімінде қала басшысы шәкірттерді жетістіктерімен құттықтап, оқытудың қандай кезеңінде болмасын білім сапасын жоғалтпау үшін тер төгіп жүрген мұғалімдердің еңбегін ерекше атап өтті. Шаһар жетекшісі мен қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Мүтиғоллақызы үздік нәтиже көрсеткен 2020-2021 оқу жылындағы республикалық олимпиаданың жүлдегерлеріне дипломдары мен медальдарын және естелік сыйлықтарды табыстады.
Бұдан бөлек дарынды, талантты шәкірт тәрбиелеуде шығармашылық қабілет танытып, асыл еңбегін аямаған ұстаздарғы сый-сыяпат ұсынылды. Жиын барысында Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейдің оқушысы – олимпиаданың бірінші орын иегері Альбина Жұмағазиева мен №33 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы – олимпиаданың екінші орын иегері Зарина Бозова білім бәйгесі туралы айтып, дарынды шәкірттер атынан жеңіске жету жолында көмек пен қолдау көрсеткен ұстаздарға алғыстарын жеткізді.
Сондай-ақ білімді шәкірттерді тәрбиелеген ұстаздар атынан №35 мектеп-лицейдің мұғалімі Татьяна Никифорова мен Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Ләззат Құсайынова сөз алды. Айта кетейік, олимпиаданың республикалық кезеңінде үздік білім көрсетіп оқушылары жүлделі орындарға ие болған өңірдегі алты мектеп республика бойынша жүз үздік білім ордасының құрамына енді.
Олар – дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-лицей-интернаты, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты, облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернаты, Орал қаласы Ә. Молдағұлова атындағы мектеп-лицейі, Орал қаласы №35 мектеп-лицейі Орал қаласы №28 мектеп-лицейі. Жалпы қорытынды есеп бойынша Батыс Қазақстан облысы командалық есепте 3 орын иеленді.