Қыздар университеті: Ұлттың ұлағатты ұясы

«Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі  сөнбесін дейік», – Мұхтар Әуезов. Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезінде – 1944 жылы ашылған бұл бірегей білім ұясының елімізде педагог кадрлар даярлаудағы алатын орны өлшеусіз үлкен. Өйткені, оны осы мерзім ішінде кең-байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен, әсіресе ауылдық жерлерден білімге шөліркеп келген мыңдаған қазақ қыздары бітіріп шықты. Еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бүгінде еліміздің жоғары білікті кадрлар даярлайтын жетекші һәм негізгі орталығының біріне айналып отыр.

Қыздар университеті – көптеген түлектер үшін альма-матер болып табылады. 75 жыл уақыт аралығында оқу орнының қабырғасынан мыңдаған білікті педагогтар, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, тарихшылар, журналистер мен тіл мамандары және мәдениет майталмандары түлеп ұшты. Сонымен қатар көптеген түлектер мемлекеттік қызметте, бизнес пен өнеркәсіпте еселі еңбек етуде. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне келген сапарында «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп атап өтіп, оқу орны ұжымының алдына нақты міндеттер қойған болатын.

Осы орайда тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған, көзіқарақты зиялы қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп ат қойып, айдар таққан  Қыздар университеті бүгінгі қызметінде білікті де білімді педагогтарды даярлауда заманауи әдіс-тәсілдерді, қазақстандық патриотизмді және Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстайды. Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр.

Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу – ғасырға жуық үздіксіз кадр даярлап келе жатқан Қыздар университетінің басты бағдары. Жетпіс бес жылдан астам уақыт көлемінде мұнда ұлтымыздың мақтан тұтар даңқты ғалым ұлдары мен қыздары басшылық жасап, дәрістер оқыды. Сондай-ақ университеттің көптеген түлектері ұстаздық қызметпен және ғылыммен айналысып, абырой биігіне көтерілді.

Бүгінде университетте студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында көп жұмыстар жасалып жатқаны, университеттің еліміздің жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Педагогика және психология жоғары мектебі оқу орнында алғаш құрылған білім ошақтарының бірі де бірегейі. 2020-2021 оқу жылында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жоғары білімнің трансформациялану үдерісіне байланысты Педагогика және психология факультеті Педагогика және психология жоғары мектебі болып өзгертілді.

Педагогика және психология жоғары мектебінде «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру», «Жалпы педагогика», «Теориялық және практикалық психология», «Арнайы және әлеуметтік педагогика», «Дене шынықтыру және спорт» кафедралары жұмыс істейді. Жоғары мектепте білікті де білімді оқытушылар, оның ішінде педагогика ғылымдарының докторлары, ғылым кандидаттары, PhD докторлары мен ғылым магистрлері қызмет атқарады. Педагогика және психология жоғары мектебінің стратегиялық мақсаты – 2025 жылға қарай даярлаудың тиісті бағыттары бойынша жетекші үш ғылыми-педагогикалық мектептің қатарына кіру.

Жоғары мектептің негізгі құндылықтары қатарында жүйелі даму, көшбасшылық, әлеуметтік жауапкершілік, қоғамға қызмет ету, ашықтық сынды басым бағыттар бар. Педагогика және психология жоғары мектебі – Қыздар университетіндегі жетекші факультеттердің бірі. Біздің жоғары оқу орнының даму тарихына көз жүгіртер болсақ, осы білім қара шаңырағында Педагогика және психология жоғары мектебінің алар орны ерекше екенін көруге болады. Себебі халықаралық стандарттар деңгейіне сай білім беру және кәсіби түлектерді дайындаумен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып келе жатқан бірден-бір жоғары мектеп осы десек, мүлдем қателеспейміз.

Арғы тарихты қазбалайтын болсақ, 1970 жылы тарих-педагогика факультетінің жанынан мектепке дейінгі бөлім ашылып, оның құрамына енді. 1974 жылы «Тарих және педагогика» мамандықтары ашылды, 1984-1990 жылдары «Мектепке дейінгі тәрбие», «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру», 2001-2002 жылдары «Бастауыш және музыкалық білім». Жоғары мектепте жеті бакалавриат, 6 магистратура білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланады. Қос дипломды білім беру бағдарламасы «6B01201 – Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «6В01301 – Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «6В01101 – Педагогика және психология» мамандықтарында оқитын студенттер мен магистранттар АҚШ-тың Миссисипи алқабы мемлекеттік университетінде білімін жетілдіре алады.

Осы орайда айта кетейік, қос дипломды білім беру бағдарламасы дегеніміз – бұл біздің университтің шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен бағдарламасы. Оқуды сәтті аяқтаған студенттерге қазақстандық және халықаралық үлгідегі екі диплом беріледі.  Бакалавриат студенттері төрт жыл оқудың 3 жылын, магистранттар екі жыл оқудың 1 жылын Қыздар университетінде және 1 жылын серіктес жоғары оқу орындарында өткізеді. Бағдарлама ағылшын тілінде жүргізіледі. Жоғары мектеп шетелдің алты іргелі жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан.

Жыл сайын бакалавриат түлектерінің 90-94 пайызы жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұл – білікті профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің жүйелі жұмысының нәтижесі екендігін астын сызып атап өткеніміз жөн. Жан Жак Руссоның «Ұстаздық ету – өзіңнің уақытыңды аямау, өзгенін бақытын аялау» деген ұлағатты сөзі бар. Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді. Құрметтейді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыластары әрдайым ерекше.

Бұған нақты дәлел ретінде соңғы жылдары педагог мәртебесін арттыруға байланысты қолға алынып жатқан баянды бастамаларды атап өтсек болады. «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез», – деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет.

Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс. Сондықтан, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны» деп атап өткендей, білімді де білікті маман даярлап шығуда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ұжымының атқарар еңбегі орасан зор екендігі белгілі.

Ақгүл ЖҰБАНДЫҚОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық
университетінің
мектепке дейінгі және
бастауыш білім кафедрасының профессоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий