Ұстаз – ұлы есім: Мұғалім мәртебесінің мерейі
Ұстаздың абыройы биік болуы – бүкіл елдің абыройының асқақ болуының кепілі. Өркениетті елдердің барлығында ұстазға деген құрмет өте биік дәрежеде, өйткені ұстаз бүкіл бір ұлтты тәрбиелеп отырған басты тұлға. Сол себепті де ұстазды ұлағаттау әрбір саналы халықтың қоғам алдындағы мақсат-міндеті болғаны абзал. «Педагог мәртебесін көтеру – жаңашыл мұғалімді қалыптастырудың бастауы» екені бүгінде баршамызға әсіресе, ұстаздарымызға мәлім.
Еліміздегі сондай игі істің бірі де, бірегейі ретінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Педагог мәртебесі туралы» Заңды айтуға болады дегім келеді. Педагог – елдің болашақ басқарушы қоғам қайраткерлері мен ғарышкердің, мемлекетіміздің кез – келген азаматының баянды болашағына өмірлік жолдама беретін тұлға. Сондықтан бұл қабылданған заң – керемет заң болды десек артық айтқандық емес. Бұл құнды құқықтық құжаттың саяси, әлеуметтік мәні үлкен.
Бұның жақсы болып шығуы, халыққа қызмет етуі қоғамның өсуіне септігін әбден тигізерді де баршамызға аян. Бүгін де барша ұстаздарымыз біз бұл заңды қолдаймыз, барлық күш-жігерімізді салып жұмыс істейміз деп қуануда. Ұстаздың мәртебесі қай кезде биік тұғырда болады. Жүсіпбек ақын Аймауытов «Сабақ беру үйреншікті жай ғана емес, ол жаңаны жаңадан табатын өнер», — деп тұжырым жасайды. Яғни, әрбір ұстаз өз жұмысына тыңғылықты дайындықпен, құштарлық сезіммен кіріссе, еңбегіне қарай жемісін көре алады.
Себебі, даналар сөзін ойыма тірек қылып айтар болсам «Не ексең,соны орасың», – деп келтіреді. Бәйгеге қосқан тұлпары озып шығып дараланса, және де оны дүйім жұрт бағалап, қадірлеген жағдайда ғана ұстаздың мерейі үстем болар анық, Дамыған елге қарап бой түзеген еліміз ұрпақ бойына білім нәрін себуші мына біздерді ұстаздар қауымын, жаңа заман талабына сай білімін жетілдіруді қолға ала бастады. Әрбір педагогтың білімі мен білігін көтеруді мақсат тұтқан еліміз ұстаздардың білімін жетілдірсе, біз өскелең ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтуіміз керек.
Ұстаздың өз ісіне деген қызығушылығын арттыру үшін, барынша барлық ресурстармен қамтамасыз ету. Мүмкіндігін пайдалануға шек қоймау, керісінше бағыт-бағдар жасау. Әлемдік өзгерістер бүгінгі білім беру жүйесіне де түрлі жаңашылдықтары енгізуде. Заман талабы «білу аз, сол білгеніңді іске қолдана білу» дейді. Бұл әрбір ұстазды ойландырып, жаңаша жұмыс істеуге, жаңа ізденістерге жетелейді. Жаңа технологияның қыр-сырын меңгерген мұғалімдер білім сапасын арттыруға барынша үлес қосып, ұрпақты жаңа заманға сай біліммен қаруландыратынына сенім мол.
«Әрбір ұстаз – білікті маман, әрбір оқушы – ойшыл тұлға» деген қағидаларды ұстана отырып, білім беру үрдісінде кез келген ұстаз білім сапасын жақсарту мақсатында оқытудың озық технологияларын жетік пайдалануы – жаңа үдеріске жетелейді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні ұлт ұстазы, қазақтың тұңыш ағартушы ғалымы Ыбырай Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат,өйткені мұғалім – мектептің жүрегі.» – демекші, «Ұстаз» сөзінің қадірі түспесе екен деймін. Мұғалімнің мәртебесін көтергеннен ешкім кем болмайды, керісінше терезесі тең болар. Біз ұстазын ұлықтаған, тер еңбегін ұмытпаған елміз.
Гульмира Джансултановна КОЩАНОВА,
№160 жалпы білім беретін мектептің орыс
тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, Алматы
қаласының Алатау ауданы