Заман талабы: Сапалы білім беру – басты мақсат
«Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында нақтылап айтқаны белгілі.

Талай даналар мен дараларды білім көкжиегіне шығарған, қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың есімін иемденген Оңтүстік Қазақстан университеті – өзінің қайталанбас, ерен естелікке толы 78 жылдық тарихында білім мен ғылымның қиын да, күрделі жолдарынан өтіп келеді. 1943 жылы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің бұйрығымен Шымкент қаласында құрылыс материалдарының технологиясы институты құрылды. Институттың ашылуы – ел басына күн туған сол ауыр кезде – ертеңгі жеңіске деген нық сенімнің көрінісі еді.
Институттың бірінші басшысы Диляур Константин Александрович болып тағайындалды. Аталмыш оқу орнының оқытушылар құрамы мен материалдық-техникалық базасы алғашқы басшының ұтқыр ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасында жинақталды. Еліміздің ең ірі және көп салалы оқу ордасы – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті осы жылдары әмбебап жоғары оқу орыны ретінде қалыптасып бекіді. Бүгінгі күні Білім және Ғылым министрлігі тарапынан реформалар ашықтық саясатын ұстана отырып, қоғамға жаңа мүмкіндіктер мен осы салада бірнеше қағидаттарды ұсынып отыр.

Соның ішінде академиялық басқару жүйесіндегі ҚР 2018 жылғы 4 шілдедегі № 171-VІ Заңына сәйкес жоғарғы оқу орындарының академиялық басқару және қаржылық еркіндіктің берілуі. Әрине бұл жоғары оқу орындарына өздерінің ғылыми және білім беру әуелетін іске асыруда үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті академиялық еркіндік шеңберінде 2019 жылдан бастап өзінің төл білім беру бағдарламаларын дайындауға кіріскен. Бүгінгі таңда біздің тарапымыздан бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша 279 білім беру бағдарламалары іске асырылуда.
Олардың арасында инновациялық және бірлескен білім беру бағдарламалары да бар. Бұл жаңа мамандықтардың атласының бекітілгендігін көрсетеді. Осы орайда, қазіргі таңда бірқатар инновациялық сипаттағы білім беру бағдарламалары дайындалуда. Бұл бағдарламалар біздің талапкерлерімізді қызықтыратындығына сенімдіміз. Қазақстанның жоғары оқу орындары академиялық дербестікті пайдалана отырып, өзіндік үлгіде диплом беретін болады. 2021 жылдан бастап алғаш рет 6480 түлек Auezov University дипломын алады. Бұл жағдай еліміздегі жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін тағы да бір растап отыр.

Auezov University болашақта түлек үшін оның жетістіктерінің цифрлық профилін дайындауды жоспарлап отыр. Яғни, студенттің университеттегі бүкіл өмірлік циклы бойында түлектің цифрлық ізі, жаңа білім мен құзырет алу үшін оған ерекше көңіл бөлуге көмектесетін жеке білім траекториясының деректер жиыны тұрақты жиналады. Цифрлық іздің арқасында біз білім бағдарламаларын бүгінгі тез өзгеретін орта жағдайларына жедел бейімдей аламыз, сондай-ақ жұмыс берушілердің сұраныстарына жауап бере аламыз деп ойлаймын. Ең бастысы, жоғары білім сапасының мәдениетін өзгертеміз.
Бұл мәселені қазір университет мамандары, ғалымдары белсенді зерттеп келеді. Университеттің ақпараттық жүйесіне цифрлық ізді енгізу үшін, біз ТМД елдеріндегі өзіміздің шетелдік серіктестерімізді де тартуымыз қажет. Университет жетекші әріптес-жоғары оқу орындарымен бірге 15 қосдипломдық бағдарламаны (Путра университеті – Малайзия, РУДН, Бауман атындағы МГТУ , МГИМО, Губкин атындағы мұнай және газ РГУ), 9 біріккен білім бағдаралмасын (Қытай мұнай университеті, РУДН, Мәскеу энергетикалық институты, Ельцин атындағы УрФУ) жүзеге асырып келді. Қазіргі уақытта М. Әуезов атындағы ОҚУ білім беру мен өндірісті интеграциялау үшін стейкхолдерлермен кәсіптік практиканы өткізуде – 848 келісім-шарт құрды (соңғы 3 жылда өсім -17,9% құрады).

Мысалы: Қазфосфат, Карлс Крона, Фудмастер, Павлодар мұнай-химия зауыты, Атырау мұнай өңдеу зауыты, Ақтөбе хром қосылыстары зауыты, ПетроКазахстанОйлПродактс, Хилл Корпорейшн, Рахат, Стандартцемент, СостөбеЦемент, Шымкентмай, Азия Трафо, Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері, Қазагрон, ЕуроКристалл және тағы да басқа. Осы жасалынған үдерістер ҚР Білім және ғылым министрлігінің академиялық дербестік заңнамасына сәйкес жүргізілуде. Университет соңғы жылдары халықаралық рейтингтерде белсенді ілгерілеп келеді.
2012 жылдан бастап QS жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингіне қатысып келе жатқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті қазіргі таңда әлемде 490-шы орынға ие болып отыр, бұл қазақстандық жоғары оқу орындарының арасында үшінші орын. Мұның өзі сапалы білімнің, университеттің жоғары мәртебесінің және әлемдік академиялық қоғамдастықтағы беделдің айқын дәлелі. «Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдері» халықаралық рейтингісінде университет Еуропа мен Орта Азия елдерінің 350 үздік университеттерінің арасында 104-ші орынға ие болды.

2020 жылы алғаш рет Greenmetric халықаралық рейтингіне қатысып, 458-ші орынға ие болды. Биылғы жылы – біз сондай – ақ Rank Pro-2021 университеттерінің әлемдік кәсіби рейтингінің ТОП-401-500 ЖОО қатарына алғаш рет кірдік. Сондай-ақ, «Химия ғылымдары» пәндік рейтингіне енген Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орнымыз. Осы мақсатта университеттің дамуын стратегиялық жоспарлау жүйесі әзірленді және профильдік салалар -химиялық инженерия, машина жасау және IT бойынша ғылыми-технологиялық форсайт жүргізілді.
Жалпы алғанда, біздің университет жеті жаһандық және екі ұлттық рейтингтерге қатысады: бұл ЖОО-ның бірегей ерекшеліктері негізінде басымдықтарды құру үшін қажетті теңгерімді табуға, сондай-ақ таңдалған стратегия бағытында жүйелі қозғалысқа мүмкіндік береді. Сондай-ақ рейтингтің арқасында университетте білім мен ғылымның жаңа сапасына ықпал ететін инфроқұрылымдық жаңғырту байқалады. Қазақстандық жоғары мектептердегі білім сапасын көтеру көптеген мәселелерді шешуден тұрса, сол мәселелердің бірегейі болып жоғары оқу орындары оқытушыларының еңбекақысы көлемін ұлғайту болып табылады.

Бұл мәселені ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүкіл педагог қауымдастығының проблемалары деп атап, педагогтардың қағазбастылығы, оқу жүктеме көлемінің үлкендігі және олардың еңбекақысының төмендігі мәселесін тұрақты түрде көтеріп, олардың шешу жолдарын анықтап, қазіргі кезде бұл мәселелер өз шешімін табу үстінде. Соңғы жылдарға дейін жоғары оқу орындары профессор-оқытушы құрамының жалақы көлемінің басқа салаларымен салыстырғанда төмен болып келгендігі жасырын емес. Ұзақ жылдар сақталынған бұл тенденцияның білім сапасына кері әсер еткендігі де рас.
Кейінгі кезде салалық ведомстваның табанды түрде талап етуі және білім саласын қаржыландыруға байланысты атқарған кешенді іс-шараларының арқасында бұл саладағы сең орнынан қозғалды. Білім және ғылым министрінің (02. 09. 2020 ж, №380) «Білім беру ұйымдары білім беру қызметінде пайдаланатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының (23. 10. 2007 ж, №502) бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұйрығын орындау мақсатында жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарындағы қатаң есептегі құжаттардың 11 нысаны алынып тасталды.

Бұл шаралар жоғары оқу орындарының оқытушыларын өзіне тән емес функциялардан босатуға және ЖОО-лардың академиялық дербестігін кеңейтуге бағытталған. Бүгінгі таңда ҚР Білім және ғылым министрінің тапсырмасына сәйкес біздің университетте бірқатар құжаттар мен үдерістер толығымен электрондық форматқа көшірілді. Сонымен қатар, оқытушылар мен бөлімдер тарапынан дайындалатын әртүрлі есептерді, жоспарларды, құжаттардың санын азайту, оларды автоматтандырылған цифрлық форматқа көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Университет ішіндегі қағаздар айналымын автоматтандыру мақсатында «Directum» бағдарламасы іске қосылған.
Университет ғалымдарының жұмыстары екі ғылыми-зерттеу институты, 16 ғылыми зертхана мен жеті ғылыми орталық арқылы ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың жаңа деңгейіне бағытталған. Біздің ғалымдар 2020 жылы қаржы көлемі 775 млн. теңгені құрайтын 48 жоба орындады. Қала аумағында жалпы сомасы 689 млн. теңгеден асатын 6 ғылыми жобаның нәтижелерін коммерцияландырды. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 29 қазақстандық патент, екі еуразиялық патент және 23 авторлық куәлік алынды, 22 монография жарық көрді.
«Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы біздің ғалымдардың 2 технологиясын озық ғылыми жобалар тізбесіне енгізді. Университет ғалымдары «Шымкент қаласын жасыл экомегаполиске айналдыру тұжырымдамасын» әзірледі және қазіргі таңда төрт жоба орындалуда. 2020 жылдың қорытындысы бойынша біздің жоғары оқу орны еліміздегі заңды тұлғалар арасында өнертабыстар мен пайдалы модельдерді патенттеуге электрондық өтінімдерді беру бойынша екінші орынды иеленді.
Түйіндей келгенде, адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің барлығы – білім арқылы жасалған. Заманауи білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Осы орайда сапалы білім беру М.Әуезов университеті назарынан ешқашан тыс қалған емес.
Дария Пернешқызы ҚОЖАМЖАРОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ басқарма төрағасы-ректор