Асхат Аймағамбетов: Баласына үнемі қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беретін ата-ана да маңызды рөл атқарады
Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы №89 мектеп-лицейінде оқушылар арасындағы республикалық олимпиада жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездестім, – деп жазады ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгін фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Елордалық мектеп оқушылары іс-шараға дәстүрлі форматта қатысса, білім алушылардың басым бөлігі пандемия жағдайына байланысты онлайн форматта қосылды. Жалпы олимпиаданың республикалық кезеңіне 1500-ден астам мектеп оқушысы қатысып, 700-ге жуығы жүлделі орындарға ие болды. Бұл – біздің балаларымызды білім нәрімен сусындататын ұстаз еңбегінің жемісі деп білемін. Сондықтан мұғалімдерге ризашылығымды білдіргім келеді.
Баласына үнемі қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беретін ата-ана да маңызды рөл атқарады. Осы ретте дарынды оқушылардың ата-аналарына жас ұрпаққа берген тәрбиесі үшін алғыс айтамын. Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін бір сағаттың көлемінде оқушылармен әңгімелестік. Олар қызықтыратын сауалдарын қойып, өз идеяларымен бөлісті. Әңгіме барысында білім алушылардың ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап бердім.
Биыл пандемия жағдайында Олимпиада “бір қатысушы – бір компьютер – бір камера” қағидаты бойынша жаңа электрондық форматта өтті. Барлық қатысушы тапсырмаларды бір мезетте алып, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірде олимпиадаға бақылаушылар тартылды. Сондай-ақ зияткерлік байқау онлайн режимде көрсетілді.
Айта кеткен жөн, биыл бір қатысушының тапсырма бойынша берген жауаптарын қазылар алқасының бірнеше мүшесі қатар тексерді. Бұл да әділдікті барынша қамтамасыз ету мақсатында жасалған шара, – дейді жазбасының қорытындысында еліміздің бас педагогы.