“Ақтөбе – Дарын “: Өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығына 15 жыл
2006 жылғы желтоқсан айының 1-і күні құрылған «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы Жарғысына сәйкес аймақтағы дарынды балаларды анықтау және қолдау, олармен жұмыс жасайтын педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру, тәжірибелерін тарату бағытында мақсатты түрде он бес жыл бойы жұмыс жасап келеді.
Орталықтың негізгі міндеттерінің қатарында: олимпиадалар мен ғылыми жарыстар өткізу арқылы Ақтөбе облысының интеллектуалдық әлеуетін көтеру; мектеп оқушылары мен колледж білім алушылары арасында облыстық спартакиада өткізу; облыс бойынша бұқаралық спортты дамыту және ұйымдастыру; жаңашыл-педагогтердің үздік педагогикалық тәжірибесін таратып, инновациялық іс-тәжірибелерін дамыту мақсатында бағдарламалар мен жобалар, конкурстар, фестивальдер өткізу, жеңімпаздардың республикалық кезеңге қатысуын ұйымдастыру, дайындау жауапкершілігі жүктелген.
Әрі шығармашылық байқаулар, фестивальдер арқылы оқушыларды шығармашылық республикалық шараларға сапалы дайындауды ұйымдастыру, сонымен қатар, көркем әдебиет сүйетін жас ақындардың қызығушылығын арттырып, олардың жинақтарының баспадан шығаруына жетекшілік етіп, қолдау көрсету; дарынды балалардың үздік жетістіктерін өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында насихаттау, БАҚ арқылы талантты оқушылардың жетістіктерін ынталандыру, таныстыру және ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен дарынды жастарды ынталандыру мен қолдауға бағытталған Жол картасы негізіндегі «Ел үміті» жобасы шараларын жүзеге асыруға қатысамыз.
Қазіргі таңда «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы бойынша алты бөлім қызмет етуде. Зияткерлік олимпиадалар мен интеллектуалдық жарыстар арқылы дарынды балалардың жұмысын жүргізіп отырған интеллектуалдық дамыту бөлімі. Облыстық, республикалық шығармашылық фестивальдарға, сайыстарға, поэзия-көркем сөз әдебиетті сүйетін оқушыларды қамтуды жетекшілік ететін шығармашылықты дамыту бөлімі. Облыс бойынша бұқаралық спорт және дене тәрбиесі бойынша сауықтыру жұмыстарын жүргізетін спорт және салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімі.
Дарынды балалармен жұмыс жасайтын шығармашыл мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына жағдай жасайтын инновациялық-педагогикалық қызмет көрсету бөлімі. Және орталықтың жеңіске қол жеткізген дарынды балалардың үздік жетістіктерін өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында насихаттап отыратын ақпараттық-басылым қызметі бөлімі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы «Ел Үміті» жобасының аясындағы шараларды жүзеге асыру бойынша қызмет ететін Зияткерлік-инновациялық және шығармашылықты дамыту бөлімі.
Ақтөбе облысының 654 оқушысы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, оның 409-ы мемлекетіміздің білім саласы бойынша өзге елдер оқушыларымен тең дәрежеде екендігін дәлелдеп, жеңімпаз атанды. Олардың ішінен 3 үздік оқушы «Жыл адамы» атағына ие болды. Олар «Жыл адамы-1998» – Бекболатов Ренат; «Жыл адамы-2015» – Бралин Амир; «Жыл адамы-2016» – Алтыбай Назарбек. Барлығы да Ақтөбе «Білім-инновация» лицей-интернатының шәкірттері. Осы он бес жыл аралығында республикалық интеллектуалдық шараларға (олимпиада, ғылыми жарыстарға) 15263 бала қатысып, 4518 оқушы жоғары дәрежеде білімдерін көрсету арқылы жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысының құрама командасы жалпы білім беретін республикалық олимпиададан жыл сайын «Ең үздік олимпиадалық команда» атанып, гуманитарлық және матаматикалық-жаратылыстану пәндері бойынша бәсекеге қабілетті екендігін бірнеше мәрте мойындатты. Мықты оқушылар Қазақстан Республикасының құрама командасына еніп, республикалық оқу-танымдық ауысымдарда дайындықтан өтіп жатыр. Республикалық шығармашылық конкурс-байқаулар мен әдеби оқуларға облысымыздың 559 жас әдебиетшіміз қатысып, 221 –і өз білімдерін көрсетті.
Республикалық спорттық жарыстарға қатысқан 1556 жас спортшымыздың 515-і өз шеберліктерін дәлелдеп, облысымызға жеңіс әкелді. «Мың бала» ұлттық олимпиадасы бойынша 138 бала республикалық кезеңге қатысып, 34 оқушы жеңімпаз атанды. Оның ішінде ауыл мектебінің 5 оқушысы өз қалауы бойынша таңдаған облыстық мамандандырылған білім беру ұйымдарында білімдерін жалғастырды. «Елбасы медалі» жобасы бойынша Ақтөбе облысының 14-18 жастар арасынан 382 (358-қола, 10-күміс, 14-алтын) қатысушы жұмыс жасады.
Соның ішінде қола медаль бағыты бойынша қатысуға ниет білдірген 358 қатысушының 150-і жүлдегер атанды. Олар облыс әкімі мен білім басқармасы басшысының қатысуымен өткен шараларда және аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен ұйымдастырылған кездесулерде марапатталды. Күміс, алтын деңгейлері бойынша қатысушылар әлі жоспарлы жұмыстарын жүйелі жүргізуде. Осы уақыт межесінде облыстық шаралар бойынша 84182 бала қамтылды. Интеллектуалдық шараларға 32801 оқушы қатысып, 12398 оқушы жеңімпаз атанды.
Шығармашылық шараларға 23556 жас ақын қатысып, 8579 оқушы жеңімпаз атанса, облыстық спорттық шараларға 27825 қатысып, 5698 жеңімпаз атанды. «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының жанында облыс командасын республикалық олимпиадаларға дайындау мақсатында 2010 жылы құрылған «Жалын» облыстық олимпиадалық резерв мектебінде дәріс беретін ғалымдар ақтөбелік жас ғалымдардың білімдерін шыңдаудан талған емес. Олимпиадалық резерв мектебі құрылған 10 жыл ішінде 572 оқушы білімдерін арттырып, оның 256-сы жеңімпаз атанды.
Жоғарыда атап кеткендей Ақтөбе облысының дарынды балаларын анықтау, оларды дамыту және қолдау саласында «Ақтөбе-Дарын» орталығы нәтижелі және мақсатты қызмет етуде. Оқушыларымыздың ғылымға деген қызығушылығын арттыру, өзекті ғылыми жобалар жазуға үйретуді жетекшілік ететін орталығымыздың жанында 2015 жылдан бастап қызмет етіп келе жатқан облыстық ғылыми-зерттеу зертханасының берері мол. Облыстық ғылыми-зерттеу зертханасы Ақтөбе облысының құрама командасын республикалық, халықаралық ғылыми жобалар жарыстарына, «Зерде» конкурсының қорытынды кезеңіне оқушыларды сапалы және мақсатты түрде дайындап келеді.
Соның арқасында ғылыми-зерттеу зертханасынан 86 оқушы дайындықтан өтсе, олардың 68-і ғылыми жұмыстарын үздік қорғап, жеңімпаз атанды. Әрине, әр дарынды баланың артында шығармашыл, дарынды ұстаздың еңбегі жатқаны белгілі. Ақтөбе өңірі дарынды балалармен қатар, дарынды, шығармашыл ұстаздар көпшілік. Олар оқушыларын бәсекелестікке бейімді етіп тәрбиелеумен қатар жыл сайын өздерінің кәсіби біліктілігін түрлі педагогикалық сайыстарда дәлелдеуде.Республикалық «Дарын» практикалық орталығы Ақтөбе облысының дарынды балаларының жаратылыстану-математикалық циклы бойынша жоғары көрсеткіштерге ие болуына байланысты математика, биология, физика пәндері мұғалімдеріне арналған республикалық семинарларға Ақтөбе мұғалімдерін тәжірибе таратуға шақырады.
Сонымен қатар, ақтөбелік ұстаздар «Математикалық регата» байқауынан жыл сайын бірінші орын әкелуде. Бұл және тағы басқа кәсіби сайыстардан орын алған озық тәжірибелі мұғалімдерді «Ақтөбе-Дарын» ӨҒТҚББО аудан мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсету семинарларына қатыстыруда. Сонымен қатар, ерекше қабілетті балалармен жұмыс жасайтын мұғалімдердің 2230-і облыстық шараларға, 379-ы республикалық кезеңге қатысып, 282-сі жүлдегер атанды.
Айталан Қуандыққызы ҚАБДЕН,
“Ақтөбе-Дарын ” өңірлік ғылыми
тәжірибелік қосымша білім беру
орталығы директорының
орынбасары, Ақтөбе қаласы