ҚР Тәуелсіздігіне – 30: Баянды болашақтың бастауы
Биылғы жыл – қазақ халқы үшін айырықша ардақты, мемлекетіміз үшін ең мерейлі мерекелі жыл. Яғни тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Ғасырға бергісіз отыз жыл күллі қазақтың арман – тілегін аспандатқан, бабаларымыз бен әкелеріміздің аңсаған арманы орындалғанына, тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 30 жыл.

Осы уақыт аралығында жұртымыз етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылғы желтоқсан айының 16-ы күні дербестік алған еліміз халықаралық қауымдастыққа танылды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.
Тәуелсіздіктің табалдырығын аттаған тағдырлы шақта халық болып қана қуанған жоқпыз. Қазақ елінің өз алдына республика болуын қалаған әрі ең бірінші болып мойындаған Түркия. Бұл тәуелсіздікті бір ел ғана емес, бүкіл ел болып қолдайды деген сөз. Ал іргесі қаланған жаңа республиканың әрі қарай өмір сүруі үшін ерен еңбек керек. Ол оның ішкі және сыртқы әлемі, экономикасы, ақшасы деген секілді көптеген құндылықтарға келіп тіреледі. Аталған құндылықтарды отыз жыл ішінде үлкен мақсатқа айналдырған еліміз солтүстік өлкеден саяси орталығы ретінде жаңа астанасын бекітті.
Арысы қазақ хандығынан бастап, берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, отанды қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. Тәуелсіздік ащы термен келген тәтті жеңіс.
Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн. Тәуелсіздік туы көтерілгенде дүниеге келген, қазақ перзенті, бүгін 30 жаста. Тәуелсіздік – сенің абыройың, намысың, иығындағы қалқаның, маңдайындағы жұлдызың, төбеңдегі айдарың, қабағыңа біткен айбарың. Тәуелсіздігіміздің ғұмыры ұзақ болсын! Тәуелсіздігімізге тұғыр болатын саналы да, тәрбиелі, білімді азамат болу – жас өреннің басты парызы. Бүгінгі жасөспірім, ертеңгі армандап өсіп келе жатқан талапты ұрпақтың еншісі – сол тәуелсіз болашақ.
Тыныштык Рустемович АЙДАРХАНОВ,
№66 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі
мен әдебиеті пәні мұғалімі, Алматы қаласы, Жетісу ауданы