Ұлттық тәрбие – ұлағаттылықтың негізі
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сараш Қоңырбаева көптің көкейіндегі маңызды мәселелерді тап басатын айтар ойы бар зертттеушілік ізденістерімен еліміздегі сала мамандарының арасында танылған тұлға. Сіздердің назарларыңызға түрлі тақырыпта пікірлескен екеуара сұхбатты ұсынамыз.
Сараш Сахиқызы, әңгімеміздің әлқиссасын орта білім алған алтын ұя мектебіңіздегі ұлағатты ұстаздар мен жоғары оқу орнында дәріс берген оқытушы-профессорлардың тағылымдарынан бастасақ. Педагогика саласындағы мамандықты таңдауыңызға себепші болған ұмытылмас есімдерді қайта жаңғыртудың реті келіп тұр. – Сырдың бойындағы «Аранды» деген алақандай ауылда өстім. Ауылдағы ең беделді адамдар мұғалімдер еді ғой. Ол кездегі ауыл балаларының білетін мамандығы мұғалімдік пен дәрігерлік сияқты. Менің алғашқы ұстазым Ырысалды Жүсіпова жас мұғалім болса да педагогикалық болжамы болар, маған үміт артатын. Мықты әнші болады деп күтті. Мен мұғалім болып кеттім.
Себебі, Қызылорда педагогика институтының (қазіргі Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университет) музыка-педагогика факультеті біз түскен жылы бұрынғыдай төрт жыл емес, педагогикаға басымдық беріп бес жыл оқытты. Негізі, педагогика ғылымы бастауын өнерден алған. Ғылым болып мойындалмай тұрып, оны өнер деп тұжырымдаған (К.Д. Ушинский). Себебі, мұғалімдік музыкалық қабілеттен кем түспейтін бейімділік пен дарындылықты, еңбекқорлықты талап етеді.
Институтта талантты ұстаздардан білім алдым. Р.Салманов, К.Сәдірова, Ж.Асанов, Ш.Майгелдиева, Р.Игенбаева және тағы да басқа аға буын өкілдері өз ісінің мықты мамандары еді. Алматы мемлекеттік университетінен (Абай атындағы ҚазҰПУ) қазақ филологиясы мамандығы бойынша Н.Келімбетов, С.Мақпыров, Т.Әбдікәрім, Т.Тебегенов сияқты мықты ғалымдардан тәлім алдым. Осындай ғалымдардың өнегесі мен үлгісіне еліктеген болармын деп ойлаймын.
Ұлттық тәрбие бағытына ерекше мән беріп, ғылыми тұрғыдағы ізденісіңізді ілгерілетуге не себеп болды? Сіздің қандай идеяңызға немесе қандай тәжірибеңізге әріптестеріңіз жиі сілтеме жасайды? – Мектепте тәрбие жұмыстары жөнінде орынбасар болып қызмет істеп жүргенде, мектебіміздің ғылыми кеңесшісі болған п.ғ.д., профессор Клара Қожахметовадай ғалымның ықпалы ерекше болғанын мақтанышпен айтамын. «Мектептің тәрбие тұжырымдамасы», «ұлттық тәрбие жүйесі» деген ұғымдарды ашу арқылы ғылымға тарта білді.
Осы ғалымның жетекшілігімен этномәдени құндылықтар негізінде жастарды отбасылық өмірге даярлау бойынша зерттеу жұмысын жазып, қорғадым. Әркімге өз жұмысы туған баласындай ұнайды ғой. Әсіресе, этнопедагогика бойынша зерттегендер қазақтың өз ұрпағын отбасылық өмірге даярлауда «ұлттық құндылық сапаларын» жүйелеп ұсынған ұғымдарымды туралы көбі жұмыстарында қарастырып жатады.
Клара Жантөреқызы Қазақ қыздар педагогикалық университетінде проректор болып жүргенде бірге қызмет атқарып, осы жоғары оқу орнының бренді саналатын «Қазақ аруы» аталатын жаңа пәнді білім беру бағдарламасына қосымша оқытылуы үшін арнайы енгіздік. Бұл бағалы бастаманың қазақ қыздарын қоғамға тек маман ретінде даярлап қоймай, өмірдегі әлеуметтік және этноәлеуметтік рөлдерді атқаруға дайындауға үлкен пайдасын тигізгені сарапшылар тарапынан мойындалды.
Сондықтан міне соңғы он бес жыл бойы бекітілген жоспарға сәйкес тұрақты түрде жүйелі жүргізілуде. ЮНЕСКО халықаралық ұйымының есептерінде қыз балаларға жасалған ерекше қамқорлық ретінде жаңашыл жобамызға баға берілген болатын. Ең бастысы ұлттық тәрбиені ұлағаттылықтың негізі ретінде жұртшылықтың жадында қайта жаңғыртуымыз қажет.
