Тәуелсіздік тартуы: Ұлттықты ұлықтаған мәртебелі мектеп
“Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ”, – дейді Абай Құнанбайұлы. Тәуелсіздігіміздің төл құрдасы деп мақтанып, сол биік дәрежеде әр жыл сайын танымы бөлек, талғамы биік дарынды шәкірттерді баптап, қанаттарын қомдап, республикаға танылған талай таланттардың бағын жандырған біздің білім шаңырағының отыз жылдық тарихы елеулі естеліктерге толы.

1990-1991 оқу жылында республика көлемінде тұңғыш ашылған дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия ұжымы – бүгінде отызыншы түлектерінің қанатын қомдап, қиясына ұшырғалы тұрған ұлағатты орда. Адами ізгі асыл қасиет пен ізгілікті ұлағатымен танылған білім ошағы. Республикаға танымал 100 мектептің қатарында бой түзеген білім мен тәрбие бесігі. Бүгінде мемлекет тәуелсіздігімен бірге уығын шаншып, керегесін керіп, шаңырағын биіктеткен ұлттық гимназияның төл тарихы үш он жылдықты артқа қалдырды.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б. Сейталиев: «Ұлт мектептерінің бірегейіне айналып, дарындылардың ошағына айналған ұлттық гимназияда ізденімпаз, іскер, жаңашыл ұстаздар қиядағыны көзге алатын қырағы, сәл сабырды ұғатын сезімтал, көзі ашық, көкірегі ояу қаншама шәкірттерді тәрбиелеп жатыр», – деп дәл баға берген. 1990-1991 оқу жылында алғаш білім қоңырауы соғылып, облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған дарынды, қабілетті балаларды табу да, таңдау да оңай болған жоқ. «Дарын – жанып тұрған жалын» демекші, мектеп партасына отырып, көздері нарттай жанып, білімнің кәусар бұлағынан нәр алғысы келген әр шәкірттің жүрегіндегі тулаған сенімді лаулату үшін қаншама игілікті істер жасалды.
«Өнерлі істе жеміс бар, өрелі істе жеңіс бар» дейді дана халық. Азаттық алып, тәуелсіздікті жариялаған тұста тәй-тәй басып қадамын нықтаған елде ұлттық мектептерді ашу былай тұрсын, таза қазақ тілінде оқытатын мектептерді қалыптастырудың өзі үлкен мәселеге келіп тірелетін еді. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы тапсырмасының негізінде республика бойынша ұлттық тәрбиесі мен бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеудегі озық әдіс-тәсілдерімен ерекшеленетін тұңғыш қабілетті балаларға арналған тәжірибелік сипаттағы мектеп –интернат ашылып, білім саласына өзгерістер ене бастады.
Осы орайда үлкен жанашырлықпен өскелең ұрпақтың келешегі үшін ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттап, этнопедагогика, этнография негіздері қаланатын ұлттық гимназияның тұсаукесеріне себепкер болып, бастауында тұрған, пайдаланудан қалған ескі мекемені жөндеп, қалпына келтіруге қажетті қаржының бөлінуіне үлес қосқан танамал тұлғалардың есімдерін айрықша атап айтқанымыз абзал. Олар – Қазақстан Коммунистік партиясы Атырау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, халық депутаттары облыстық Кеңесінің төрағасы Алдамжаров Ғазиз Камашевич, Атырау облыстық партия комитетінің хатшысы Бисенов Әнес Бисенұлы, облыстық білім басқармасының жетекшісі Өмірбекова Жайлы Бөкешқызы, орынбасары Қайненов Қилымғали Қайненұлы.
Сол уақытқа шегініс жасасақ еліміздің аумағында тұңғыш рет ұйымдастырылған ұлттық гимназиялармен қатарымызды тіктеп, уақытша басқа мектепте оқып, мұғалімдеріміз сабақтан соң өз беттерімен мектепті қалпына келтіру жұмыстарына қатысты. Сондағы мақсат біреу ғана: тек дарынды, талантты шәкірттерді тездетіп жаңа оқу орнына көшіру, жаңа жатақханамен қамтамасыз ету. «Тамаша, жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да мұғалімге тең келе алмайды», – деп даланың дана ұстазы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, тәлімді тәрбие мен тағылымды сабақ үйретер дарынды шәкіртке ұстаз таңдау да оңай болмады.
Облысқа танымал кәсіби мамандардың арасында байқау жарияланып, әр ұстаздың білімі мен шығармашылық жолына аса мән беріліп, гимназияның алғашқы ұжымының құрамы бекітілді. Гимназияда жұмыс жасаған ұстаздардың көпшілігі ширек ғасырдан бері осы шаңырақта ерен еңбек етіп келеді. Әріптестердің жыл сайынғы үміті– жарқын болашаққа қадам басқан әр шәкірті адамдық биігінен көрініп, елінің азаматы болса деген ізгі тілектерге толы. Әрине алғашқы бес жыл ішінде білімді, білікті мамандардың нәтижелі еңбектері өлшеусіз жетістіктерге жетіп, бүгінгі күнге дейін ұлттық гимназия мәртебесі биік тұғырынан таймады.
Межелі мерзімде төккен тер, өлшеусіз еңбек, жеткен жетістік, абыроймен келген атақ текке кетпеді. Отыз жыл гимназия табалдырығынан түлеп ұшқан қанша шәкірт еліміздің барлық аймағында сан сала бойынша лауазымды қызметтерін атқарып, әрдайым көш басында келеді. Ұлттық гимназия-талғамы биік, танымы бөлек дарынды шәкірттің бағын жандырар өнер бесігі болып, шәкірттеріміз талай жарыстардың жеңімпазы атанды. Біздің білім ордасын талай қазақтың марғасқалары мен өнер майталмандары бас қосқан киелі шаңырақ десек артық айтпаған болар едік.
Атырау қаласында ұйымдастырылған Президенттік шыршада Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы және Сара Назарбаевамен бірге өнер көрсеткен дарынды шәкіртіміз Д. Даумовтың да өнерін де мақтанышпен айта аламыз. Бұл дегеніміз – ұлттық гимназияның дарынды шәкірттері үшін үлкен жетістік. Себебі ол кезде облыс аумағындаға қандай да бір іс-шаралар, кездесулерде біздің өнерлі шәкірттеріміздің ән-күйі мен би-жыры ұсынылатын. «Мақсат айқын болса, болашақ жарқын болары сөзсіз», – дейді ұлтымыздың көшбасшысы.
Гимназия табалдырығынан түлеп ұшып, бүгінде еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген шәкірттеріміздің мерейі – ұйымшыл ұстаздар ұжымы үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш. Үздіксіз ізденістерінің нәтижесінде 2 PhD докторы, 19 ғылым кандидаты атанған түлектеріміздің әр табысы – жемісті жетістіктің жарқын үлгісі. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында «Теңізшевройл» компаниясы жаңа үлгідегі оқу ғимаратын тарту етіп, білім саласындағы заманауи технологияларға қол жеткіздік. Шәкірт жетістігі – ұстаз мерейі.
Биылғы оқу жылын да табысты қорытындылауға ұмтылған жас түлектер облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда, түрлі деңгейлердегі өнер жарыстарында жеңімпаз атанды. Тоғыз шәкірт «Алтын белгі», жетеуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Ұлттық гимназия – отыз жылдық тарихында білімділер мекені атанса, бұл ұлт алдындағы үлкен парызды мойнына алған гимназия педагогтарының жоғары көрсеткіші. Ұстаздар ұжымының алдағы кезде әлі де талай жетістіктердің ұйытқысы ретінде тілі бай, дәстүрі озық, иманы мықты, тарихы терең, құшағы кең тәуелсіз мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлес қосарына сенім мол.
Нұрлыбек Ғилажұлы ДАУМОВ,
Атырау облыстық дарынды балаларға
арналған ұлттық гимназия директоры,
“Құрмет” орденінің иегері, Қазақстан
педагогикалық ғылымы академиясының академигі