“Worldskills Atyrau – 2021” чемпионаты басталды
Біздің аймақта “Worldskills Atyrau-2021” өңірлік чемпионатының ашылу рәсімі ұйымдастырылдыі, – деп хабарлайды Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

Санитария талаптары қатаң сақталған іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова, облыстық ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері, мәдениет, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары басшылары мен мамандары, «Жас Отан» жастар қанаты, «Жастар ресурстық орталығы», қоғамдық бірлестіктер, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері, жұмыс беруші әлеуметтік серіктестер және БАҚ өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары жиын қатысушыларына өңірлік чемпионаттың ашылуымен құттықтап, WorldSkills халықаралық қозғалысының маңыздылығына айрықша атап айтты. – Бүгінде жұмысшы мамандығына қызығушылық артып келеді. Оның дәлелі ретінде жыл сайын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың қатары молайғанын айта аламыз. Сол сияқты әлемдік маңызға ие WorldSkills қозғалысына қатысуға ниет білдірушілердің саны жыл санап артып келе жатқаны қуантады. Алғаш рет 2015 жылы төрт құзыреттілік бойынша 12 студент бақ сынаса, биылғы жылы 33 құзыреттілік бойынша жүз жетпіске жуық жас маман шеберлік бәсекесіне түспек.

Осы орайда еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда ерен еңбек етіп жүрген сала қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың жалпы еңбек қоғамын құру және жұмысшы мәртебесін арттыру, кәсіптік-техникалық білім беру саласына ерекше көңіл бөлу бағытында берілген тапсырмаларды абыроймен бірлесе атқаруға шақырамын, – деді Бақытгүл Қайыржанқызы.
Биыл чемпионат қатысушыларының жұмыстарын 170-ге тарта сарапшы бағалайды. Сарапшылар қатарында республиканың түкпір-түкпірінен шақырылған халықаралық дәрежедегі тәуелсіз эксперттер бар. Осы орайда айта кету керек, жергілікті өңірдегі колледждер 2015 жылдан бастап «Жұмысшы қолдар олимпиадасына» белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып, кәсіби даярлықтың жақсы деңгейін көрсетіп келеді.