Мектеп жасындағы оқушылар мен студент жастарға арналған әдістемелік құралдар мен оқулық кітаптар жазу оңай іс емес. Бұл бағыттағы еңбегіңізді жемісті болуының себебіне тоқталсаңыз. – Жеке авторлығыммен жарық көрген монография, оқулық, оқу құралы, оқу-әдістемелік құрал, тәрбие бағдарламаларының саны – 23 екен. Көп жаздым деп мақтана алмаймын. Кез келген педагог-маман кәсіби қызметіне сай ізденеді, тапқан дүниесін өз идеясымен көркейтеді.
Педагогикалық шығармашылық, шеберлік дегеніміз осы. Сол өзі жасаған және жинақтаған дүниесін оқу-әдістемелік құрал, оқу құралы етіп ұсына алады. Бұл жеке тәжірибесі, құптарлық дүние. Ал, оқулықтың жүгі ауырлау. Бұл стандартқа сәйкес, пәні, бағыты, жас ерекшелігі, сыныбы ескеріліп, белгілі бір шартттар мен көрсеткіштер аясында жазылады. Қазір тіпті қиындап барады. Бұл менің мектеп оқулығына қатысты пікірім. Бұл жөнінде өте көп айтуға болады.
Қазіргі уақытта көп адам үлгі тұтатын, педагогика ғылымындағы көрнекті ғалым, профессор Шәркүл Таубаевамен тығыз байланыстамын. Танымал тұлғадан үйренеріміз көп. Қазақстанда ең алғаш магистратурадан «Педагогикалық өлшемдер» деген мамандық ашылған болатын. Педагогика ғылымының докторы, профессор Гүлнар Мұратбаева үшеуміз ортақ мақсатқа сәйкес бірлескен түрде осы мамандыққа екі оқулық жазған едік. Алдағы уақытта заман ағымынан туындаған өзгерістердің негізінде толықтырып қайта шығару ойымызда бар. Ғылымға қатысты еңбектің ұжымдық бірлікте орындалғаны дұрысырақ. Себебі, «келісіп пішкен тон келте болмайды» ғой.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы туралы тапсырма бергенде ұдайы ұлттық тәрбиеге мән берілуіне қажеттілігін еске салатындығын баршамыз білеміз. Сарапшылардың да ұсыныс-пікірі осы талаптармен тоғысуда. Өзіндік ерекшелігі бар жаңа жобаның авторы ретінде көзқарасыңызды таратып айтсаңыз? – Кезінде ұлттық мәселелерге негіз болар ұлттық идея жоқтығын айтушылардың бірі болғаным рас. «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» идеялары біздің ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға, дәріптеуге, түрлі әлеуметтік жобаларды айтпағанда, ғылымдар аясында зерттеп-зерделеп, дамытуға мүмкіндік береді.
Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде білім беру саласында білім мен тәрбиеге ұлттық мазмұн беруге батыл қадамдар жасалды. Мейлі, ол сәтті болсын, сәтсіз болсын, педагогикалық тәжірибе деп айтуымызға негіз бар. Мысалы, өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасынан бастап, этнопедагогикалық идеяға негізделген А.Қыраубаеваның «Сенім», А.Райымбергеновтың «Көкіл» мектептері, М.Құрсабаевтың «Атамекен», З.Ахметованың «Кәусар бұлақ», Ж.Өтеевтің «Алтын көмбе», Ә.Сәдуақасовтың «Дәстүр» тәрбие бағдарламалары педагогтарға мектептің тәрбие жүйесінде ұлттық тәрбиеге басымдылық беруге мүмкіндік бар екендігін көрсетті.
«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ, Қоғамдық қор – «Алдаспан» батырлар қорының бастамасымен «Өркендеу» тәрбие бағдарламасы әзірленіп, пилоттық жоба ретінде мектептерге ұсынылды. Пандемияға қарамастан үшінші оқу жылы мектептер қатары толығып, осы жоба бойынша жұмыстар жалғасуда. Жобаның ғылыми жетекшісі ретінде педагогикалық-әдістемелік тұрғыдан бағыт беріп келемін және ұйымдастырушылардың тарапынан еліміздің барлық білім ордаларында қолданысқа енгізудің мүмкіндіктері жасалуда.
Бұл тәрбие бағдарламасының негізгі идеясы – мектептің тәрбие жұмыстарына ата-аналардың ұлттық тәрбиедегі әлеуетін пайдалану. Отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау, оларды жас ұрпақтың бойында қалыптастыру мен дамытуға барынша үлес қосу және осы бағытта қолжетімді ресурстарды қайта қарауды көздейтін тәрбиелік жоба «Ата мектебі», «Әже мектебі», «Әке мектебі», «Ана мектебі», «Аға мектебі», «Жеңге мектебі» сияқты әлеуметтік институт саналатын халықтың тағылымдық мектептерінің жқмыстарын білім мекемесінің тәрбие жүйесімен бірге жоспарлайды.
Жасыратыны жоқ, жоғалу алдында тұрған аталмыш дәстүрлі тәрбие мектептерін қалпына келтіруге, жандандыруға дәл осы кезеңде атсалысып жүрген педагогтарымыз отаншылдық таныту арқылы ерекше қызығушылықпен, инновациялық-педагогикалық технологиялар деңгейінде жұмыс атқарып жүр. Мектептен басталған жұмысқа балабақшалар қосылып, жоғары оқу орындарының ғалымдары тарапынан қолдау табуда. Демек, бұл бағдарламаның қоғам сұранысына жауап беретін жоғары әлеуеті бары анық. Жалпы, ұлттық мазмұндағы тәрбие бағдарламаларынан қашуға болмайды, осы арқылы тиімділігін анықтауға бағалауға, саралауға, таңдап алуға болады.
Былтыр әлемге танылған ғұлама ойшыл әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы мен хакім ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы айрықша атап өтілді. Биыл қазақтың алғашқы ұстазы, ұлттық білімнің негізін қалаған Ыбырай Алтынсарин мен көрнекті алаш қайраткерлерінің мерейтойларына мемлекеттік деңгейде мән берілуде. Осы тарихи тұлғалардың бізге жеткен мол мұраларының барлығы дерлік ұлттық тәрбиеден бастау алатындығын қазіргі жастардың санасына сіңіру үшін алда қандай жұмыстар атқарылуы қажеттілігін көрудесіз?
– Негізі, тарихи тұлғаларымыздың өнегесі мен мұраларын насихаттауды науқандық мерекеге айналдырудан сақтануымыз керек. Әрине, дала ойшылдары мен тарихи тұлғалардың идеяларын зерделеген ғылыми жұмыстар баршылық. Ғылыми екшелген дүниелер құндырақ болар деп ойлаймын. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде әл-Фараби есімімен байланысты студенттердің түрлі мүмкіндіктерін ашатын байқаулар, конференциялар, жарыстар және тағы да басқа мазмұнды іс-шаралар дәстүрлі түрде ұйымдастырылуда.
Данышпандарымызды тұрақты насихаттау үрдіске айналғанда сабақтастық болады. Менің ұстазым, қазақ этнопедагогикасының негізін салушы ғалым Клара Қожахметованың 70 жылдығына орай, Философия және саясаттану факультетінің Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасында «Ұлттық тәрбие» орталығы ашылды. Әзірге онлайн режиміндеміз, алдағы уақытта орталықтың жұмысынан көпшілік хабардар болады деп уәде беремін.
Себебі, ұлттық тәрбиемізді құрметтейтін әрі арнайы мамандардан үйренгісі келетін жастар өте көп. Болон процесіне енген мемлекеттермен салыстырғанда еліміздің артықшылығы – білім беру жүйесінде тәрбиеге басымдылық беруі. Мен осы үшін қуанамын. Демек, бізге білімді адам ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің мәдениет талаптарына сай қалыптасқан тұлға болғаны қажет.
Ашық әңгіменің қорытынды кезеңінде қосып айтар көкейіңізде жүрген басқа да пайымды пікіріңіз болса, мархабат. – Жалпы, кез келген педагог өз мемлекетінің патриоты болуы тиіс және оның ойында іске асырар бірнеше жобасы жүруі керек деп ойлаймын. Ұлттық тәрбиеге іргетас болатын ауылдардағы дәстүрлі «Ақсақалдар мектебін» қалпына келтіру, жаңғырту туралы жаңа жоба ұсыну ойымда бар.
Зейнетке шыққан ер-азаматтар ақсақалдық деңгейде мәртебеге ие болуы керек, әйтпесе беделі түсіп барады. Білім алатын жастарымыз да, оларға өсиет айтып қана қоймай, өнеге көрсететін қазыналы ақсақалдарымыздың да жоғары деңгейде көрінгені дұрыс қой. Жалпы, көкіректе арман көп. Оның бәрін орындау мүмкін болмас, бірақ, орнымызды басар жастарға бағыт беріп, білгенімізді үйрету – парызымыз.
Ашық әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