Қолдау қарқыны күшейді

Жетекші мектептердің жұмысын жүйелейтін ережеде «Жетекші мектептердің басымдық беретін қызметі – серіктес мектептерге қолдау көрсету» делінген. Білім беру қағидатына сай, жетекші мектептің тиімді жұмысы ынтымақтастық қызметі аясында серіктес мектептермен іргелі істерді бірлесе атқаруына, кедергілерді бірге еңсеруге байланысты болады. «Кімде-кім ескіге қарайлай отырып, жаңалықты ашуға қабілетті болса, ол мұғалім болуға лайықты», – деген Конфуций сөзін ескере отырып, серіктес мектептерді қоғамдастық шеңберінде жаңа бағытта қолдауды ұйғардық.

Бірлескен жұмыстың нәтижесінде мектептер арасындағы көптеген мәселе өз шешімін табады, ақпараттық қоржын толыға түседі. Қазіргі пандемия жағдайын ескере отырып, бекітілген алты серіктес мектеппен кәсіби байланысты нығайту, қолдау бағытындағы қызметімізді іске асыру үшін мектебімізде «Олимп» қоғамдастығы шеңберінде арнайы сайт дайындалды. Бірлескен жұмысымыздың табыстылық кілті сайт жұмысын жандандыра алуымызда деп білеміз. Сайттағы «Әдістемелік қоржын» сілтемесіне әр пән бойынша мұғалімдер қолдана алатын тақырыптық материалдар мен қосымша ресурстар, қызықты тапсырмалар орналастырылады.

Ал «Тәжірибе» бөлімі бірлескен тәжірибе алмасу алаңына айналды. «Блог» бөлімі арқылы жоспарлы жұмыстарға қатысты жүйелі кері байланыс қамтамасыз етілді. Сайт жұмысына өз мектебіміз бен серіктес мектептердің талантты ұстаздары тартылды. Ортақ жұмыс нәтижесінде жетекші мектеп атына сенім қалыптасып, тиімді қарым-қатынас іскерлігі орнады. Ынтымақтастық ахуал орнаған кезде әрбір педагог өз дамуын шынайы бағалап, оқыту проблемалары туралы ой бөлісуге және өзара көмек көрсетуге ынталы болады.

Ынта мен ниет бар жерде бірлескен қызықты шараларды ұйымдастыру, жұмыс перспективалары туралы мұғалімдерді ақпараттандыру, тәжірибе тарату мүмкіндігі жоғары. Үздіксіз дамуға бағытталған қолдау жұмысын қоғамдастық шеңберінде жүзеге асыра отырып, жаңа жұмыс моделін қалыптастыруға тырыстық. Нәтижесінде Педагогикалық шеберлік орталығының филиалы ұйымдастырған «Үздік жетекші мектеп – 2020» байқауында ұсынылған талаптар бойынша табысты жұмыс үлгісін көрсетіп, жүлделі орын иелендік.

Бұл өз кезегінде өңірдегі жетекші мектептерге тәжірибелік модельді қолдану мүмкіндігін берді. Элвин Тоффлердің «ХХІ ғасырда сауатсыз адам деп – оқып, жаза алмайтындарды емес, оқығысы келмейтін, оқуды аяқтамайтын әрі қайта оқымайтын адамдарды айтатын боламыз» деген пікірі бар. Осыған орай, жетістікке ұмтылатын заманда кәсіби тұрғыда үздіксіз оқу мен дамуды көздесек, адами құндылығымызды төмендетпей, өз әріптестерімізді ынтымақтастық орта құру арқылы қоғамдастық шеңберінде бірлесе қолдауымыз қажет.

Айгүл Сапарғалиқызы ІЗБАСАРОВА,
С. Меңдешев атындағы жалпы орта білім
беретін мектеп директорының 
орынбасары,
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий