ЕҰУ: 25 жыл – айрықша белес

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына арналған Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы ұйымдастырылды. Барлық санитарлық талаптар сақталған жиынды ЕҰУ ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Сыдықов Ерлан Бәтташұлы ашып, бүгін – еліміз бен ғылым-білім саласы үшін айтулы күн екеніне айрықша тоқталды және Ғылыми кеңес мүшелері мен профессор-оқытушылар, арнайы қонақтар үшін онлайн тікелей эфир ұйымдастырылды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

«Бүгін – Елбасы негізін қалаған Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойының салтанатты межесі, -деді Ерлан Бәтташұлы. – 1996 жылы 23 мамырдағы Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін құру туралы Жарлығы – отандық білім-ғылым саласының жаңа парағын ашты. Атап айтсақ: Біріншіден, Елбасы Еуразия университетін құру арқылы 1994 жылы 29 наурызда Мәскеу мемлекеттік университеті мінберінен жария еткен Еуразиялық экономикалық одақ идеясына серпін берді. Екіншіден, Қазақстанның жаңа астанасының интеллектуалдық іргетасын қалады.

Үшіншіден, отандық жоғары мектептің драйвері ретінде Еуразия университетіне зор мүмкіндік туғызды. Ал, университетке түркітанушы, тарихшы, географ Лев Гумилевтің атын беру арқылы жас буынға ел тарихының тереңдігін, көне түркі құндылықтарының маңыздылығын меңзеді. Бұдан да маңызды қадам – Қазақстан жолының, Қазақстан дамуының, Лев Гумилев айтқандай, пассионарлық жаңғыруын айқындады, – деді ректор Ерлан Сыдықов.

Сонымен қатар академик өз баяндамасында 2001 жылы Елбасының қолдауымен, елшіл азаматтардың жігерімен Қазақстан астанасына, соның ішінде Еуразия университеті төріне орныққан Күлтегін ескерткіші – мемлекеттік «Мәдени мұра» мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ізашары екенін атап өтті. Содан кейінгі сөзін келген қонақтар мен жас буынға бұрып, Елбасы сеніп тапсырған Еуразия ұлттық университетін өз қолымен құрысқан тұлғаларға тоқталды: «Амангелді Құсайынов, Мырзатай Жолдасбеков, Сәрсенғали Әбдіманапов, Бақытжан Әбдірайым – экс-ректорлар емес, тарихта аты қалған ректорлар!, – деді Ерлан Сыдықов.

Жиырма бес жыл – айрықша белес. Сондықтан да болар, Еуразия ұлттық университетін өздерінің ғылыми мектептерімен дамытқан бір топ ғалымдардың есімін атады. Олардың ішінде Жабайхан Әбділдин, Болат Көмеков, Сейіт Қасқабасов, Рахметқажы Берсімбай, Мұхтарбай Өтелбаев, Ғарифолла Есім, Рысқұл Ойнарұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, Қойшығара Салғараұлы, Сайлау Батыршаұлы, Еңілік Нұрғалиева, Шәкір Ибраев, Намазалы Омашұлы, Ғаділбек Шалахметов, Серік Негимов және тағы да басқа академиктер мен әйгілі профессорлар бар.

Ширек ғасырда білім ордасының қабырғасында еңбек етіп, бүгінде бақиға көшкен ғалымдарымыз да атаусыз қалмады. «Біз Рымғали Нұрғалиды, Мырзатай Серғалиевті, Ақселеу Сейдімбекті, Мырзагелді Кемелді, Нәубат Қалиевті, басқа да тұлғаларды ұмытпақ емеспіз. Бәріне де бас иіп, тағзым етеміз!, – деді ректор. Кез келген университет түлектерімен мақтанады. ЕҰУ-ды бітірген кәсіби мамандар, жас қайраткерлер жетерлік: Айдын Рахымбаев, Қайрат Келімбетов, Жеңіс Қасымбек, Марат Әзілханов, Асхат Оралов, Саясат Нұрбек, Бақтияр Қожахметов, Дәурен Кеңбейіл, Сәкен Қалқаманов, Дәулет Кәрібек, Ғани Нығметов, Нұрдәулет Қилыбай, Ғалым Шойкин. Спорт майталмандары – Александр Винокуров, Әнуар Ахметов, Айбек Нұғымаров, Александар және Екатерина Немич, өнер тұлғалары, қаламгерлер – Айгүл Мүкей, Мейрамбек Бесбаев, Қалқаман Сарин, Мұхтар Ниязов, Айбек Бекбосын, Қайрат Нұртас, Ерлан Жүнісов.

Ерлан Бәтташұлы 25 жылда Еуразия университетінің қалыптасып, дамуына жанкүйер болған барша қайраткерлерге, зиялыларға, педагогтер қауымына, елордалықтарға шексіз алғысын білдіре келіп, Еуразия ұлттық университеті – ғылым мен мәдениеттің кеніші екенін сөз етті. Қазақ хандығынан бастап Абайдың 175 жылдық мерейтойына дейінгі ірі ғылыми жиындар мен зерттеулерде ЕҰУ-дың қомақты үлесі барын баса айтты.

– Былтыр ұлы ақынның мерейтойын қорытындыларда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Еуразия университетінің, «Абай академиямыздың» еңбегін ерекше атап өтті. Біз де өз тарапымыздан ірі ғылыми жобаларымызға қолдау көрсеткен ел басшылығына, Білім және ғылым министрлігіне, министріміз Асхат Қанатұлына ризашылығымызды жеткіземіз. Мерейтой қарсаңындағы Мемлекет басшысының үлкен сыйы – Үкіметке Еуразия университеті үшін жаңа ғылым-білім кешені құрылысын бастау жөнінде тапсырма бергенін естіп, бүкіл ұжым қуанды. Тағы да рахмет айтамыз! Бұйырса, алдағы жылы 2.500 орындық жатақханамыздың құрылысы аяқталады. Мұны мемлекет пен жеке меншік әріптестік негізінде орындап жатырмыз.

Біз 25 жылдығымызға үлкен табыстармен келдік. Оның бірі – жаңа ғана лентасы қиылған Студенттердің спорт оталығы. Екіншісі – үздік 25 ғалымымыздың 25 монографиясы мен оқулығы. Үшіншісі – жаңадан ашылған бірнеше ғылыми орталықтарымыз бен заманауи зертханаларымыз. Басқа да табыстарымыз жетерлік, алдымызда биік мақсат тұр. Ол – зерттеу университетіне айналу. Бұл – биік асу, бірақ игерілуге тиіс асуымыз. Осы мерейтойға құттықтауларын жіберген аса мәртебелі де биік тұлғаларға, қай кезде де қасымыздан табылып, көмек қолын созған Білім және ғылым министрлігіне ұжымның шексіз ықыласын жеткіземін, – деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Шараның ашылуында құттықтау сөз сөйлеген ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтау хатын оқыды. Онда университет алғаш құрылған күннен бастап, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігімен бірге жасасып келе жатқаны және еліміздің бетке ұстар білім ұясына айналғаны айтылған. Құрылғанына 50 жыл толмаған әлемдік университет арасында ЕҰУ-дың көш бастағаны, алдағы уақытта білім мен ғылымның көшбасшысы болып, ұлттық университеттің беделін арттыра беретініне сенім білдірген және университет түлектері еліміздің барлық саласында жемісті еңбек етіп, бүгінгі күні отандық жоғары оқу орындарының арасында алды екені, ЕҰУ алдағы уақытта да жоғары білікті мамандарды дайындауда маңызды ғылыми-білім беру орталығы ретінде қала бермек деп үмітін білдірді.

Тұңғыш Президент өз құттықтауын «Университет ұжымының шәкірттері қара шаңырақтың абыройын әлі де асқақтата беретініне сенім артамын» деп түйіндеген. Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да құттықтауын жеткізді. Президент құттықтауында «Сіздерді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Осыдан 25 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылып, ЕҰУ – Еуропа, Азия, АҚШ, тағы басқа шетелдік жоғары оқу орындарымен, түрлі ғылыми-зерттеу орталықтарымен, шетел мемлекеттерінің елшіліктерімен, халықаралық білім беру ұйымдарымен қарым-қатынас жасайтын еуразиялылық идеясын іске асыратын жетекші университетке айналды» делінген.

Қазіргі күні Л.Н.Гумилев атындағы Еурази ұлттық университетінде 20 мыңнан астам студент білім алады, көптеген пән ағылшын тілінде беріліп келеді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2000 жылы университет базасында М.Л.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы ашылған. Басқосу барысында университетіміздің мерейтойына орай ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын жеткізсе, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов өзінің жүрекжарды тілегін білдірді.

ЕҰУ мерейтойына шетелдік халықаралық ұйымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, әлемдік университет, ғылыми орталықтар, профессорлар, мәдениет қайраткерлері, қоғамдық-саяси ұйымдардың басшылары өз құттықтауларын жолдады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ЮНЕСКО, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Ұлттық ғылым академиясы, Жазушылар одағы, Композиторлар одағы, Суретшілер одағы, тағы басқа халықаралық ұйымдар мен ұлттық компаниялардан жылы лебіз ескен құттықтаулар түсіп жатты. Мұндай игі тілектер Ақтөбе, Жамбыл облысының әкімдері мен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтен де келді.

Сондай-ақ Беларус Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Нобель сыйлығының лауреаты, ЕҰУ-дың құрметті профессоры Эрик Максин, көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов өз құттықтауларын бейне жазу арқылы жеткізді. Нобель сыйлығының лауреаты, ЕҰУ-дың құрметті профессоры Эрик Максин Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтай келіп: «Мен әлі күнге дейін Қазақстанға сапар шеккенде Еуразия ұлттық университетінде берген дәрісімде көрсеткен қонақжайлылықтарыңыз бен ықыластарыңызды әрдайым жылы лебізбен есіме түсіремін. ЕҰУ 25 жылдың ішінде қарқынды дамып, жоғары халықаралық бағаға ие болды. Еуразия ұлттық университетінің қара шаңырағына, оның ішінде студенттерге шығармашылық рухын сақтап, жаңа мақсаттарға ұмтылып, дами беруін тілеймін, – деді.

Шара барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтау сөз сөйледі. Министр өз құттықтауын «Жоғары оқу орындарының ішінде көш бастап тұрған білім ордаларының бірі әрі бірегейі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» деп бастады. Содан кейін осы оқу орнының алдында тұрған жаңа мақсаттарға тоқталды.

– Бұл университет тек Қазақстан төңірегінде ғана емес, халықаралық деңгейде қабілетті болып, әлемдегі үздік университеттердің қатарына енуі керек. Қазіргі күні дәл осындай тапсырманы мемлекет басшысы біздің алдымызға қойып отыр. Әрине, бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар деп айтуға болады. Жуырда университеттің директорлар кеңесінде ЕҰУ-ды зерттеуші университет ретінде қайта қалыптастыру бойынша шешім қабылдадық. Енді осы шешімді үкіметтің қарауына шығарып, тиісті қаулы қабылданса, ЕҰУ зерттеуші университет болып, жаңа белестерге көтеріледі деп сенемін,-деді Асхат Қанатұлы.

Сонымен қатар министр ЕҰУ-дың бір топ қызметкерлерін мерекелік медальмен марапаттады. Олардың ішінде Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы, академик Рахметқажы Берсімбай, филолог-ғалым Серік Негимов «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталса, ғалымдар Нұржан Боқаев, Нұрсәуле Боранбаева ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін төсбелгісін кеуделеріне тақты. Жоғары оқу орны Ұлыбритания, Швейцария және тағы басқа да халықаралық ғылыми қауымдастықта жоғары бағаланады. QS рейтинг агенттігінің негізін қалаушы әрі директоры Нунцио Куакуареллидің бейне құттықтауы да ешкімді бей-жай қалдырмады. Жиналған қауымды шынайылығымен баурады.

Білім ордамыз шетелдік және ТМД елдері Жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік-достық қарым-қатынаста. Әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жеткен құттықтауларда есеп жоқ. Нийде университетінің ректоры Мухсина Кара (Түркия); Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничый (Ресей); Сиань халықаралық зерттеу унивесритетінің ректоры Ван Килонга (Қытай); Ұлы Витовта университтеінің ректоры Йозаса Аугутиса (Литва); Томск мемлекеттік университетінің ректоры Эдуард Галажинский (Ресей) өз лебіздерін бейнекөрініс арқылы білдірді. 

Еуразия ұлттық университетінің негізі қаланған тұс бұралаңы көп, елдің ертеңіне деген сенімі екіұдай күй кешіп тұрған шаққа тура келеді. ЕҰУ-ды басқарған ректорлардың айтуынша, алғашқы жылдары ғылым докторлары тұрсын ғылым кандидаттарының өзі тапшы болған. Екі институтты біріктіргеннен кейін Қазақ мемлекеттік университетінде ұзақ жыл қызмет істеген білікті ғалым Амангелді Құсайынов Алматыдан мамандар шақырып, жаңа оқу орнының көшін түзесе, мемлекет және қоғам қайраткері, түрколог-ғалым Жолдасбеков Мырзатай Жолдасбекұлы ректор болған кезде университетке профессор қауымы көптеп шоғырланды: Нұрғали Рымғали, Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Серғалиев. Осы кездері оқу процесімен бірге мәдени іс-шаралар да жандана түсті: елімізге белгілі ақындар, әншілер, бишілер қызметке шақырылды. Көрнекті ғалым ауқымды елдік шараларды өткізіп, білім ордасының танымалдығын арттырды.

Әбдіманапов Сәрсенғали Әбдіғалиұлы ЕҰУ-дың ректоры қызметін атқарып, университеттің беделін қазіргі талапқа сай идеяларымен әлемге танытса, білікті заңгер Бақытжан Әбдірайым жедел және батыл қадам жасап, оқу орнының халықаралық рейтингін көтерді. Ерлан Бәтташұлы сабақтастықты басшылыққа алып, университетті интеллектуалдық-инновациялық орталыққа айналдырып келеді. Қысқасы, университет құрылғалы бері басшылық еткен бес ректордың қай-қайсысы да оқу орнын дамытуға өлшеусіз үлес қосты.

Сонымен мерейтой салтанатының өнеге сәті де келіп жетті. Өнеге сәтті жария ету үшін сахна төріне Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов көтеріліп, университеттің қалыптасуына үлкен үлес қосқан ректорлар – Құсайынов Амангелді Құсайынұлы (1996-2000); Жолдасбеков Мырзатай Жолдасбекұлы (2000-2004); Әбдіманапов Сәрсенғали Әбдіғалиұлы (2004-2008); Әбдірайым Бақытжан Жарылқасынұлына (2008-2011) Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығы мерекелік медалімен марапаттады.

Еуразия университеті ректорлары атынан Амангелді Құсайынов құттықтау сөз сөйледі. ҚР ЖОО еліміздің білім-ғылым саласының дамуына үлес қосып, өңірлердің өсіп-өркендеуінің қозғаушы күшіне айналып отыр. ЕҰУ еліміздегі барлық ЖОО-мен тығыз достық және ғылыми-тәжірибелік қарым-қатынас құра білген университетте Қазақстан ЖОО ректорлары кеңесі қызмет атқарады. ЕҰУ-дың бүгінгі мерейтойымен еліміздің 70-тен астам ЖОО ректорлары құттықтады.

Салтанатты шара ЕҰУ-дың өнерпаз жастарының жыр шумақтарымен жалғасты. Ректор Ерлан Сыдықов Ғылымии кеңестің салтанатты отырысын қорытындылап, жиналған қауым әнші Ибрагим Ескендірдің орындауындағы «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқталды. Мерейіміз үстем, мерекеміз баянды болсын! Барша тілеулес-ниеттес жандарға рахметтен басқа айтарымыз жоқ.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий