Бас қаланың бас білім ордасы!

Бір шешім адам тағдырын кейде 180 градусқа өзгертіп жібереді. Иә, менің тағдырымды өзгерткен екі ұлы шешімім бар, бірі ата жұртқа оралуға бел байлағаным болса, енді бірі, Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түсуім болса керек. Күні бүгінге дейін өмірімде 22 жыл білім алыппын. Соның алғашқы тоғыз жылы туған ауылымдағы қарапайым мектепте өтсе, соңғы тоғыз жылы еліміздің бас қаласындағы бас білім ордасы Еуразия ұлттық университетінде өтіпті. Мен бүгінгі күні қандай биікке шықсам, қандай бір жақсы нәтижеге жетсем осы екі орданың жемісі дер едім. Әлқиса, сәл шегініс жасайын.

Бөтен елде туып, бөтен елде ержеттік. Оң-солымызды таныған соң, білім қуып, атажұртқа атбасын тіредік. 2007 жылы Түркістан қаласынан дайындық курсын тәмамдаған соң, ел қатарлы ҰБТ тапсырып, жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Қасымдағы өзім құралпы балалар «Алматыға түсеміз, үйге барып-келіп тұруға жақсы» деген пікірде болды. Ал менің ой-арманым басқада еді. Ол кезде Еуразия ұлттық университетінің атағы аспандап тұрған кез. Құрылғанына 10 шақты жыл ғана болса да, Тұңғыш Президент – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен еліміздегі ғана емес, шетелдегі ең мықты деген ұстаздарды шақырып, ғылыми-техникалық базасын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіп, студенттерінің жан-жақты білім алуына барлық жағдайды жасаған оқу ордасы болып үлгерген-тұғын.

Оның үстіне, күн сайын құлпырып, сәт сайын сән-салтанаты асқақтап келе жатқан Астананың қақ төрінде орналасқан осы оқу орнына аңсарым ауды да тұрды. Жасыратыны жоқ, жақындарым мен дос-жарандарым «Ол жақта ешқандай танысың жоқ, туысың жоқ, өзің жалғыз қиналып қаласың!» деп шыр-пыр болды. Алайда жарқын да жайдары болашақ мені сол Елордада, сол Еуразия ұллтық университетінде күтіп тұрғандай елестей берді. Қош, сонымен тәуекелге бел байлап, «Астана, ЕҰУ қайдасың?» деп алып-ұшып жетіп келдім де, өзім таңдаған химия факультетіне құлаш ұра сүңгіп кеттім. Жатақханаға орналасып, нағыз студенттік өмірдің қызығы мен шыжығына қоян-қолтық араластым.

Қазір қарап отырсам, саналы ғұмырымның едәуір бөлігі Еуразия ұллтық университеті мен тығыз байланыста өтіп жатыр екен. Астанаға алғаш келгенде шынымен де ешбір танысым да, тамырым да жоқ болатын. Оқуға түсе салысымен жаңа достар таптым, ұлағатты ұстаздардан тәлім алдым. Жанашыр ағай-апайлардың қамқорлығын көрдім. Өмірлік жарымды да осы қасиетті білім ордасында тауып, үшінші курста отау тіктім. Еуразия ұлттық университеті тек білім нәрін сеуіп қана қоймай, студенттерінің тұлға болып қалыптасуына да басты назар аударады. Университет қабырғасында жүріп түрлі дебаттарға қатысып, өз ойымызды сауатты түрде жеткізуді үйрендік. Филфактың студенттері құрған әдеби клубтарға мүше болып, поэзия әлеміне қанат қағып, алғашқы жыр жинағым да сол студент кезімде жарық көрді.

Төртінші курс студенті кезімде өз мамандығым бойынша Астана қаласы №66 мектеп-лицейіне химия пәні мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Ұстаздық ғұмыр солай студенттік шақтан басталды. Екі жылдан соң ЕҰУ-ға білім іздеп қайта келдім. Магистратураға түстім. Мектепте оқушыларға білім бере жүріп, өз білімімді де толықтыруға мүмкіндік алдым. Бүгінде елордамыздағы заманауи гимназиялардың бірін басқарып отырсам да, Еуразия ұлттық университетіне әлі де болса шәкірт ретінде, докторант ретінде барып жүрмін. Мұның барлығы білім алған қарашаңырағымның менің өмір жолыма берген дұрыс бағыт-бағдарының, ондағы ұстаздарымның білім нәрімен сусындатқан ерен еңбегінің жемісі деп білемін.

Биыл 25 жылдық, ширек ғасырын тойлап отырған Еуразия Ұлттық университеті осы уақыт аралығында қаншама білімді жастарды түлетіп ұшырды. Олардың алдыңғы толқыны бүгінде жоғары лауазымды тұлғаларға айналып, мемлекеттік деңгейде ел игілігі үшін қызмет атқарып жүр. Кез келген білім ордасының ең басты мақсаты да осы болса керек. Сондықтан мен Еуразия ұлттық университетінде білім алып, үлкен өмірге араласқанымды мақтан тұтамын. Сүйікті оқу ордасының Оксворд, Кембридж сияқты тарихы тереңге кеткен, ғасырдан ғасырға жалғасып, бүтіндей бір халықтың қаншама толқын ұрпағын білім нәрімен сусындататын қарашаңыраққа айналарына еш күмәнім жоқ!

«Егер қала халқының мәдениеті мен қаланың даму деңгейі биік болатын болса, ол сол жерге орналасқан оқу орнының жетістігі деп бағалану керек» – дейді, әлеуметтанушылар. Иә, дұрыс айтады. Нұр-Сұлтан қаласы секілді жас қаланың қалыптасуындағы Еуразия ұлттық университетінінің еңбегі ұшан теңіз. Бас қаладағы Ұлттық университеттің әлемдік кеңістіктегі орны да бүгін айқын. Бас қаланың бас ордасы ол – ЕҰУ. Еуразия – ол болашақ. Еуразия – ол тарихтың ірге тасын қалаушы. Кеше бүгін ұлылар еңбек еткен қасиетті қара шаңырақ болса, ертеңгі ұлылардың өсіп шығар алтын бесігі боп тарихтағы орны барған сайын асқақтай бермек. Мерей тойың құтты болсын, қасиетті шаңырақ! Мен сенімен, сен бізбен ұяламай мақтана алатын биіктен көріну бізбен сізге басты мақсат! Өсе бер, өркендей бер!

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ,
жаратылыстану факультетінің түлегі,
№90 гимназия директоры, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий