Еуразия ұлттық университеті — менің де мақтанышым

Жас талапкердің тұлға болып қалыптасуына әсер етіп, жан-жақты дамуына жол ашатын мекен ол – жоғары деңгейлі оқу орны. Кеше ғана ауылдан алып шаһарға арман қуып келіп, қаншама жыл армандаған оқу ордамызға түсіп едік. Бүгін міне, сол ыстық ұяның түлегіне айналдық. Кеудені кернеген көңілдегі қимастық сезім бізді үлкен өмірге, баянды болашаққа, соқпағы көп сапарға аттанғалы жатқанымызды еске салды. Студенттік шағымыздың бал дәурені, қайғысыз, қамсыз сәттеріміз қол бұлғап қала берді.

Төрт жылдың ішінде төрткүл дүниені жеті айналсақ та таппайтын талай қызықты сәттер сыйлаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – адамгершіліктің мың жылдық дәні егілген, жастық шақтың бір куәсіне айналған, білімге сусындаған бақытты кезеңіміздің самал лебі есіп тұрған алтын ордам. ЕҰУ студенттерге тек сапалы білім беріп қана қоймай, олардың толыққанды тұлға болып қалыптасуына барлық жағдай жасайды. Университетіміздің студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарында қызмет еткен әр студент қоғамның дамуына ерекше үлес қосуға қабілетті жас болатыны сөзсіз.

Осы орайда, республикалық, әлемдік деңгейде атағы аспандаған алып орданы бүгінгі таңда басқарып отырған, студенттері мен ұжымының шынайы қолдаушысына айналған ректорымыз Сыдықов Ерлан Бәтташұлына шексіз алғысымды білдіремін. Еліміздің ертеңі жолында ерінбей еңбек етіп өз үлесін қосатын азамат пен азаматшалардың санасына отансүйгіштік сезімді дарытып, білім нәрімен сусындатып жатқан ұстаздарымыздың алдында да басымды иемін. Қай ортада жүрсем де ЕҰУ-дың студенті деген ат ерекше әсер етіп, бойымды мақтаныш сезімі билеп, мойынымда үлкен жауапкершіліктің тұрғанын еске салады.

Еңселі университетіміздің ең беделді факультеттерінің бірі, мен түлеп ұшқан –экономика факультеті. Тарыдай талабымызды бағалап, таудай мүмкіндіктер сыйлай білген факультет басшысы Мақыш Серік Биханұлы ағама, адамдығы және білімділігімен бізге үлгі бола білген менеджмент кафедрасының жетекшісі Толысбаев Бауыржан аға Советұлына, ғұмырының соңына дейін жүрегі университет деп соққан білікті ұстаз Мырзагелді Кемел ағама, шаттығымызға шаң жұқтырмай, білімі мен тәрбиесін қатар берген барлық алтындай ұстаздарыма айтар алғысым шексіз!

Оқу ордамыздың, факультетіміздің бізге сіңірген жақсылығы, сыйы өте көп. Ең басты үйреткені біреуден не аламын деп емес, қазақ еліме, жұртыма, оқу ордама не беремін деп өмір сүру қажет екенін санамызға құю арқылы, терең түсіндіре алды. Алтын орда университетіміз биыл 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы орайда, университет басшылығы мен ұжымына, білікті де білімді ұстаздарыма толағай табыс, баянды бақыт, шығармашылық жетістіктер тілеймін! Сіздер артқан сенім мен ақ үміттеріңізді ақтап, еліміздің ертеңі жолында барымызды салып еңбек етеміз! Тәуелсіз еліміз мәңгілік жасай берсін! 

Күн жылжып жатса дағы көшіп керуен,
Таудай сынға кеудесін тосып келген.
Еуразиям сен не деген еңселі едің,
Талайдың болашағын шешіп берген.
Саған түсіп оқуды армандайды,
Беделіңді әр қазақ есіткеннен.
Шаңырағың шаттықпен көмкеріліп,
Өзіңде білім алдық өсіп кеудем.

Кембриджден де біздерге қадірлісің,
Талай өрен өзіңнен несіп терген.
Елімнің ең беделді ордасысың 
Елбасы кеп тұсауын кесіп берген!
Еуразиям — абыройы асқан ордам,
Тарихқа аты алтыннан таспаланған.
Тарыдай болып кіріп, таудай шыққан,

Талай мықты өзіңнен бастау алған.
Білімі мен тәлімін қатар берген,
Дәріс алдық қаншама қасқалардан.
Түлекке айналсақ та бұл күндері,
Жүректе сағыныш пен асқақ арман.

Күміс тойың тойланып жатқанымен,
Алтын орда атандың бас қаламнан.
Бәтташұлы басқарар бұл ордамның,
Бәсі биік болсыншы басқалардан!

Орал АБДРАУФ,
экономика факультетінің түлегі

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий