Ақмола облысында колледждің үздік педагогы анықталды
ТжКББ ұйымдарының педагог қызметкерлері арасында «Үздік педагог – 2021» сырттай облыстық байқауының қорытындысы шығарылды. Басты ұйымдастырушылар Ақмола облысының білім басқармасы және аймақтағы оқу-әдістемелік кабинеті, – деп хабарлайды жергілікті салалық құрылымның баспасөз қызметі.

«Үздік педагог-2021» атағы үшін облыстың 27 оқу орнынан жалпы білім беретін және арнайы пәндердің оқытушылары төрт тур бойынша (бейне-ролик, эссе, портфолио, бейнесабақ) сайысқа түсіп, үміткерлер тарапынан қызықты да, мазмұнды материалдар ұсынылды. Бақ пен бап сыналған білім бәсекесінің нәтижесінде Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің педагогы Заманбекқызы Алия Гран-При иегері атанып, арнайы Диплом және 875 100 теңге сыйақымен марапатталды. Қалған қатысушыларға білім басқармасы басшысының Грамоталары табысталды.
«Зерттеуші педагог» аталымы Көкшетау қаласындағы құрылыс – технологиялық колледжінің өндірістік оқыту шебері Балдырган Майлыбаевна Кусаиноваға; «Шығармашыл педагог» аталымы Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің міндетті фортепиано оқытушысы Бузина Людмила Константиновнаға; «Жаңашыл педагог» -аталымы Щучинск қаласындағы жоғары педагогикалық колледжінің педагогика және арнайы пәндер оқытушысы Гарбуз Елена Сергеевнаға; «Көшбасшы педагог» аталымы Красный Яр ауылындағы агротехникалық колледждің арнайы пәндер тәлімгері Орал Темиркеевич Сактагановқа берілді.

«Эрудит педагог» аталымын облыс орталығындағы жоғары техникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Тарасевич Ия Владимировна еншілеген еді. Аталымның барлық иегерлеріне «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облыстық ұйымы» ҚБ атынан грамоталар мен 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы ұсынылды. Колледждің педагогикалық қызметкерлері арасында кәсіби шеберлік байқауы 2012 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келеді. Барлық кезеңде облыстық байқауға 150-ден астам педагог қатысыпты.
Загрузка...Облыстық Гран-при иегерлерінің барлығы республикалық деңгейде «Үздік педагог» атағын сәтті қорғап, тоғыз педагог «Үздік педагог» мәртебесін алды. Қорытындылай келе, өзінің педагогикалық стилін, білім берудің мазмұны мен формаларын іздеу, облыстық және республикалық конкурстарға қатысу педагогтің тұрақты кәсіби дамуын қамтамасыз ететіні сөзсіз. Байқаудың барлық қатысушыларын құттықтап, мықты денсаулық және педагогикалық салада жаңа жетістіктер тілейміз! Жеңімпазға аймақтын намысын қорғау барысында республикалық кезеңде топжаруы үшін сәттілік серік болсын!