Биылғы оқу жылының қорытындысы: “100 үздік мектептің” сегізі жамбылдық
2020-2021 оқу жылында облыс оқушылары халықаралық, республикалық деңгейдегі білім, спорт, өнер байқауларында жүлдегер атанды. TIMSS халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша 4, 8 сынып оқушылары республика бойынша жоғарғы көрсеткішпен бірінші орынды иеленді, – деп хабарлайды Жамбыл облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Биылғы жылы олимпиаданың республикалық кезеңіне облыстан 79 оқушы қатысып, 35 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Оның 8-і алтын, 12-і күміс және 15-і қола медаль иегері. Сондай-ақ, облыс оқушыларынан құралған команда «Ең үздік олимпиадалық команда» атанып, үздіктер қатарынан көрінді. Айта кету керек, облыс оқушылары бұл мәртебені 12 жыл қатарынан иеленіп келеді. Бұдан бөлек өңірдің 8 мектебі «100 үздік мектептің» қатарына енсе, дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты «Үздік олимпиадалық мектеп – 2021» атағын иеленді.
2020-2021 оқу жылында 7 мектеп және 6 мектепке қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Жамбыл ауданындағы ескі мектеп ғимараты қайта жаңартудан өтіп, қосымша білім беру мекемесі ретінде пайдалануға берілді. Биылғы жылы 19 мектеп құрылысы жүргізіліп, 4 мектепке қосымша ғимарат салынуда. 14 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Жыл соңына дейін 8 мектеп пен 3 мектепке қосымша ғимарат пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Облыс орталығында оқушыларды қосымша біліммен қамту көрсеткішін жоғарылату мақсатында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Оқушылар сарайының» құрылысы жүргізілуде. Аталған «Оқушылар сарайында» балалардың ғылыми-танымдық, шығармашылық қабілеттерін арттыру үшін «Планетарий», «Обсерватория», түрлі лабораториялар және негізгі білім беру бағдарламасына сәйкес қазіргі заманауи перспективалық технологияларды қолдана отырып, аэроквантум, ІТ-квантум, автоквантум, робоквантум, өндірістік дизайн және тағы да басқа бағыттарда жұмыстар жүргізілетін болады.
Жалпы 2020-2021 оқу жылын облыстағы 238 мыңнан астам оқушы аяқтауда. Олардың 11 мыңнан астамы — 11 сынып түлектері болса, 20 мыңға жуығы — 9 сынып оқушылары. Оның ішінде 518 түлек «Алтын белгіге» және 508 түлек үздік аттестатқа үміткер. Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен екінші жыл қатарынан өткізілген «ҚР колледждерінің ТОП 100 студенті» байқауына жамбылдық 14 студент жолдама алып, үшеуі жеңімпаз атанды.