Мұғалімдікті таңдағандар қоғамдағы ең басты тұлға

Ел жұртына адал еңбектерімен танылып, сыйлы болған аға буын ұлағатты ұстаздар Жабай Мұсабаев және өмірлік жары Мүгілсім Манзуловамен қашықтан әңгімелесуге тура келді. Жабай Жанәбілұлымен сұхбат балалық шағын еске алумен басталды. Ол Павлодар облысындағы Баянауыл ауданына қарасты Жаңатілек ауылдық округіне қарасты Мұрынтал бөлімшесінің Қаратай-Қасым талатын табиғаты ерекше әсем, тарихы мол, малға жайлы қоныста дүнеге келген.

– «Далба» тауының ығы, сыңғырлап аққан бұлақ, тауында қарағай, қайың, терек, тал ағаштарған толы болатын, еді дейді ол. – Өзектері толған жеміс-жидек, ағаштарының арасы сылдыраған бұлақ, іші толған қарақат, долана, тасжидек. Балдәурен күндерім осы миуалы мекеннің тынымсыз тірлігімен біте қайнасты. 1961 жылы мектеп табалдырығын аттап, он жылдық білім алдым. Бала кезінен еңбекке араласқан ағамыз шабандоз ретінде жылқы баптаған құштарлығын қалаға келсе де әлі күнге жалғастыруымен келеді. Әуелеткен әні мен күмбірлеген күйі таңдай қақтырарлық қалпында.  

– Бұл орайда ән-күй пәнінің мұғалімі Беков Нұркен ағаның еңбегі ерекше. Бала кезіміз балалық қызықтарға толы болатын. Далада көп ойнап үйге кіргің келмейтін. Көктем шығысымен асық атып, доп қуу, городки ойнау, ләңгі тебу, тағы басқа ойындар балалардың негізгі ермегі болатын. Әрине, бірінші орында үй тапсырмасы мен шаруасы тұратын. Мектепішілік қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, ұйымдастыру істеріне үнемі қатысатынмын. Жастайымыздан ата-анамыз бен ұстаздарымыздың санамызға сіңіретіні үлкенді сыйлау, оларға қолыңнан келсе қамқорлық жасау, алдын кесіп өтпеу, өзімшіл болмау, қоғамшыл болу, ортаның ісіне жанашырлық таныту тағылымдары үнемі жадымызда жүретін.

«Ұят» деген сөздің мәні әр қадамымызды түзейтін. Біздің бала кезіміздегі ауылдың үлкендерінің әрбір іс-қимылдары, сөйлеген сөздері туған перзентіне ғана емес, өзгенің ұлы мен қызына шын жанашырлықтары таң қалдыратын. Ауылдың бір шетінде ойын соғып жүрсең «не істеп жүрсің?» деген сұрағынан-ақ сенің қайда жүргеніңді ата-анаң білетін сияқты көрінетін, – дейді еңбек ардагері.

– Туған жерім Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Сәтбаев ауылдық округіне қарасты «Шоқтал» қыстағы. 1954 жыл 27 қыркүйек. Мен, әке-шешемнің тұңғышымын. 1957 жылы Жаңатілек ауылдық округіне қарасты 1 май бөлімшесіне көшіп келген соң балалық шағым, осы табиғаты әсем, тауы жанында, жеміс-жидегі мол өсетін, бұлақтары көп шағын ауылда өтті. 1960 жылы алты жасымда бірінші сыныпқа бардым. Алғашқы мұғалімім Аяшимов Әйткеш аға мен әйелі Бану апай еді. 5-6 сыныпты малшылардың балаларына арналған мектеп-интернатта жалғастырып, 1967 жылы Жаңатілек орта мектебін бітіріп шықтым, – дейді ағамыздың әңгімесін жалғаған жан жары Мүгілсім Жәмшидқызы.

Екеуіде қарапайым шаруалар отбасында дүниеге келіп еңбекпен есейген жайсаң жандар. Әкелері шаруашылықта жұмыс атқарса, аналары отбасындағы бала тәрбиесімен айналысқан. Отағасының ата-анасы зұлмат жылдары бас сауғалап Омбы жаққа кетіп жан сақтағанын білдік. Олардан тараған үрім-бұтағы қазіргі кезде өсіп-өнген үлкен бір әулет. – Педагог болуды бала кезіңізден бе,  әлде есейе келе таңдадыңыз ба? Таңдауға кім әсер етті? Қай жерде оқу бітірдіңіз? Қандай мамандықпен?, – деген сауалыма Жабай Жанәбілұлы: – Біздің жас кезімізде үлкендердің қолдарына су құйғанда, не бір ісіңе риза болғанда беретін мүмкін «мұғалім бол» батасы дарыған шығар.

