Заман талабы техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту
Біздің арнаулы оқу орны облысымызда кәсіптік-техникалық білім беруде көш бастап келе жатқан, білімді де білікті ұстаздар қызмет атқаратын, кәсіби маман даярлауда тәжірибесі мол, іргелі ұжымның бірі. Сондықтан да, колледждің басты миссиясын ұлттық құндылықтар негізінде таңдадық. «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарын сақтай отырып, кәсіптік білім беру саласында, рухани жетілген, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау баты мақсатымыз.
Осыған орай колледждің оқу тәрбие жұмысында «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасына басымдылық берілген. Оқу-әдістемелік және тәрбиелік жұмысын ұйымдастыруда, рухани жаңғырудың алты басым бағыты (Тәрбие және білім, Жаһандық қазақстандық мәдениет, Туған жер, Өлкетану, «100 жаңа есім», «Саналы азамат») бойынша жұмыстар жоспарға сай жүйелі жүргізілуде. Басым бағыттың бірі еңбек нарығына қажетті маман даярлау. Колледжде сұранысқа сай бес мамандық бойынша білім беріледі.
Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін қажетті материалдық-техникалық база құрылып, оқу сабақтарына арналған 43 аудитория, 1 медициналық кабинет, 8 кабинет интерактивті жабдықтармен, 1 заманауи лингафондық кабинет, 2 компьютер кабинеті, спорт залы, гимнастикалық зал, 1 робототехника кабинеті, 75 орындық акт залы, 40 орындық буфет пен кітапханамыз бар. Кабинеттерге компьютерлік техникалар қойылып, ннтернет желісі және Wi-Fi нүктелерімен жабдықталған. Өңірлер мен қалалардан келген білімгерлерді қамтуға негізделген 201 орындық жатақхана жұмыс жасайды.
Жалпы сапалық көрсеткіш биылғы оқу жылында алпыс пайызға жетті. Қашықтан білім беру мақсатында оқытушылар тарапынан 83 бейне сабақ және 30 аудио сабақ түсіріліп, тақырыптық семинарларды ұтымды үйлестірдік. Биылғы оқу жылынан бастап, барлық бес мамандық бойынша қабылданған білім алушылар, яғни 1-ші курстар модульдік оқыту жүйесіне көшіріліп, оқу бағдарламалары модуль түрінде жасалды, ал білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау балдық-рейтингтік, әріптік жүйесіне ауысты.
Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығының бірінші курс студенттері дуалдық оқыту жүйесіне көшірілді. Жыл сайын дәстүрлі түрде «Құлжанова оқулары» мен «Киелі Торғай» экспедициясы ұйымдастырылып келеді. «100 жаңа есім» бағыты бойынша, колледждің белсенді жастары «Алтын кітапқа» енгізіледі. «Назипа ізбасарлары» қатарына үздіктерді қабылдап, арнайы төсбелгі тағамыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Ұлттық құндылықтар тәрбие бастауы ретінде: мәселелері мен шешу жолдары» атты және ұлт қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 90 жыл, ұлы даланың ұстазы атанған Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойларына арналған республикалық ғылыми әрі тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
“Жылдың үздік мұғалімі”, “Үздік сабақтың таныстырылымы” сияқты кездесулер мен кәсіби байқауларға қоса шығармашылық көрмелерге жастарымыздың қатысу деңгейі жоғары. Жасампаз» қоғамдық ұйымы қоғамдық бірлестігі, НКО (нағыз көшбасшылар ұйымы) волонтерлар ұйымы, «Жайдарман» клубы, «Домбрашылар», «Саналы ұрпақ», «Жас қаламгер», «Қолөнер», «Қобызшылар» «Тоғызқұмалақ», ұлттық тағамдар даярлауды үйрететін «Дәмді асхана», «Дін және мен» сияқты үйірмелер жұмыс жасайды.
Қазақстан Республикасының жалпыға бірдей міндетті мемлекеттік стандартын жүзеге асырудың негізгі міндеті – ғылым мен білімді тәжірибемен ұштастыру. Қазіргі таңда кәсіптік салада жан-жақты білімді, білікті, іскер, бәсекеге қабілетті маман даярлауда әрбір білім алушыны жан-жақты ізденуге, өздігінен тың жаңалықтар ашуға, қай салада болмасын, ғылыми жұмысқа деген бейімділігін қалыптастыру көзделуде.
Сандугаш Орекеновна АЛМАТОВА,
Нәзипа Құлжанова атындағы Торғай
гуманитарлық колледжінің директоры,
Қостанай облысының Арқалық қаласы