Қазақ тілі мен әдебиеті: Ақпараттық – коммуникациялық технологияларды қолданудың тиімділігі
Қазақстандық білім жүйесін дамыту стратегиясының басты мақсаты – ұлттық білім моделін жасау. Ұлттық білім үлгісінің негізгі бағыты — адамды қоғамның ең негізгі құндылығы ретінде тану, оның қоғамдағы орны мен рөліне, әлеуметтік жағдайына, психикалық даму ерекшелігіне мән беру, сол арқылы оның рухани жан-дүниесінің баюына, саяси көзқарасының, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай жасау, мүмкіндік беру.

Бұл қазіргі уақытта педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үдерісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты көрініс тауып отыр: білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болды. Технология, коммуникация мен ғылым салалардағы елеулі өзгерістер әлемдік экономикаға айтарлықтай ықпал ете отырып, әрбір азаматқа жаңа ғасырда табысты болу үшін қажетті білім мен дағдыларды алға тартады. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын, құзыреттілігін қалыптастыру жолдары, мәселелері тек қана білім мазмұнын жаңартуды жүзеге асырып қана қоймайды, сондай-ақ оқытудың тиімді технологиясы мен әдістерін қолдануды көздейді.
Яғни бүгінгі күні мұғалімдердің алдына қойылып отырған басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және педагогикалық технологияларды меңгеру.Қазіргі мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқыту үрдісін ұйымдастыру ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ендіруді міндеттейді. Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану құзыреттілігі оқушылардың сабақта, бос уақытында және күнделікті қарым-қатынасында технологияларды біліктілікпен және шығармашылықпен пайдаланудың бастапқы дағдылары арқылы қалыптасады.
Оқушылар білім беру бағдарламасындағы пәндерді оқу барысында мәліметтерді табу, құрастыру және басқару, ақпараттармен және идеялармен бөлісу, бірлесіп әрекет ету, түрлі жабдықтар мен қосымшаларды пайдалану арқылы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) қолдану дағдыларын дамытады. Мысалы әдебиетті оқыту барысында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану төмендегідей көрініс табады: көркем шығарма бөлімдерін және оның негізгі идеяларын толықтай түсіну үшін медиа материалдарды қолдану; оқушылардың белсенділігін арттыру үшін АКТ мүмкіндіктерін тиімді қолдану.
Медиа құралдарды қолдана отырып, ақпаратты және дәлелді түсіну, әртүрлі пікірлерді талдау және салыстыру; медиа құралдарды пайдалану арқылы ғаламдық мәселелерге қатысты тақырыптарды нақтылау және әртүрлі пікір тұрғысынан сыни талдау жасау; АКТ қолдана отырып, таныстырылым дайындау, салыстыру, бағалау, зерттеу және бірлесе отырып пікірлерін дәлелдеу. Қазақ тілін оқытуда қолданылатын педагогикалық әдіс-тәсілдерге: оқу-танымдық әрекетті ұйымдастыру және жүзеге асыру әдістері: тілдік әдістер (әңгіме, дәріс, семинар, диалогтік оқыту, топтық оқыту, бірлесе оқыту); көрнекілік әдістері (иллюстрациялар, көрсетілім, таныстырылым); тәжірибелік әдістер (жаттығулар, тәжірибе жасау, қолмен түрлі бұйымдар (постер, кластер, буклет) жасау.
Репродуктивтік әдістер; проблемалық-ізденушілік әдістер; өзіндік жұмыс әдістері (мұғалім басшылығымен және өз бетімен); оқу-танымдық әрекетті ынталандыру және уәжді арттыру әдістері. Оқу-танымдық әрекеттің тиімділігін бақылау және өзіндік бақылау жасату әдістері. Оқушылар жалпы білім беретін негізгі мектеп бағдарламасындағы барлық пәндерді оқу барысында ақпаратты табу, құрастыру және басқару, мәліметтер және идеялармен бөлісу, бірлесіп әрекет ету, түрлі жабдықтар мен қосымшаларды пайдалану арқылы өз жұмысын жетілдіре және бағалай отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану дағдыларын дамытады.
«Қазақ тілі» бағдарламасында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану төмендегідей көрініс табады: онлайн сабақтар арқылы инновациялық әдістер мен ақпараттық технологияларды қолданады; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы таныстырылымдар жасайды, салыстырады , жетілдіреді, зерттейді, бағалайды және бірлесе отырып, өз пікірлерін дәлелдейді; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы қажетті ақпаратты таңдай алады. Қазақ әдебиетін оқытуда қолданылатын педагогикалық әдіс-тәсілдерге тоқталсақ.
Олар: ауқымды мәнмәтін бойынша топтық зерттеу жұмысын жүргізу және белгілі бір мәселе бойынша автордың көзқарасын талдау; жанрларды түрлендіру (драманы хикаятқа немесе хикаят тарауларын драмалық шығармаға айналдыру) және оның әсерін бағалау; рөлдік ойындар арқылы автордан сұхбат алып, сұрақтар қою (мүмкін болса, авторлармен, фильмді түсірушілермен кездесулер ұйымдастыру); оқушылардың сөйлеу және сын тұрғысынан ойлау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған пікірталас, ми шабуылы, дебат, стратегияларды қолдану; оқушының бүгінгі қоғамға лайық жеке тұлғалық қасиеттерін, оның рухани жан дүниесін байытатын қазақ тілінің этно-мәдени лексикасын, даналық сөздерін меңгерту, ана тіліндегі қарым-қатынас жасаудағы сөз әдебіне баулу, жағдаяттық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда ізгілендіру технологиясын қолдану.
Оқу үдерісінде түрлі жағдаяттар, рөлдік ойындар, «дөңгелек үстел», «брифинг», баспасөз конференциялары, «Көңілділер, тапқырлар клубы» және монолог пен диалогке, әңгімелесуге жағдай жасау; оқу үдерісінде түрлі үнтаспаларды, бейне таспаларды, медиа материалдарды, бейнероликтерді, интернет материалдарын, электронды оқулықтарды, компьютер мен лингафондық аппараттарды, белсенді оқыту әдістері мен пәнаралық байланыс сабақтастығын кеңінен қолдану. Педагогика ғылымында баланы оқыту мен тәрбиелеудің міндеті жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болғандықтан, жаңа технология бойынша әдістемелік жүйенің басты бөлігі оқыту мақсаты болып қалады.
Сондықтан танымдылық іс-әрекеті белгілі бір дәрежеде белсендірілуі қажет. Бұл әдістемелік жүйенің басқа бөліктерінің де (мазмұн, әдіс, оқыту түрі мен құралдарының) өзара байланысы қалпында өзгертілуін талап етеді. Мұны орындау үшін төмендегідей ұстанымдар жүзеге асуы тиіс. Оқушылардың өзіндік іздену іс-әркетінің әдістерін меңгеру талап етіледі. Өйткені бұл әдістердің күнделікті пайдаланып жүрген оқыту әдістерінен айырмашылығы бар. Яғни жаңа жағдайдағы “оқыту әдістемесі” деп отырғанымыз: “оқушы – мұғалім” ұстанымының өзара тығыз байланыстылығы. Демек, мұнда бірінші орында оқушы тұрады және оның өз бетімен білім алудағы белсенділігіне баса назар аударылады.
Жаңаша оқытудың негізгі түрлері: оқытудың дербес және топтық түрлері болып табылады. Бұл жерде алға қойылатын басты мақсат – оқушыға деген сенім, оның өз ісіне жауап беру мүмкіндігіне сүйеніп беделі мен қадір-қасиет сезімін дамыту. Ал оқытудың фронтальды түрі көбінесе, бағыт беру, талқылау және түзету енгізуде ғана пайдаланылады. Жаңа технологияның мақсаты бойынша “оқытуды ізгілендіру” қажет. Бұл үшін оқу құралдары оқушылардың өздігінен танымдық іс-әрекетін жүргізе алатындай болуы керек. Бұрынғы дәстүрлі оқулықтар мұндай талапты қанағаттандыра алмайды, сондықтан оқушылардың өз бетімен білім алуына аса бейімделген жаңа типтегі оқулықтар керек-ақ.
Жаңа технологияның тағы бір психологиялық негізі болып табылатын теория – Л.С.Выготскийдің “оқыту үрдісінде оқушының ақыл-ойының дамуы “актуалды даму” аймағынан жақын арадағы даму” аймағына ауысуы туралы теориясы. Бұл ауысу тапсырмаларды қайталап орындауға ғана арналған бірінші деңгейден өнімді іс-әрекетті қажет ететін келесі деңгейлерге ауысу негізіндегі іс-әрекет арқылы жүзеге асады. В.П.Беспалько бұл деңгейлерді төртке бөледі: бірінші деңгей – “міндетті, оқушылық”, екінші – алгоритмдік, үшінші – эвристикалык, төртінші – шығармашылық.
Ендеше оқушылардың білім, білік, дағдыларын, құзыреттіліктерін жетілдіру үшін оқытудың жаңа технологиясы негізінде дифференциалдық және дербес деңгейлік ұстанымдарының талаптарына сәйкес өткізілетін әр түрлі сабаққа арналған жаңа тұрпаттағы оқулықтар мен оқу құралдары қажет. Әрбір педагогикалық технология жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға, оның өзіндік және шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға және өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай жасауға қажетті объективті әдістемелік мүмкіндіктерін қамтуы тиіс.
Технологиялар мен әдістердің тізімі ауқымды, олардың мүмкіндіктері әр түрлі, сондықтан алдымен негізгі стратегиялық бағыттарды анықтау қажет, әрине, өмірдің әр түрлі жағдайларына дайын рецепт жоқ. Белсенді технологиялар мен әдістердің әлеуеті өте жоғары, ал оларды оқыту барысында пайдалану оқытудың нәтижесі – құзыреттілікке ықпал етеді. Төмендегідей негізгі міндеттерді бөліп алуға болды: оқушылардың дамуына, өзіндік дамуына жағдай жасау; өнімді білім, білікті игеру; бүкіл өмір бойына өз білімін толықтыруға деген қажеттілікті дамыту. Оларды орындау үшін мұғалім нені басшылыққа алуы керек?
Ең алдымен, мұғалім қолданатын технологияға тәуелсіз төменде келтірілген ережелерді есіне сақтауы керек: ең бастысы, Сіз оқытып отырған пән емес, Сіз бағыттап отырған тұлға. Тұлғаны Сіз оқытатын пән қалыптастырмайды, пәнді оқытатын мұғалім қызметі арқылы қалыптасады. Белсенділікті қалыптастыру үшін уақытты да, күшіңізді де аямаңыз. Бүгінгі белсенді оқушы – ертеңгі қоғамның белсенді мүшесі. Оқушыны білім алуға, оқу-танымдық қызметтің өнімді әдістерін игеруге көмектесіңіз. «Неліктен?» деген сұрақты жиі пайдаланыңыз, бұл себепті ойлауға үйрету үшін қажет: себеп-салдар байланысын түсіну дамыта оқытудың міндетті шарты болып табылады.
Ауызша айтқан адам емес, практикада қолданған адам білетінін есіңізге сақтаңыз. Оқушыларды ойлауға және өздігінен әрекет етуге үйретіңіз. Шығармашылық ойлауды проблеманы жан-жақты талдаумен дамытыңыз, танымдық міндеттерді бірнеше тәсілдермен шешіңіз, жиі шығармашылық есептерді жоспарлаңыз. Оқушыларға оларды оқыту перспективасын жиі көрсетіңіз. Білім жүйесін игеруді қамтамасыз ету үшін сызбаларды, жоспарларды қолданыңыз. Оқыту үрдісінде әр оқушының жеке қабілеттерін есепке алыңыз, бірыңғай деңгейдегі білімі бар оқушыларды кіріктірілген топтарға біріктіріңіз.
Оқушылардың өмірлік тәжірибелерін, қызығушылықтарын, даму ерекшеліктерін есепке алыңыз. Өз пәніңізден ашылған жаңалықтар бойынша ақпаратты біліңіз. Оқушылардың зерттеу жұмысын ынталандырыңыз. Оларды эксперименттік жұмыстың техникасымен, есептерді шығару алгоритмімен, анықтамалық материалдармен, шығармалармен таныстыруға мүмкіндік табыңыз. Білім ол үшін өмірлік қажеттілігі екенін түсінуге үйретіңіз.
Оқушыларға әр адамның өмірлік жоспарларын жүзеге асыру үшін барлығына үйренетін болса, онда ол өмірден өз орнын табатынын түсіндіру қажет. Бұл пайдалы кеңестер-ережелер – бұл педагогикалық даналықтың, педагогикалық шығармашылықтың, көптеген ұрпақтардың жалпы педагогикалық тәжірибелерінің шағын бөлшегі ғана. Осыларды есте сақтау, оларды басшылыққа алу – бұл ең басты мақсатқа – тұлғаның дамуын қалыптастыруға жетуде мұғалім еңбегін жеңілдетудің басты шарты болып табылады.
Гульжанар Арыстанбековна БАКИЕВА,
№18 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі, Ақтөбе қаласы