Тәуелсіздікке 30 жыл: 30 есім, 30 тарихи дерек: Теорияны тәжірибемен толықтырған
Ғасырлар алмасуында белгілі бір салалардың ілгері озуы – тарихқа тән құбылыс. Бүгінгі таңда тәуелсіз еліміз мемлекеттігін нығайтқан үшінші жаңғыру сатысында әлем таныған жұртқа айналды. Дамудың табиғи заңдылықтары негізінде қазақы қоғамда басқа бағыттармен қатар рухани құндылықтардың да ескерілмей қалуы мүмкін емес еді.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінде (12. 04. 2017 ж) жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласында жаңа дәуірде ұлттық санаға қатысты прагматизм, білімнің салтанат құруы, еліміздің эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сынды мемлекеттік маңызы бар мәселелердің қолға алынуы қажеттілігін көрсетіп берді.
Рухани жаңғыру – мемлекетіміздің отыз дамыған елдің қатарында сап түзеуінің жарқын кепілі. Рухани жаңғыру – «Мәңгілік ел» идеясының биік рухани-адамгершілікке, отаншылдыққа, бәсекеге қабілетті тұлға даярлауға, сапалы білімге, жалпыға ортақ еңбек қоғамына бастайтын жолдың жалғасы. Рухани жаңғыру – ел дамуының басым бағыттарын айқындайтын бұл бірегей бағдарламаларды жүзеге асыру аясында барша отандастарымызға әлеуметтік-мәдени тұрғыдағы қуатты серпін бергені анық. Рухани жаңғырудың қоғамдық мәні мен маңызын ғылыми тұрғыдан негіздейтін іргелі зерттеулердің қажеттілігін отандық педагогтар қауымы айқын сезінуде.
Заманауи қазақстандық мұғалімнің алдында болашақ ұрпаққа жүйелі біліммен қатар жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды ұштастыра алатын әлеуметтік ортаға бейімделу мүмкіндігі бар, мәдениетті, жауапкершілік сезімі дамыған, ақыл-ойы жетік бәсекеге қабілетті тұлғаны ұлтаралық келісім, әлеуметтік серіктестік, адам мен ұлт құқығының үйлесімділігі рухында тәрбиелеу міндеті тұр. Көпұлтты республикамыз үшін түрлі мәдени, толерантты, ұлтжанды азаматты қалыптастыру қоғамның қарқынды экономикалық дамуын қамтамасыз ететін әлеуметтік нығаю мен азаматтық бірліктің кепілі болып табылады.
Өскелең ұрпақтың бойына тағылымды тәрбиені сапалы біліммен қатар сіңіру әрбір елде әлемдік үдерістермен бірге мақсат пен міндеттерді ескеру арқылы кеңінен қарастырылатын салмақты сұраққа айналуда. Ұлттық тәрбие беру – әрбір азаматтың саналы қатынасын, мемлекеттік тілді, мемлекет құрушы ұлттың мәдениетін меңгеруді, берекелі бірлікті нығайту қажеттілігін көздейді. Сонымен бірге тәуелсіз мемлекетіміздің жетістіктеріне мақтанып, ұлттық рухты күшейтуге, азаматтық борыш, перзенттік парыз ұғымдарын толыққанды түйсінуге, болашақ мамандардың кәсіби жауапкершілігін арттыруға ықпал етері даусыз.
Бүгінгі таңда мұғалімнің интеллектуалдық әлеуеті білім беру мен тәрбиені шебер ұштастыруында. Рухани және адамгершілік тәрбие оқушының білімді азамат етудің ең тиімді құралы. Пән мұғалімнің кәсіби тәжірибесінің сапасы келешек ұрпаққа білімді, адамгершілік тәрбиемен қатар бірге бере білуінде. Әлемнің екінші ұстазы, әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген тобықтай тұжырымдауымен оқушының іргелі де жүйелі білімді адами ізігіліктер арқылы алуға ұмтылуын меңзейді.
Тәуелсіздігіміздің кепілі – бүгінгі жастардың білім деңгейі. Білімді оқушы бойына дарытатын басты тұлға мұғалім. Бұл орайда Алматы қаласының №159 мектеп-гимназиясының ұжымы өткен ғасырдың 90-жылдарында саналы тәрбие мен ғылыми және әдістемелік жұмысқа баса назар аударды. Соның бір айғағы отандық педагогикамыздың көрнекті өкілі, зерттеуші ғалым Шәркүл Таубаеваның осы мәселені айқындауға арналған «Жастардың рухани-адамгершілік жаңғыруы: тарихи бастаулары, теориясы мен тәжірибесі» тақырыбындағы сындарлы ізденісін оқып шыққанда, оның қазіргі мектептер, университеттер үшін аса қажетті дүние екенін бірден аңғардым.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған кезеңде жарияланған құнды зерттеуде ұтаздарға өте қажет мәселелердің шешімін ашып көрсеткені ерекше қуантты. Себебі бұл елеулі еңбекте рухани жаңғырудың теориялық негіздері бір жүйеге келтірілген. Шәркүл Таубайқызы бұл оқу құралында отандық ғалымдардың осы саладағы жетістіктеріне талдау жасап, рухани және адамгершілік тәрбиесінің жалпы мазмұнын жүйелеп, тәжірибедегі әлеуетін айқындаған.
Адамды қалыптастырудағы жалпыадамзаттық міндеттер аясында қажет етіп отырған бәсекеге қабілеттілік, шығармашылық, креативтілік, еңбексүйгіштік, ұтқырлық, шешім қабылдаумен бірге тыңғылықты орындаудағы жауапкершілік сияқты тағы да басқа құндылықтарды жастар бойында қалыптастыру тәрбиесі рухани және адамгершілік ұстанымдар негізінде жүзеге асуы тиіс екендігін дәйекті, дәлелді, ұғынықты тілмен жеткізіпті. Ол рухануи жаңғырудың ұсынымдарындағы сындарлы ойларды басшылыққа ала отырып, еліміздегі білім беру әлеуетіндегі рухани-адамгершілік ұстанымдарды, теориялық тұжырымдарды бір жүйеге, ортақ ізге, түйінді тоқтамға келтіріп, іргелі ғылыми зерттеу жасағанын тағы да айрықша ықыласпен атап айтқым келеді.
Сондай-ақ, қазіргі жаңа тұрпаттағы педагогтың ғылыми-зерттеушілік құзыреттері мен мәдениетін қалыптастыру тұжырымдамасына сәйкес мұғалімнің кәсіби өсу ортасын жасау, құру жолдарын көрсетіп берді. Педагогикалық мәдениет жалпы адамзат ізгілігінің ажырамас бөлігі әрі тұлғаның қалыптасу шарты ретінде біртұтастықта қызмет етеді. Мәдениет негізінде педагогикалық мәдениет даму арқылы кәсіби-педагогикалық мәдениетке негіз болады. Соңғысы өзінің «шыңында» – мұғалімнің зерттеушілік мәдениетінде бейнеленген және соған негізделген.
Кемел кейіпкеріміздің мектептегі ғылыми-әдістемелік жұмысты жақсарту туралы еңбектері республика көлемінде кеңінен қолданыс тапқаны белгілі. Танымал тұлғаны ұстаздар қауымы арасында беделі жоғары, ерекше сый мен құрметке ие көрнекті ғалым ретінде бұрыннан білемін. Өзім басқарған Ы. Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназия 1996 жылдан бастап жаңа буын бағдарламалары, оқулықтары, әдістемелік құралдары алғашқы байқаудан өтетін республикадағы 70 мектептің бірі болды.
Осыған байланысты сол кезеңдерде қазір де Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы аталатын республикалық педагогикалық ғылыми-зерттеу орталығы басшысының бірінші орынбасары қызметін абыроймен адал атқарған Шәркүл Таубайқызының қолдау көмегімен ғылыми-әдістемелік жұмыстар бойынша тыңғылықты ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік мазмұнды іс-шаралардың ұйымдастырылуы, мектеп ұжымының келешекте көптеген жемісті жетістіктермен даралануына берік негіз қалаған еді.
Осы жылдарда №159 мектеп-гимназия ғимаратының Білім академиясымен іргелес орналасуы ұстаздар үшін сол мекемемен шығармашылық ынтымақтастықта тығыз жұмыс жасауына үлкен мүмкіндіктер ұсынды. Біздің мектеп ұжымының ғылыми әрі әдістемелік тұрғыдан биіктеуіне ықпалы зор еді. Мұғалімдерге әдістемелік-шығармашылық ақыл-кеңестерімен бірге, олардың жаңашылдық ізденістеріне, оқушылардың ғылыми жобаларына жетекшілік етті.
Жалпы алғанда, мұғалімнің зерттеу мәдениетін қалыптастыру әдістемесі жеті кезеңінен көрініс табатыны 159 мектеп-гимназия мұғалімдері жан-жақты зерделеуге мүмкіндік алды. Осы кезеңдерді меңгерген мұғалімдер оқулықпен сабақ беру деңгейінен дәріс беретін пәнінің оқулығын жасау дәрежесіне көтерілді. Нәтижесінде мектеп педагогикалық ұжымының, әдістемелік бірлестіктердің шығармашылықпен еңбек ету әлеуеті артып, отыз алты мұғалім жаңа буын оқулықтары мен оқу құралдарының авторлық ұжымына алынып, автор болды.