Мектепті аяқтағаннан соң үлкен ағам «Қарағандыға оқуға бар, тарих факультетіне түс, ертең бітіргеннен соң мұғалім боласың ба, комсорг боласың ба, партком боласың ба таңдау өзіңде, бағыңды сына, жоғарғы оқуға түсе алмасаң малшы боласың, не механизатор боласың өзің біл»-деді. Жолым болып 1971 жылы Қарағанды педагогикалық институтына түсіп 1976 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша тәмамдадым, – деді.

– Бала кезімізде 7-8 сыныпты Жаңатілек орта мектебінің ұстазы ауылымызға беделді адам, соғыс ардагері, туысымыз Шанхин Аймажан ағаның үйінде жатып оқыдым. Зәру есімді қызы сол кезде физика пәнін таңдап Қарағанды қаласында оқып жүрді. Менің мұғалімдік мамандықты таңдауыма сол үлкендердің өнегісі үлгі болды. Ағай маған кейде үлгере алмай қалған кезде оқушылардың есеп дәптерін тексертетін. Павлодар қаласындағы педагогикалық институттың математика факультетін 1971-1975 жылдары аралығында оқып, бітірдім, – деді отанасы сөз сыңайында.

Дипломды жас мамандар алғашқы еңбек жолдарын туған жердегі Жаңатілек орта мектебінде мұғалімдіктен бастапты. Қарабаева Рахила, Тиш Роза, Малервейн Альма, Кексель Ольга, Жапаров Шахан, Ибадилова Төлеш, Желдібаева Ғайша, Досов Тілек, Тайшабар Шаймардан, Қарабаев Тілеужан, Жуматов Айтан, Аханаева Қалимаш, Салихов Шегендік, Раушан Мубараковна сынды ұлағатты ұстаздарымен бірге қызмет атқарған олар ұдайы ізденуден жалықпайтын. Енді міне қос майталман маманның есімдерін Апеков Рашид, Ескендиров Дүйсен, Смакова Жанна, Мусабаев Нурлан, Гафуров Нурлан, Нурбалин Қуантай, Исина Пакизат, Манзулова Жанаргүл, Жумадилова Даметкен, Букирова Гүлнар, Ақанова Гүлизат, Назира.

Ш. Айманов атындағы гимназия мектебінің түлектері Әбілғазина Әдия, Даулеткалиева Жания, Жанәбілов Дидар, Ибраева Элвира, Исина Айнель, Ахметова Гүлсара, Джанкулова Балжан, Теміршот Мереке, Тлеубаева Самалжан, Мұсабаева Жаннұр, Бейсембекова Әдия, Қарабаева Айжан, Сахимов Төлеген, Бектурова Салтанат, Ахметов Ерлан, Қасымова Гүлден танымал түлектері де ерекше құрметтеп, мақтан тұтады. Олар бес баланы тәрбиелеп өсірген аяулы ата-ана, оншақты немеренің атасы мен әжесі. Перзенттерінің барлығы жоғары білім алған үлгілі отау иелері.  

Жабай Жанәбілұлы білім беру саласында ғана емес, сонымен қатар атқарушы билікте ауыл әкімі, аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихаттағы тексеру комиссиясының төрағасы ретінде ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен жұртшылықтың алғысына бөлене білгенімен ерекшеленеді.  – Білім ордасында тағылымды тәжірибе жинаған педагогтың мемлекеттік қызметті жеңіл игере алатынына көзім жетті. Мектепте негізгі жұмыс оқушылармен болса, халыққа қызмет көрсету барысында қоғам барлық саласымен байланыста боласың. Ең бастысы жұртшылықпен тіл табыса білуің қажет. Жетістікке жетсең қуанасың, қателікке ұрынсаң күйінесің. Менде жетістік жақтары аз болмапты, – дейді Жабай аға.

– Түлектердің мектепті алтын белгіге бітіруі, облыстық, республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар қорғаудағы жетістіктері, республикалық ақындар айтысында Шұғатаев Аспанбектің жеңісі, алтын домбыра иесі атануы, ғылым докторлары атануы, спорт пен өнерде биік белестерді бағындырған шәкірттерім аз болмапты. Естен кетпес ең жарқын оқиға 2006 жылы аудан әкімі Қ. Шәкіровтің жан-жақты қолдауымен Ш. Айманов атындағы қазақ гимназия мектеп-интернаты мәртебесін иеленіп, жаңа жаңа сапалық деңгейге көтерілуі баршамызды қанаттандырды.

