ЕҰУ мерей тойына тамаша тарту: Отыз аңызды оқыңыз
Осы жылдың ақпан айында «Үздік куратор – 2021» атты байқауға қатысу барысында «Әлеуметтік ғылымдар» факультетінің кураторлары арасында «Тәуелсіздік – тұғырым» атты ашық кураторлық сабағымызды өттік. Сол сабақ өту барысында «Еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл және Еуразия ұлттық университетіміздің құрылғанына 25 жыл толуына орай, біз тобымызбен не тарту ете аламыз?» деген ой келді. Дереу сол ойымызды жүзеге асыруға асықтық.
Нәтижесінде «Қазақстанның елді мекендері мен киелі орындарына байланысты 30 аңыз» атты жалпы оқырман қауымға арналған оқу-әдістемелік құралын шығардық. Мұнда тарих тұңғиығынан сыр шертетін, қызықты отыз аңыз берілген. Бұл еңбектегі тарих пен жұмбаққа толы тарихи жәдігерлер мен аңыздарды рухани жаңғырту арқылы өсіп келе жатқан жастардың өз елді мекенінің қыр-сырын білуге құштарлығын оятуға әбден болады. Оқу-әдістемелік құралымыз еліміздің тәуелсіздігін алуына 30 жылдығына және университетіміздің құрылғанына 25 жыл толуына орай 30 аңыз топ кураторы (Ботабаева Ә.Е.) және тобымның 4 курс студенттері («Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы) атынан тарту болмақ.
Осы тұста айта кету керек, біздің ұлан-ғайыр жерімізді зерттеуші ғалым-ағартушылар және географтар көп болған. Солардың ішінде бірі де бірегейі Қазақстанның тарихи аңыздарға толы елді мекенін зерттеген XX ғасырдың көрнекті еуразияшыл ғалымы, тарихшы-этнолог, тарих және география ғылымдарының докторы, ақын, парсы тілінен аудармашы Лев Николаевич Гумилев еді. Ол Қазақстанның ежелгі тарихын жетік білген, ұлы дала халықтарының тарихын зерттеген маман. Біздің Еуразия ұлттық университетіне осы тұлғаның есімін беру қуантарлық жағдай.
Оқу-әдістемелік құралымызда жазылған 30 аңыздың ішінен ерекше аңызға тоқталып өтейік, Қазығұрт тауы өзінің аңызға толы кереметімен тек қазақтың ғана емес, шығыс халықтарының, тіпті адамзаттың алтын бесігі деуге тұрарлық. Жер бетін топан су қаптағанда Нұх пайғамбардың кемесін әр елдер өзінің қасиетті тауларына, ал қазақтар Қазығұрт тауында қайырлатады. Қазығұрт туралы аңызда өмірге деген ынтықтық, адамзаттың шыққан түбі бір деп ынтымақ пен бірлікке шақыру басым. Қазығұрт асуынан табылған динозавр сүйегінің өзге де жаратылыстарды зерттеген дүние жүзі ғалымдарының пікіріне сүйенсек, Қазығұрт, Қаратау, Қаржан, Өгем таулары аралығында тіршілік ерте пайда болғанын мақтанышпен айтуға болады.
Асанқайғы бабамыз жырлағандай «Қазығұрт Алланың мейірімі түсіп, шапағатын шашқан тау екен. Нұх пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойыңнан табылғандай тау екенсің… Жемісі көп, жері көп, жер төресі мұнда екен, жігіті көп, ері көп, ел төресі мұнда екен», – деп сүйсінгендей тау. Наурыз біздің нағыз төл мерекеміз. Онда Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұртқа келіп тоқтаған мезгіл дәл күн мен түннің теңескен күні, осы күні үлкен той жасалған, сол ұлы мерекеге адам мен аң құс түгел қатысқан, Нұқ ғ.с. шашу шашқан. Адам да, аң да өз-өзінің өнерін көрсеткен. Сөйтіп, бұл жаңа жылдың басы ретінде мирас болған. Аңыздан қашанда ақиқат туындайды. Ғылыми деректерге сүйенсек осыдан біраз жыл бұрын орыс ғалымдары «Топан су іздері» деген зерттеу жүргізген.
Сөйтіп Орта Азия өңірінен де, Қазығұрт маңынан да топан су өткені жайлы деректер тапқан. Сол ұлы оқиғаның болып өткеніне қазірге дейін 12670 жыл толғанын есептеп шығарған. Ең бұлтартпас дәлел Тәжікстанның 3 мың метрлік биік тауының басынан акуланың тасқа айналған сүйегі табылған. Бұдан шығатын қорытынды – Нұх пайғамбар бастаған топан судан аман қалғандардың Қазығұрт тауындағы тойы – Наурыз тойының басы делінеді. Наурыз мерекесі тойланғалы 127 ғасыр өтті деуге ғылыми негіз бар. Наурыз сөзі алғаш Нұх ғ.с. аузынан шыққаны күмәнсіз. Бұл парсылардың төл сөзі болғынымен бізге де етене сөз.
Қорыта келе, тарих пен жұмбаққа толы тарихи киелі жерлер, жәдігерлер мен оқиғаларды рухани жаңғырту арқылы өсіп келе жатқан жастардың өз елді мекенін білуге құштарлығын оятуға әбден болады. Бұл еңбек Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен сабақтасып отыр, оның мазмұнын еліміздің жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағалауға болады.
Бұл мақала – ел дамуының жарқын мақсаты мен нақты жоспарын көрсететін маңызды құжат. Мақалада сананы рухани жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, ұлттық құндылықтарды әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу жөнінде нақты мәселелерді көтереді.
Әдемі Еркебайқызы БОТАБАЕВА,
педагогика ғылымдарының
кандидаты, доцент