Бұның өзі №159 мектептің гимназия дәрежесіне көтерілуіне және 2001 мен 2011 жылдары республикалық «Ең үздік мектеп» байқауында жеңімпаз атанып, Гран Приді иеленуіне басты себеп болды. Мектеп оқушылары қалалық, республикалық, халықаралық білім сайыстарында жүлделі орындардан көрініп отырды. Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының дидакт және әдіскер ғалымдарының жетекшілігімен мектеп-гимназияда жаңашыл мұғалімдердің тәжірибесі, зерттеушілік мәдениеті, әдістемелік және ғылыми-тәжірибелік әлеуеті қалыптасты.
Бұл нәтиже озат педагогикалық тәжірибені зерделеу және жинақтау, педагогика ғылымы жетістіктерін практикаға ендіру теорияларына, педагогика ғылымы мен практиканың өзара әрекеттестігі, инновациялық-дидактикалық әрекет теорияларына негізделді. Сонымен, мектеп-гимназияның педагогының зерттеушілік мәдениетін меңгерудің ең биік шыңы – оның табысты кәсіби-зерттеушілік әрекеттің және жоғары деңгейдегі зерттеушілік мәдениеттің иесі ретінде қалыптасуы іске асты.
Бұл ілгерілеулерінің Шәркүл Таубайқызының жаңашылдық тәжерибелерінің де жемісі деп айта аламын. Сондай кездесулерде, дөңгелек үстелдерде, әңгіме-сұхбаттарда, тақырыптық конференцияларда ол ғалым ретіндегі тереңдігін, жан-жақтылығын, ғұламалығының тиянақтылығын көзбен көріп, құлақпен есітіп, көңілмен ұйып, жүрекпен сезініп, сүйсіндік. Әсіресе, мұғалімдердің таусылмайтын реформаны басынан кешірген білім саласы бойынша біліктіліктері тоқырап қалмас үшін мектептерде олардың ғылыми-зерттеушілік әлеуетін арттыру бойынша ғылыми-әдістемелік жүйе қалыптастыруда көп көмек көрсеткен зерттеу еңбектері мен берген кеңестері қазіргі кезде де маңызын жойған жоқ.
Ш. Таубаева таңдаған зерттеу тақырыбына сәйкес мектептермен ғылыми және әдістемелік бағыттағы байланысын үздіксіз жалғастыруда. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде педагогика және психология факультетінің деканы, оқу-әдістемелік бірлестік жөніндегі проректор болған кезде ол студенттердің болашақ кәсібіне қызығушылығын арттыру мақсатында жаңашыл мұғалімдермен, мемлекет пен қоғам қайраткерлерімен кездесулерді жиі ұйымдастырды. Салалық министрлік қолға алған үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасын талқылауға ғалымдармен қатар мұғалімдерді белсенді түрде қатыстырып, ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Еліміздің белгілі ғалымы Шәркүл Таубаева педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің философия және саясаттану факультеті, педагогика және білім беру менеджмент кафедрасының профессоры ұзақ жылдар жоғары оқу орындарында білім беру жүйесіне енгізілген оқулық пен оқу құралдарын негізге алып, болашақ маман даярлау, олардың кәсіби-зерттеу әлеуетін жетілдіруге қосқан үлесін орта және жоғары мектеп мамандары кеңінен насихаттауда.
Автордың соңғы жылдарда жарыққа шығып, авторлық құқығына ие болған оқулықтары пен монографиялары жоғары оқу орындары және жоғары оқу орнынан кейінгі сатыларында болашақ маман даярлау жүйесінде магистранттар мен докторанттардың зерттеушілік құзыреттіліктері мен қабілеттерді меңгеруде «Педагогиканың философиясы және әдіснамасы»; «Педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі» атты оқулықтары нәтижелі қолданылып жүр.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті даярлаған түлектері Алматы қаласының №159 мектеп-гимназиясында және республика мектептерінде майталман мамандар. Қазіргі қолданыстағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ғалымдарымен бірге дайындаған «Педагогика» оқулығы мұғалімдердің біліктіліктерін арттыруына, олардың мамандандыру тест тапсырмаларын нәтижелі игеруіне үлкен көмегін тигізуде.
Педагогика саласында жарты ғасырдан астам еңбек өтілі бар профессор Шәркүл Таубайқызының еңбектерінің мектеп ұстаздарына пайдалы болуы, ғалымның олармен жақын араласуы, тығыз байланысты орнатуы ұстаздарға ғылыммен айналысуға, оқулық авторлары атануға мол мүмкіндік ұсынған ерекше қасиетін құрметтеймін. Жоғары оқу орындарындағы ғалымдар мен мектеп ұстаздарының бірлесіп, ғылым мен тәжірибені дамытуға қосқан сүбелі үлесі білім мен біліктілікті бағалай білетін барша үшін өміршең өнеге және үздік үлгі саналары хақ.
Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері, “Алтын жұлдыз”,
“Отан” ордендерінің иегері, Қазақстанға
еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстан
педагогикалық ғылымдар академиясының
академигі, Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің құрметті профессоры