Қашықтан оқыту: Ақпараттық технологияның тиімділігі

Дүниені дүр сілкіндірген жұқпалы індетке байланысты білім жүйесінде қашықтан оқыту форматының енгізілгеніне де бір жылдан асты. Бұл қауырт қызметті жедел жүргізуге оқушылар ғана емес, ұстаздар да, жалпы сала мүмкіндіктері дайын емес еді.  Себебі, мұғалімдердің көкейінде де «қашықтан оқытуға дайынбыз ба?», «онлайн оқытудан шәкірттер сапалы білім ала алады ма?»  деген сан түрлі сауалдар тұрды.

Дегенмен де, қайбір замандарда түрлі тығырықтан жол тапқан парасатты педагогтар бұл оқыту форматын да шебер игере білді. Бастапқы кезде қашықтан оқыту барысында көптеген қиындықтардың кездескенін білеміз. Өйткені оқушы мен мұғалім арасында бетпе-бет қарым-қатынас болмады. Білімгер пән мұғаліміне емін түрде ойындағы сұрағын да қоя алмады. Қос тарапты байланыстырған тек темір құрылғылар еді. Сонымен қатар, смартфон, компьютермен оқу денсаулыққа, әсіресе көзге зиян. Және интернет желісінің ақауларына байланысты оқушылар сабаққа мезгілінде қосыла алмады.

Мектеп бітіруші түлектер мәселесі көп талқыға түсті. Олардың алдында үлкен сынақ – ұлттық  бірыңғай тест күтіп тұрған еді. Ал онлайн оқу кезінде дайындалу қиынға соқты. Санамалап тізе берсек, зиянды тұстары да болғаны жасырын емес. Бірақ, әр қиындықтың артынан жақсылық күтетін халықпыз ғой. Қашықтан оқытудың әдісі мен амалдарын әріптестеріміз бен шәкірттерге қоса ата-аналар қауымы да барынша меңгеріп алды. Ең басты құндылығымыз – оқушының  денсаулығы болғандықтан, пандемияға байланысты қашықтан оқытудың пайдасы бар және бұдан басқа жол жоқ. 

Жаңашыл ұстаз – заман талабы емес пе? Қашықтан оқыту мұғалімнің шеберлігін ұштап, қиын сәтте де жол таба білуге үйретті. Ұстаздарымыз ақпараттық технологияны тиімді пайдаланып көптеген платформалармен (ZOOM, WhatsApp, Telegram желілері, Kundelik.kz, Online mektep, Daryn online) нәтижелі жұмыс жасай білді. Zoom платформасы арқылы ұстаздар мен оқушылар бейне байланысқа шығып, сабақ мазмұны түсіндірілсе, WhatsApp желісі арқылы кері байланыс жасап отырды. Kundelik.kz жүйесіне де бейне сабақтар мен тапсырмаларды жүктеді.

Оқушылар да Kundelik.kz қосымшасы арқылы тапсырмаларды уақытылы орындап, жіберуге төселді. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап, Online mektep платформасы іске қосылды. Бұл оқу платформасына да педагогтар тез бейімделіп, жүйелі жұмыстар жасалды. Online mektep-те дайын сабақтар болса да, ұстаздарымыз өз беттерінше түрлі сабақтар құрастырып, оқушыларға ұсынды. БЖБ,ТЖБ тапсырмаларын да шебер құрастырып, Online mektep платформасына жүктеп отырды. Осы жұмыстардың нәтижесінде біздің білім ордасы жыл басынан бері жоғары көрсеткіштерге жетіп жүр. Облыс мектептері арасындағы Kundelik.kz-ті сапалы толтырушы үздік мектептер шеруінен алдыңғы қатардан орын алып, «Алғыс хатпен» марапатталдық.

Сонымен қатар, Online mektep платформасымен жүйелі жұмыс атқарғанымыз үшін де «Алғыс хат» берілді. Оқушы үшін де, мұғалім үшін де бетпе-бет білім алып, білмегенін сұрап, білгенін үйреткенге жетер ешнәрсе жоқ. Әйтсе де, осы қиын кезеңнің уақытша екендігін баршамыз білеміз. Оқушылар да сөмке асынып, мектеп формасын киіп жүретін уақыттардың өзі жетістік екенін түсінді. Алдағы оқу жылында оқушыларымыз бен ұстаздарымыздың амандықта қауышуын асыға күтетін боламыз. Бұл күндер де өтіп, тарихта қалары сөзсіз. 

Ербол Ермекұлы ҚАШАУБАЙ,
№12 Фаина Досымова атындағы орта
мектептің директоры, Атырау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий