Өз білгенін өзгеге үйретуді өнеге еткен
Менің ойымша ұлтжанды ақылшы жандардың бірі Сыр бойына танымал, ұстаздардың ұстазы, «Ағарту саласының генералы» атанған, 1941 – 2004 жылдары өмір сүрген ағамыз Әли Мүсілімұлы болатын. Анадан адам болып туу бір басқа, ал өмірде адам болып қалыптасу бір басқа. Адам бойында жаратылысымен бірге берілген мінезі, қарым – қабілеті, шыққан тегінен, өскен өнегелі ортасынан жұғысты болары сөзсіз. Адам баласы үшін дүниеге келуде, бұл пәни жарық дүниеден бақилық болу да, табиғат заңдылығы. Көзі тірі болып ортамызда жүрсе Әли Мүсілімұлы ағамыздың 80 жасқа келген мерейтойын өзімен бірге атап өтер едік. Дегенмен алланың берген бұл өмірді, әркім әртүрлі өткізеді емес пе?

Әр адамның табиғаты мен тағдыры әртүрлі болады. Адам өмірден өз жолын таңдап алады, сол жолмен өседі, өзгереді, жетіледі, азамат атанады, қайраткер дәрежесіне жетеді, тұлғаға айналады. Кісі келбеті кісілігінен, ірілігі ісінен, парасаты пайымынан танылады. Адам бойындағы ата қанымен, ана сүтімен келген қабілетті шыңдайды, ширатады, ел қажетіне асырады. Мен Әли Мүсілімұлы ағамызды осындай өзінің адамгершілік болмысымен, тұлғалық келбетімен өскелең ұрпаққа өнеге болатын ұлтжанды азамат деп танып білетінмін.
Менің Әли Мүсілімұлы ағамызбен таныстығым 1992 жылы Алматы қаласында сол кездегі Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің кәсіптік техникалық білімді дамыту мәселелеріне арналған жиналысынан басталды. Ол кезде мен Талдықорған облыстық білім басқарма бастығының орынбасары болып қызмет жасайтынмын. Сол кездегі ҚР Білім министрінің орынбасары, Әбдікәрімов Болат Әбдікәрімұлы (марқұмның жатқан жері жайлы, руақтары разы болсын) – Қадырбек, жақсылап танысып ал, өзінің білгенін өзгеге айтудан, үйретуден шаршамайтын, жиналыстарда сұрақтарды көп қоятын, Қызылорда облыстық білім басармасының басшысы Әли Мүсілімұлы деп бізді таныстырған болатын.
1996 жылы мен Талдықорған облысынан Білім министрлігіне аусып қызметке келген кезден бастап жұмыс бабымен араласа келе, жас арамыздың біраз алшақтығына қарамай тұрақты пікір алмасып, бір-бірімізге сенім артып, жақсы араласып кетумізге Әлекеңнің кішіге ағалық көзбен қарай біліуі мен ойлау аясының кеңдігі, мол тәжірибелілігі ықпал етті деп ойлаймын. Министрлікке қызмет бабымен келген немесе басқада жиналыстарда кездескен уақытта, ағалық мінез танытып, – Қадырбек Қозыбайұлы! Інім, отбасың аманба, денсаулығың жақсыма? Қызметің қалай? – деп сұраған кездерінде, кейде Мен, біраз жетістіктер бар Аға, дегенмен кәсіптік білімді дамыту қарқыны мен кәсіби білімге көз қарас барлық өңірде бірдей емес, сондықтан шешуін таппай жатқан мәселелерде баршылық қой десем.
Әлекең, – Кәсіптік білім саласы өте маңызды сала. Оны дамыту және қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін біріншіден денсаулық, табандылық және қайсар мінез керек. Сондықтан денсаулыққа, жанұяға, балаларға көңіл бөлуді ұмытпа – дейтін. Білім саласында қатар еңбек еткен кезеңде мен Әлекеңнің адамгершілігімен тәжірибесі мол, біліміді де білікті, іскерлік қабілеті жоғарғы деңгейдегі ұйымдастырушы екендігіне көзім жетті. Ол – білімді, басшы ретінде қолға алған ісі мен сөйлер сөзін, қабылдаған шешімін алдын ала ақыл таразысынан өткізе білетін, өз ісіне берілген, адал жан болатын.
Әр нәрсеге өзіндік көзқарасы бар, әр сөзін салмақтап сөйлейтін, айтқан ойына ғылыми дерек, философиялық негіз іздеп жүретін жан еді. Құдайбердіұлы Шәкәрім атамыз:
…Қай білімді білсеңіз де,
Қазір оны елге жай.
Құр ішіңде кеткенінше,
Пайдалансын өзгелер… – деген екен. Өз білгенін өзгеге үйретуді өнеге етіп қалдыруды ойлап, өз тұжырымын айта жүретін кең пейілді азамат, білім жүйесінің басшысы Әли Мүсілімұлы Республикада бірінші болып облыстық мұғалімдер газеті ²Сыр мектебін² шығаруды ұйымдастырды.
Республикалық ²Қазақстан мектебі² журналының ақылдастар алқасының мүшесі болды. Мұны сол кездегі замандас педагогтар қауымы жақсы біледі. 1999 жылы ²Мектеп оқушыларын нарықтық экономика жағдайында кәсіптік бағдарлау² тақырыбында диссертация қорғап педагогика ғылымдарының кандидаты, 2003 жылы ²Оқушыларды еңбекке даярлаудың ғылыми-педагогикалық негіздері² тақырыбында диссертация қорғап педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды.
Сегіз монография, 100-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. Осы шығармаларында білім беру саласындағы ұзақ жылғы тәжірибелерін қорытындылап, кейінгі жас ұстаздарға өзінің педагогикалық ой-тұжырымдарын мұра етіп қалдырды. Педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі, академигі болды. Қырық жылдай саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған Әли Мүсілімұлының табысты енбегі 1986 жылы Кеңестер одағының ²Еңбек Қызыл Ту² орденімен, ²ҚазССР ағарту саласының үздігі², ²Кеңестер одағының халық ағарту ісінің үздігі² медалдарымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің ²Ы.Алтынсарин² атындағы және ²ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері² төс белгілерімен марапатталған. ҚР Президентінің жарлығымен ²Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері² атағы (1998) берілген. Әли Мүсілімұлының білім беру саласындағы жүйеліде табысты еңбегі жергілікті басқару орындары ескеріп көше атына және Қызылорда қаласындағы №101 мектеп-лицейіне ұлағатты ғалым- ұстаз есімі берілген.
Әли Мүсілімұлының Сыр өңірінің халқы мен Сыр ұстаздарының жадында ардақты да азаматтық бейнесі мәнгілік болып қалатыны біздердің Әлекеңнің замандастарының сенімі мол. Қызылорда облысыныда «Еліне еңбегі сіңген Ел ардақтысы» атты Әли Мүсілімұлының 80 – жылдығына араналған танымдық конференция ұйымдастырылуда. Осы орайда артында іздеушісі сұраушысы болмаса «Қандай ұлы адам болмасын, уақыт өте келе атының көмескіленетіні белгілі. Бұл – табиғат заңы». Осындай белгілі ел азаматтарына арналған іс әрекеттерді ұйымдастырып өткізуге көбінесе қызыметте бірге болып, бірге жүрген замандастары мен ізбасарлары мен шәкіртері мұрындық болады.
Сондықтан осы конференцияны ұйымдаструшы ұжым Қызылорда облыстық білім басқармасына, басқарма басшысы Қасымова Ақзира Бақтыбайқызына, жалпы Сыр өңірінің басшы азаматтарына өзімнің және байтақ еліміздің облыс, қалаларында білім жүйесін басқару жүйесінде Әлекеңмен қатар қызметтес болған әріптестері атынан үлкен алғысымды білдремін.
Қадырбек Козыбайұлы БӨРІБЕКОВ,
ҚР Білім және ғылым министрлігінің
Қоғамдық кеңес мүшесі – комиссия
төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласы