Жаңа жобалардың жоғары жетістігі
Қазіргі таңда цифрлық дәуірдің дамуына байланысты ақпараттық технологиялар уақыт озған сайын қарқынды түрде дамып келе жатыр, сондықтан IT-мамандарға деген сұраныс өте жоғары. Сол себепті, Ғ.Дәукеев атындағы АЭжБУ білім алушылары қазіргі заманғы ғылымның ең озық бағыттарына студент кезінен өте белсенді араласуда.
Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары жалпы білім беру үрдісінің және барлық оқытылатын пәндер мен оқу сабақ түрлерінің мазмұндық қосындысының бір бөлігі болып табылады. СҒЖЗ арасындағы жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық байқауға біздің жоғары оқу орнының талантты білімгерлері белсене қатысу арқылы озат атанып жүр. Биыл да институттың бір топ жастары жүлделі орындарды иеленуде. «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті А. Нығымет PhD оқытушы А. Мұқашеваның ғылыми жетекшілігімен “Ақпараттық қауіпсіздікте тұлғаларды тану технологияларын пайдалану” тақырыбындағы ізденісті жобасымен үздік танылды.
Магистранттар арасында топжарған «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасы босынша МВТн-20-1 тобының магистранты В.Рудаков т.ғ.к., доцент Б.Тусупованың ғылыми жетекшілігімен «Разработка моделей и алгоритмов для обучающей системы методом компьютерного моделирования» тақырыбындағы зерттеуі жүлделі орынмен марапатталды. Сондай-ақ, студенттер арасынан озық шыққан «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасының ВТ-18-4 тобының студенттері А.Омар, Б. Жұмаш, С.Ковалёв, С.Молдабаев т.ғ.к.,доцент Г.Д. Мусапированың жетекшілігімен «Qaz ASR» тақырыбында екінші қатардан көрініп, «Информатика» мамандығы бойынша Г. Мусатаеваның жетекшілігімен И.Саламатов үшінші орынды қанжығасына байлады.
Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарының студенттері бақ сынаған “Capture The Flag” жарысында магистрант Е.Нурекен 4390 балл жинап, “Rubik CTF” ақпараттық қауіпсіздік бойынша турнирдің финалына жолдама алды. Жоғары оқу орнының басшылығы жеңімпаздарды жүлделі орындарымен құттықтап, ғылыми ізденістеріне шығармашылық табыс тіледі.
Әлия Амантайқызы ДОСЖАНОВА,
Ақпараттық технологиялар институтының
директоры, PhD доцент, Алматы қаласы