Ы.Алтынсарин – 180: Ұлттың ұлы ұстазы
“Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында біздің білім ордасында қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы «Балалар әдебиетінің атасы» атты Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай 6 «Б» сынып оқушылары арасында мәнерлеп оқу сайысы ұйымдастырылды.
Бұл рухани шараға бастамашылдық танытқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айнұр Қожакәкімқызы болатын. Қатысқан бала саны – 15. Сыныптың қалған оқушылары көреремен ретінде байыпты бағаларын берді. Мектеп кітапханашыларының қолдауымен арнайы көрме жасақталып, шәкірттердің назарына ұсынылды. Сайыс басталмас бұрын жиналғандар ақын өміріне шолу ретінде бейне көрсетілімді тамашалады. Білім бәсекесі барысында оқушылар қаламгердің балаларға арналған өлеңдері мен әңгімелерін жатқа оқыды.
Жыр додасының жүйріктері арнайы құрылған әділқазы алқасының шешімімен қорытынды кезеңде анықталды. Ұрпағына өшпес мұра қалдырған ағартушының шығармашылығына арналған сайыс соңында белсенділік танытқан оқушылар «Жүзден жүйрік», «Сөз шебері», «Көркемсөз шебері», «Үздік поэзия» атты аталымдарды иеленіп, жүлделі орынмен марапатталған үздіктерге диплом және мақтау қағаздары табысталды.
Гаухар Сиражовна ГАББАСОВА,
№18 жалпы орта білім беру мектебі
директорының оқу ісі бойынша орынбасары,
Павлодар облысының Екібастұз қаласы