Тәуелсіздігімізді танытқан қоғам қайраткері еді

Бердалиевтер әулеті мен жақын туыстарына… 2021 жылғы мамыр айының 18-і күні белгілі дипломат, қоғам қайраткері Дархан Әлиұлы Бердалиевтің  мезгілсіз өмірден өтуіне байланысты «Өрлеу» БАОҰ» АҚ ұжымы туған-туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.

Дархан Әлиұлы 1963 жылы Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келді. 1986 жылы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетін үздік аяқтады. 1990-1992 жылдар аралығында Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында білімін одан әрі жалғастырды.

Д.Бердалиевтің қызмет жолын көз салатын болсақ, өз саласының нағыз маманы, жанашыры әрі көрнекті қайраткері екенін бірден байқауға болады. Еңбек жолын 1987 жылы Алматы қаласында математика пәні мұғалімі ретінде бастаған. 1989-1990 жылдары аралығында өз қызметін Алматы темір жол институты комсомол комитетінің хатшысы ретінде жалғастырды.

1992 жылы Мәскеудегі Дипломатиялық академияны тәмәмдаған соң, елімізге оралып, қызмет жолын жалғастырды. 1992 жылдан 1994 жылға дейін «Астана» акционерлік қоғамының Вице-президенті, 1994-1996 жылдары аралығында Қазақстан-Корей инвестициялық агенттігінің президенті лауазымдарына тағайындалды. Дархан Әлиұлы мемлекетіміздің сыртқы саясатын жүзеге асырып, шет мемлекеттермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және мәдени байланысты нығайтуға атсалысқан қоғам қайраткері. Еліміздің дамуы мен өркендеуі жолындағы еңбегі ерең.

Оған 1998-1999 жылдары ҚР АҚШ-тағы сауда-экономикалық өкілдігінің өкілі (Вашингтон), 2001-2003 жылдары  Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы уақытша сенімді өкілі (Прага қаласы), 2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (Сеул қаласы), 2008-2012 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (Сеул) лауазымдарында атқарған қызметі дәлел екені сөзсіз.

Дархан Әлиұлы І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие болған. Сонымен қатар, мемлекетаралық ынтымақтастықты нығатудағы еңбегі жоғары бағаланып,  2002 жылы Еуропалық өнер Одағының (Чех Республикасы, Прага) өнерін қолдағаны үшін Еуропалық премиямен және Масарика атындағы Өнер академиясын қолдағаны үшін алтын медальмен марапатталып (Чех Республикасы, Прага), 2004 жылы Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Сеул қаласының Құрметті азаматы, сондай-ақ Каннам университетінің (Корея Республикасы, Сеул) құрметті докторы атағы берілді. 

Дархан Әлиұлы қызметіне адал, әділдік пен ақиқаттың алдаспанына айналған басшы бола білді. Өз саласының биік бәйтерегіне айналып, ұжым, туған-туыс, әріптестерінің арасында беделді, сыйлы тұлға  болды. Тәуелсіз еліміздің өркендеу, ішкі-сыртқы қатынастарының нығаю жолында аянбай тер төкті. Еліміздің мықты дипломаты Дархан Әлиұлының мәңгі сапарына аттануына байланысты ұжымымыздың атынан туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Топырағы торқа, иманы саламат, арты қайырлы болғай.

«Өрлеу» БАОҰ» АҚ ұжымы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий