Ы.Алтынсарин шығармаларын оқыту: дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығы

Қазақ әдебиеті – қалыптасқан тарихы бар, әлем әдебиетінде өзіндік орнымен ерекшеленетін бай әдебиет. Әлем әдебиетіне қосар үлесін ғаламдық мәдениетпен ұштастыра отырып, пән ретінде оқушылардың танымдық әлеуетін кеңейтеді. Жалпы білім беретін мектептерде әдебиетті оқытуда қазақ әдебиетінің мазмұнын, стилін, идеяларын және жанрын бағалай білу, талдау жасау, шығармашылық ойлау дағдыларын дамытуға баса назар аударылады. 

Қазақ әдебиеті пәні бойынша оқу бағдарламасының мақсаты оқушыларды шығармашылық ойлауға бағыттау, олардың өз ойларын ауызша еркін жеткізуіне және жаза білуіне қолдау көрсету, дәлелдер келтіру, салыстыру және талдау, бағалау дағдыларын қалыптастыру. Қазақ әдебиеті білім деңгейі, ой-өрісі дамыған, әдеби тіл арқылы өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін өмірге бейім ұрпақ тәрбиелейді. Қазақ әдебиеті туындылары жасөспірімдердің рухани қажеттіліктері мен даму мүмкіндіктеріне сәйкестендіріле, қазақша ойлау және сөйлеу, жазу, тыңдағанын түсіну дағдыларын қалыптастырып, талдап, тану негізіне сәйкес құрылған. 

Ұрпағына ұзақ жылдар рухани азық болар туындыларын беру арқылы мәңгі өшпейтін өз үнін қазақ мәдениетіне қосып кеткен ұлы тұлғалардың бірі қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің шығармаларын оқу арқылы оқушылардың көркем шығармаларда көтерілген мәселелерді жан-жақты талдау, бағалау, өзіндік ой айту, түрлі жағдайларға бейімделе білу және шешім қабылдау дағдылары қалыптасады.

Ыбырай Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл», «Атымтай Жомарт» атты әңгімелері 5-сыныптың қазақ әдебиеті пәні бойынша жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасына енгізілді. Жазушы өз шығармаларында жастарды мейірімділік пен имандылыққа, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке  үйрететін, жақсы адам болуға жол нұсқайтын кейіпкерлерді сомдап, өнегелі тәрбие беруді көздейді.«Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінің бас кейіпкері Қыпшақ Сейітқұл Маманұлы (18 ғасырдың 70-жылдары, Сыр бойы – 19 ғасырдың 30-жылдары, қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Қарабидайық мекені) – есімі аңызға айналған егінші.

Орта жүздегі бес таңбалы қыпшақтың торы бірлестігінен тарайтын жеті арыс қитаба руынан шыққан. Сыр бойындағы иеліктері егін шаруашылығына тарлық ете бастаған соң Торғай өңіріне келіп, Қабырға өзені бойындағы Қарақоға деген жерге тұрақтаған. Өзен жағалауына шығыр орнатып, аяқ егін, атпа егін әдістерін пайдаланып, өзеннен арықтар тартып, бөгендер салып, суармалы егіншілікті қолға алған. Диқанның бұл еңбегі жемісті болып, 5-6 жылдың ішінде алғаш келіп қоныстанған 12 үй 400-ге жеткен.

Қыпшақ Сейітқұлдың аса шығымды ақ тарысының тұқымы кейін бүкіл Торғай, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Қарқаралы өңірлеріне тарады. Диқанның барымташылардан сақтану үшін тұрғызған дуалы мен су тартқан арықтарының қалдықтары Көкалаат, Қызылоба, Қарақоға деген алқаптарда әлі күнге дейін сақталған. Қыпшақ Сейітқұл асқан шебер, сөзге шешен адам болған. Мұраптың егіншілік дәстүрін халық арасына кең таратып, насихаттау үшін ұлы ағартушы «Қыпшақ Сейітқұл» деген әңгіме жазып, оқулығына енгізген [5].

«Атымтай Жомарт» әңгімесінің кейіпкері Жомарт Атымтай – Шығыстың көптеген халықтары фольклорында кездесетін кейіпкер, өзінің қайырымдылығы мен жомарттығына сай аты жайылған, халық жадында құрметпен әспеттелетін адам. 6 ғ-да өмір сүрген деген жорамал бар. Түп-төркіні Тай тайпасының ақыны Хатим ибн Абдаллахқа (Хатим-Тай) саяды. Атымтай Жомарт туралы шығармалар ерте кезден белгілі. Олар сюжеттік, жанрлық сипатына қарай үш топқа бөлінеді: Алғашқы топтағы шығармалар хикаяттық сипатта баяндалады. Онда Атымтай Жомарттың өмірі әңгімеленеді, оның жомарт болу себептері баяндалады.

Екінші топтағы шығармалар таза қиял-ғажайып ертегілері. Олардың сюжеті бір-бірімен үндес. Мұнда Атымтай Жомарт – асқан бай, таусылмас қазынаның иесі. Оның жомарт болуы осыдан. Үшінші топтағы шығармалар -тұрмыс-салт ертегілері. Бұларда Атымтай Жомарт – келген қонаққа берер асы жоқ, тақыр кедей. Сонда да жомарт болып бейнеленеді. Адамға деген қайырымдылық, сүйіспеншілік – оның ең басты қасиеті екені ашыла түседі. Жаңартылған білім мазмұны жағдайында Ыбырай әңгімесін  оқытудың ерекшелігіне тоқталсақ, бағдарлама талабына сәйкес «Тәрбиенің қайнар бұлағы» бөлімінде берілген бұл шығармаларды оқу барысында оқушылар ойлау дағдыларының: білу, түсіну, қолдану деңгейінде «Түсіну және жауап беру» бөліміндегі әдеби шығарманың фабуласы мен сюжеттік дамуы;кейіпкерлер портреті мен образы; шағын көлемді үзінділерді мәнерлеп оқу, жатқа айту; әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясы.

Талдау, жинақтау деңгейінде «Анализ және интерпретация» бөліміндегі салыстыра суреттеулер мен қарама-қарсы суреттеулерді табу; шығармадағы тілдік бейнелеу: теңеу, эпитет, ауыспалы мағынадағы сөздер, қайталау, өлең құрылысы; эпикалық шығармадағы автор бейнесі; көркем шығармадан алған әсерін сипаттап авторға  хат, өлең жазу. Бағалау деңгейінде «Бағалау және салыстыру» бөліміндегі шығарманың тарихи құндылығын бағалау; кейіпкерлерді шынайы өмірмен салыстырып бағалау; әдеби эссе; сыни хабарлама жазу тапсырмаларын орындауы керек.

Оқушы бұл талапты әр сабақ дұрыс жоспарланып, тиімді ұйымдастырылғанда ғана орындай алады. Сондықтан оқыту әрекетінде мұғалім бар күш-жігерін, педагогикалық шеберлігін оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашуға, үйлесімді дамытуға бағыттауы, шығармашылық жағдай жасауы тиіс. Сонда ғана оқушы өз тарапынан белсенділік танытып, дербестікке ұмтылады, оның өзіне деген сенімі артады. Ол үшін мұғалім  оқу  материалы  мен  сабақтағы  әрекетті  мұқият  саралауы тиіс. Ыбырай Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» оқытуда сабақты жоспарлауға байланысты ұсыныстар. 

Оқу мақсаты: Т/Ж 5.1.2.1 әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтау; Т/Ж 5.1.3.1 – көркем шығармадағы кейіпкерлер портреті мен іс-әрекеті арқылы образын ашу. Ойлау дағдыларының деңгейі: білу, түсіну, қолдану. Бағалау критерийлері: шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтайды; кейіпкерлер портреті мен іс-әрекеті арқылы  образын ашады. Бірінші тапсырма: «PRES» тәсілі арқылы шығармада көтерілген әлеуметтік-қоғамдық  мәселені идеясы арқылы түсіндіреді. P- Position – Позиция: «Менің ойымша, …» немесе «Мен … деп санаймын» деген құрылымдарды қолданып,  әдеби шығармаға қатысты өз пікірін айтып, көзқарасын түсіндіреді.

R-Resolution- Негіздеу: «Өйткені…» деген сөзден басталатын құрылымды пайдаланып, өз ойының пайда болу себебін, өз ұстанымының неге негізделетінін түсіндіреді. E – Example – Мысал келтіру: Ойын «мысалы….» сөзімен жалғастырып, өз көзқарасын қолдайтын мәліметтер, фактілер мен дәлелдер келтіреді. S – Summary – Қорытынды: Ойын «Сонымен (сондықтан, сөйтіп), мен … деп санаймын» сөйлемімен жалғастырып, өз пікірін жинақтап, қалай әрекет жасау керектігі туралы қорытындыға келеді. Дескриптор: шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтай алады; шығармада көтерілген мәселені идеясы арқылы түсіндіре алады. Екінші тапсырма: «Ой күмбезі» әдісі арқылы шығарманың идеясына сай кейіпкер жүйесін ашады.

Бағыттары

Түсініктеме

Ой қазығы

 

Негізгі сөзді тауып, түсінік беру

Кейіпкер – Қыпшақ Сейітқұл

Ой желісі

Негізгі сөзден өрбитін ойды талдап, жан-жақты зерделеу

Еңбекқор, шыдамды, қайырымды, егінші, диқан,

көшбасшы және тағы да басқалар.

Ой өрімі

Түйінді сөзді жинақтау, дәлелдеу, өзге ұқсайтын құбылыстармен салыстыру (сөйлем жазу):

–          Еңбекқорлық пен шыдамдылықтың үлгісі.

–          Елге үлгі, өнеге болған адам.

–          Еңбегінің арқасында аты аңызға айналды.

Ой күмбезі

Ойдың маңызы мен мәнін  ашып, қажеттілігі мен орнын айқындап, баға беру (түйін)

Еңбекқорлық арқылы белгілі бір кәсіппен айналысып үлкен табысқа жетуге болады. Адал еңбек мұратқа жеткізеді. «Қыпшақ Сейтқұл» әңгімесінің арқауы бұрын болған оқиға болғанымен, қазіргі заманда тәрбиелік мәнін жоймаған.  Қазіргі кездегі кәсіпкерлік ұғымының сол кезеңде бастау алғанына Сейітқұл бейнесі нақты дәлел.

Нәтижесінде, оқу мақсатына сәйкес тапсырмаларды орындау арқылы оқушылар әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтауды, оны көзқарасы тұрғысынан дәлелдеуді үйренеді.  Көркем шығармадағы кейіпкерлер портреті мен іс-әрекеті арқылы образын өмірмен байланыстыра отырып аша алады. Осылайша, әр сабақта оқушының әдебиетке, көркем шығарма оқуға, өлең оқуға қызығушылығын ояту мақсатында ұйымдастырылатын түрлі жұмыстардың жеке тұлғаның рухани дамуына, сөздік қорын дамытып, сөйлеу мәдениетін жетілдіруге ықпалы зор.

Мектеп қабырғасында көркем әдебиеттің озық үлгілерінен нәр алған бала құндылықты бағалай білетін, білім мен еңбектің қадірін түсінетін, қасиет пен құрметтің мәнін ұғынатын азамат болып қалыптасады деп ойлаймын. Бағдарламада берілген Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері құнды дүние, тәрбиелік мәні зор көркем туынды, өнеге, өсиет. Оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – сіз бен біздің міндетіміз.

Гулдарига Туремуратовна МАМУТОВА,
“Өрлеу” БАҰО» АҚФ Маңғыстау облысы бойынша
ПҚ БАИ ж
аратылыстану және гуманитарлық пәндерді
оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі,
педагогика ғылымдарының магистрі, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий