Кәсіби дайындық: Біліктілікті арттыру жүйесінің маңызы
Білім кеңістігінде болып жатқан өзгерістерге жедел бейімделетін, үнемі шеберлігі мен біліктілігін арттыруға талпынатын мұғалімдердің қатысуымен білім берудің жоғары сапасына қол жеткізуге болады. Сондықтан мұғалімдердің педагогикалық ойлауының сапалық өзгеруіне, олардың шығармашылық қабілеттерін қарқынды дамытуға және кәсіби шеберліктерін арттыруға ықпал ететін біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіру мен түрлендіру процестеріне басты назар аударылады.
Осы орайда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы әлемдік және отандық тәжірибенің жетістіктері негізінде педагогтердің біліктілігін жүйелі түрде арттыруды жүзеге асыруда. Педагогтердің қажеттіліктерін ескере отырып, біліктілікті арттыру курстарының жаңа мазмұндағы оқу бағдарламалары дайындалған. Олардың мазмұны құзырлылық тәсіл негізінде жасақталып, түрлі ұйымдастыру формалары мен оқытудың белсенді әдістеріне лайықталған.
Соңғы үш жылда білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың белгіленген стандарттарына сәйкес педагогикалық қызметкерлердің барлық категориясы бойынша 40118, оның ішінде жаңартылған бағдарламалар бойынша 30 мыңнан астам педагог курстардан өтті. Тұрақты түрде жүргізілетін мониторингтік зерттеулер аясындағы сауалнамалар нәтижесі курстардың тиімділігін дәлелдейді: жаңартылған оқу бағдарламалары бойынша курстардың сапасы 9,97 балды құрайды, курстың мазмұнына тыңдаушылар толық жүз пайыз қанағаттанған.
Мониторинг негізінде курс сапасын үздіксіз қадағалау мен қажетті түзетулер енгізу біліктілікті арттыру курстарының сапасын жақсартуға ықпал етеді. Мұғалімнің кәсіби дамуын ғылыми-әдістемелік қолдау – бұл біліктілікті арттыру жүйесінің ажырамас бөлігі. Институттың ғылыми тақырыбы «Курстан кейінгі кезеңде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша педагогтер қызметінің тиімділігін зерделеу». Аталған тақырып шеңберінде «Жаратылыстану-математикалық пәндер сабақтарында функционалдық сауаттылықты дамыту үшін құзыреттілікке бағытталған тапсырмаларды қолдану» фасилитациялық сессиялар өткізіледі.
Іс-шаралар оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың заманауи тенденциялары мен инновациялық тәсілдерін анықтауға бағытталған мұғалімдер арасындағы сындарлы диалог алаңына айналған. Ғылыми-әдістемелік қолдаудың аясында жүзеге асырылып отырған жобалардың ауқымдысы – көптілді және билингвалды білім беруді жүзеге асыру бойынша филиалда құрылған модель. Өңірімізде өзбек және тәжік тілінде оқитын оқушылардың саны 16% -ды құрағандықтан, осы мектептердің мұғалімдері арнайы курстар мен курсаралық іс-шараларға мұқтаж, ал бізде көптілді оқыту моделін енгізу, әлеуметтік интеграциялауды нығайтуда елеулі практикалық тәжірибе жинақталған.
Тағы бір маңызды жоба –STEM білім беруді дамыту. Осы бағытта өткен «Мектепте робототехниканы оқыту тәжірибесі мен практикасы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға шет елдерінен STEM технология және робототехника мамандары, Робототехника Федерациясының басшылары мен білім беру ұйымдарының педагогтері қатысып, өз тәжірбиелерімен бөліскен болатын. Жоба аясында 2018 жылдан «Үздік роботжоба» байқауы және «Ұстаз-өзгеріс жаршысы» тақырыбында SТЕМ -сабақтарды өткізу дәстүрге айналған.
Білім беру ұйымдарының психологиялық қызметін әдістемелік қамтамасыз ету бойынша біршама істер атқарылды. Педагог-психологтардың сапалық құрамын саралау мақсатында жүргізілген мониторинг негізінде олардың кәсіби қиындықтары анықталды және атаулы көмек көрсету механизмі қалыптастырылды. Аталған бастама «Білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің аспектілері: тәжірибесі мен жетістігі» тақырыбындағы республикалық конференцияға ұласып, нәтижесінде озық іс-тәжірибелер таратылды.
Кез-келген бастаманы білім берудің әлеуметтік ортасының ынтымақтастығынсыз іске асыру мүмкін емес. Сондықтан да, институт бірқатар əлеуметтік бастамалар аясында серіктестермен ықпалдастықта жұмыс атқарады. 2020 жылы білім берудің қашықтан оқыту форматына көшуі біліктілікті арттыру жүйесіндегі өзгерістерге алып келді. Пандемия қоғамдық өмірдің барлық дерлік салаларына әсер етті. Осы тұста біліктілік арттыру жүйесі қысқа мерзім ішінде қашықтықтан оқытуға толық көшуге дайын екендігін көрсетті және мұғалімдермен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін тапты.
Қашықтан оқыту жағдайында институт перспективалы мәселелерді шешу үшін жұмыс істеп, өзінің қызметін бағдарламалық-мақсаттық қағидат бойынша жүргізді және барлық жұмыс жоспарлары шеңберінде шаралар қабылдап, мемлекеттік тапсырысты толығымен жүзеге асырды. Білім беру ұйымдарына қашықтан оқытуды ұйымдастырудың бірыңғай әдісін енгізу үшін «Өрлеу» басқармасының бастамасымен құрылған Білім беру арнасына жалпы орта білім берудің пәндері бойынша жасақталған бейне сабақтардың 636-ы біздің филиал тренерлерінің үлесінде.
Қашықтан оқыту процесін ақпараттық-әдістемелік сүйемелдеу мақсатында Түркістан облысы мен Шымкент қаласының білім басқармаларымен бірлескен «Өрлеу» платформасында «Қашықтан оқыту: сабақты дайындаудан бастап білім беру процесін ұйымдастыруға дейін» тақырыбында ашық қолжетімді тегін онлайн курстар ұйымдастырылды. Қашықтан оқытудың ерекшеліктерін түсіндіру бойынша мұғалімдермен қатар ата-аналар мен оқушыларға арналған 50-ден астам вебинарлар өткізіліп, оларға 300 мыңнан астам қатысушы тартылды.
Әр педагог кең көлемде әдістемелік материалдарды қолжетімді түрде «Өрлеу-Шымкент» веб-сайтындағы «Қашықтан оқыту» бөлімінен ала алады. Сайт қорындағы мультимедианың бағдарламалық құралдарын қолдану туралы материалдар педагогтер арасында үлкен сұранысқа ие. Әдістемелік ұсынымдар әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларымыздағы рубрикаларда да берілген, онда мұғалімдерге онлайн сабақтарды дайындау, өзіндік жұмыстарды әзірлеу үшін интерактивті құралдармен танысуға мүмкіндік беретін түрлі білім беру және цифрлық платформаларға сілтемелер жасалған. «Өрлеу» жоғары кәсібиліктің, талпынушылықтың, үлкен жасампаз күш-қуаттың арқасында батыл жоспарлар мен идеяларды іске асырады, алдағы уақытта да талай бел-белестерді бағындыратына сенімдімін.
Лаура Тұрлыбекқызы ИСКАКОВА,
“Өрлеу “БАҰО” АҚФ Түркістан облысы
және Шымкент қаласы бойынша
ПҚБАИ, п.ғ.д., профессор