Кеңесбаев Кенже Садуақасұлы, Шәкіров Қорабай Шәкірұлы, Лекеров Асқар Әкелдіұлы, Есманов Бекет Бекұлы, Байдильдин Сайлау Байділдәұлы, Шығырбаев Көмек Орынбайұлы, Шарипов Жаңабай Оразкенұлы, Даулетқалиев Абай Ықсанұлы, Бихиенова Қадиша Маулянқызы сынды әріптестермен бірге білім саласын ілгері дамытуға қосқан үлесімізді бүгінгі ұрпақтың бағалағаны мерейлі мәртебе. Білім саласындағы қазіргі өзгерістерге пікірлеріңізді білсек, – деген ортақ сауалға педагог мәртебесін арттыру бағытында атқарыла бастаған жаңаша жұмыстардың тиімді нәтижесі болатындығына сенім білдіріп, бағалы бастамаларды қолдайтындықтарына қоса ұлттық тәрбиеге барынша көңіл бөлінуі қажеттілігін айрықша атап айтты.

Көпшілік ерекше ықылас танытатындықтан олар бірге қосылып, «Баянауыл вальсі», «Сарыарқа», «Таң самалы» әндерін шырқаудан әсте жалыққан жандар емес. Екеуіңіздің жастық шақтағы кездесулеріңізден, бірге өткізген еңбек жолындағы есте қалған әсерлі сәттер?, – деген сауалға ағамыз – Екеуміз бір мектепте оқыдық, бір ауылда тұрдық, сөйтіп жүріп бір-бірімізге деген жүрек сезімдеріміз оянып жеке кездесу басталды. Көптің көзіне түспей, ата-анамыз білмесін деп иба сақтайтынбыз. Үйленгеннен соң бір мектепте еңбек жолын бастап, басқа да жоғары қызметтерді бірге абыроймен адал атқардық, – деп түйіндеді.

– Қазіргі жас буын педагогтерге, жеткіншек ұрпақтарға айтар кеңесімді сұрасаң, ең бастысы білімді болу. Мұғалімдік мамандықты таңдаған адам қоғамдағы ең басты тұлға екенін түсіну. Бүгінде мектеп табалдырығын аттайтын жастарға жоғарғы оқу орындарында мектеп алды тәжірибе беру жұмыстары жеткілікті ұйымдастырылмайды. Бұл жұмыстар біздің кезімізде 4-5 курстарда қолға алынатын. Түрлі сынақтардан ысылған жас мамандар сыныпқа батыл кіретін де жүрексінбей сабақ беруін бастайтын.

Бүгінде ұстаздар ата-аналардан қатты қаймығады, оларды сабаққа қатыстыра отырып балаларының дамуына көз жеткізу үрдісі тоқырады. Жеткіншек ұрпақты еңбек етуден үнемі алшақ ұстаймыз. Мектепте техникалық қызметкерлер тазалыққа жауапты деп, еден жуу, ауладағы қарды күреп, сыпыру жұмыстарын атқармайтын жастар енжарлыққа бой алдырғанымен қоймай адамның еңбегін бағаламайтын келеңсіздіктерді көрудеміз, – деді ұлағатты ұстаздар сөздерінің соңында.   

Жабай Жанабілұлының қалтқысыз қызметі әділ бағаланып, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Павлодар облысына – 75 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл», «Ерең еңбегі үшін» медальдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты, салалық министрлік пен аудандық және облыстық басшылардың Құрмет грамоталары табысталған. Баянауыл ауданының құрметті азаматы атағының иегері.

Мүгілсім Жәмшидқызының да министрлік пен аудан және облыстық білім саласы бойынша марапаттары бір төбе. Өмір жолын ұстаздыққа арнау – ерлікпен тең. Оның үстіне, тек жасөспірімдерге ғана емес, шалғайда жатқан ауылдардағы ересектердің өзіне ақылшы, қамқоршы, жетекші бола білген. Үлгі-өнеге болар ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың қатары сиреп барады. Жабай ағамыз бен Мүгілсім апайымызға ұзақ да ғибратты ғұмыр тілейміз.

Сұхбатты жүргізген Дана РАУ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий