Ақтөбе облысы: Республикалық пәндік олимпиадада үздік үштікте

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің республика бойынша жалпы білім беретін пәндерден олимпиаданың қорытынды кезеңінің жеңімпаздарын құттықтау шарасы (19. 05. 2021 ж) ұйымдастырылған болатын, – деп хабарлайды Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі. 

Бұл күн өңірдің дарынды оқушылары мен ұстаздары үшін тарих беттерінде алтын әріппен таңбаланатыны рас. Ресми жиынға Қазақстанның барлық өңірлері онлайн форматта қатысты. Шараның бірінші бөлімінде еліміздің бас педагогы білім додасында  өз облыстарының  намысын абыроймен қорғаған дарынды оқушыларды жеңістерімен құттықтады.

Салтанатты шараның кезекті екінші бөлімінде  марапаттау рәсімі орын алды. Асхат Қанатұлы елордасындағы жеңімпаздарды құттықтауы кезінде еліміздің өзге өңірлерінде марапаттау рәсімін жергілікті облыс әкімдері мен орынбасарлары  жалғастырды. Ақтөбе облысының жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары Елеусінова Бұлбұл Ораққызы құттықтап, дарынды оқушыларға медаль, жеңімпаз бен жүлдегер дипломдарын табыс етті.

Республикалық олимпиада жыл сайын жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы он алты жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында төрт кезеңде ұйымдастырылып келеді. Биылғы оқу жылында республикалық олимпиаданың мектепішілік кезеңіне бір миллионға жуық бала қатысты, оның ішінен аудандық (қалалық) кезеңге 100 мыңға жуық оқушы өтті. Облыстық кезеңде 12 мыңнан астам оқушы қатысса, қорытынды кезеңде Қазақстанның барлық өңірлерінен бір мың бес жүз-ден астам қатысушы бақтарын  сынады.

Биылғы олимпиаданың ерекшелігі Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен, елдегі пандемия жағдайын ескере отырып, Республикалық олимпиада «Ustudy» орталықтарының негізінде барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасына сүйене отырып, прокторинг жүйесін қолдану арқылы өткізілген болатын.

Олимпиаданың облыстық кезеңінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 77 оқушы республикалық кезеңге жолдама алып, 40 оқушы жүлдегерлер қатарынан табылды. Оның 8і алтын, 7еуі күміс және 25і қола жүлде жеңіп алып,  облыстың командасы биылғы жылы республика бойынша үздік үштікке енді.  Жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде көрсеткен үздік нәтижелері үшін біздің аймақтың оқушыларына «Ең үздік олимпиадалық команда-2021» атағы берілді.

Сондай-ақ, үздік нәтижелері үшін облыстық дарынды жасөпірімдерге арналған мамандандырылған «Білім–инновация» лицей-интернаты «Үздік олимпиадалық мектеп-2021» атағына ие болды. «Жалын» олимпиадалық резерв мектебі мен ғылыми-зерттеу зертханаларында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғалымдары 12 жыл қатарынан нәтижелі еңбек етіп, олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеп шығаруда.

Республикалық, халықаралық интеллектуалдық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға  дайындау мақсатында  «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының жанынан ашылған облыстық «Жалын» олимпиадалық резерв мектебінде биылғы оқу жылы облыстың құрама командасына енген 77 оқушы республикалық дайындықтан өтті. Ғылыми-зерттеу орталығы ғалымдарынан елу жеті білімгер ғылыми жобалары бойынша кеңес алды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий