Ұстаз кәсібінің мәні – үздіксіз оқу
Сарапшылардың талдауына сүйенсек, қоғам SPOD әлемінен VUCA әлеміне өтуде. Тарқатар болсақ: Тұрақты – Болжамды – Қалыпты – Айқын ретінде адамзат қоғамы үйреніп қалған әлемнен: Құбылмалы – Түсініксіз – Күрделі – Қарама-қайшы жағдайына көшудеміз. Бұл дегеніміз білімді меңгеруден –жаңашық ашуға үйрену, жеке іс әрекет етуден – командалық жұмысқа дағдылану, белгілі жағдайда қызмет етуден – белгісіздік жағдайда жұмыс істеуге дағдылану, топта жұмыс істеуден – өзіне жауапкершілік ала білу және жаңа заманның сынақтарына дайын болуды көздейді.
Осындай өзгермелі заман білім беру қызметкерлерінің де үздіксіз дамуын қажет етеді. Microsoft сайтындағы «21 ғасыр құзыреттіліктерін дамыту» курсы дәрістерінде де ұстаздар үшін үздіксіз білім алу дағдысы алға шығып отыр. Оның ішінде өзгермелі заманға сай: үлгерушілік, көпжоспарлы мәселелерді шешу, айрықша ойлау, кешенді тіл табысу, жеке дамудан ұжымдық танымға көшу сынды дағды қалыптастыру мәселесі де өзекті. Ұстаздардың үздіксіз білім алуының басты көзі – түрлі шаралар болып табылады.
Осы негізде «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қазақстан Республикасы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институты «Заманауи мектеп педагогы: ізденіс және келешегі» тақырыбында республикалық on-line конференция ұйымдастырды. Мақсаты «Білім беру сапасын арттыру үшін 21 ғасыр педагогінің кәсіби құзыреттілігін дамыту» ретінде қарастырылған шараның негізгі бағыттары төмендегідей.
Педагогтің кәсіби дамуы: оқытудағы заманауи әдістер мен тәсілдер. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие процесі – қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырудың негізі. Жас мұғалімдерді даярлаудағы педагогикалық тәлімгерліктің рөлі. Креативті оқыту ортасын құру үшін 2І ғасыр дағдыларын дамыту. Инклюзивті білім берудегі инновациялық технологиялар. Білім беру сапасын арттыру үшін оқу үдерісіндегі цифрлық білім беру ресурстары. Критериалды бағалау – оқушылардың білім сапасын объективті бағалау жүйесі ретінде.
Келелі шараның жұмысына жоғары оқу орындары мен «Өрлеу» БАҰО филиалдарының профессорлық-оқытушылық құрамы, ғалымдар, магистранттар, білім беру ұйымдарының мұғалімдері қатысты. Конференцияның тартымды да қызықты болып өтуі жасалған баяндамалардың әр алуандылығы мен тәжірибеге негізделгендігінде болса керек. Шараның басында ҚР ББЖ ҚБАРИ директоры п.ғ.д., профессор Макатова Жансауле Алиевна кіріспе жасап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Одан кейін М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, ф.-м.ғ.к., профессор Бейсен Нурзада Абдибековна «Креативті оқыту ортасын құру үшін Қазақстанда ғарыштық білім беру және жасанды интеллект дағдыларын дамыту» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым жоғары зияткерлік деңгейді көрсететін ғарыштық білім беру мен жасанды интеллект мәселесінің өзектілігін ашып берді.
Нәтижесінде осы күрделі салаға бет бұрған еліміздің саналы өрендерінің әлемнің сапалы оқу орындарында білім алып, түрлі өребәйгелерде ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындарға қол жеткізіп жатқанын мақтанышпен айтып өтті. Тақырып қатысушылар тарапынан зор қызығушылық тауып, кері байланыстар берілді, сауалдар қойылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің қауымдастырылған профессоры, журналистика факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Мысаева Қарлыға Нақысбековнаның «Онлайн оқытуда қолдануға болатын цифрлық білім беру кұралдары» атты дәрісінің практикалық мәні жоғары болды.
Себебі, ол өзінің тәжірибесімен бөлісіп, тыңдаушыларға таңсық бірқатар платформалардың жұмысын таныстырды. Алматы қаласы «№49 Жалпы білім беретін мектеп» КММ директоры Мухамадиева Рауфа Хусаиновна білім беру ұйымындағы оқушылар арасында кітап оқу мәселесін жолға қоя білген жұмыстарымен таныстырды. Ақтөбе қаласындағы «Жаңа мектеп» лицейі» КММ директоры Кисыкова Акгул Мырзабековна тәрбие жұмысындағы қарым-қатынастың маңыздылығын көрсетсе, Ақтөбе қаласы №65 жалпы білім беретін орта мектеп директоры Жантурина Марфуха Саменовна жас мамандармен жұмысты ұйымдастырудағы тәлімгерлік қызметтің рөлін ашып берді.
Келесі кезекте Алматы қаласы С.А.Ходжиков атындағы №39 мамандандырылған лицейінің мұғалімі Аманов Нуржигит Бердибекович «Цифрлық дәуірде мұғалімнің білім берудегі стилі» тақырыбында баянды баяндама жасап, өзінің авторлық жұмысымен таныстырды. Сөз алған ұстаздардың цифрлық дәуірде мұғалімнің өзіндік сабақ берудегі стильдік ерекшелігін қалыптастыру мен жеке, академиялық немесе кәсіби ақпараттық қажеттіліктерді сенімді және сауатты түрде талдау сонымен бірге, оқу, кәсіби және жеке дамуды есепке алу мен тіркеуге арналған цифрлық құралдарды қолдану жайлы ақпараттары өте құнды болды.
Шара барысында қатысушылар Padlet – виртуалды тақтасының көмегімен бірден кері байланыс жасап отырды. Республикалық on-line конференция материалдары «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ҚР ББЖ ҚБАРИ сайтында (http://www.ripkso.kz/) электронды жинақ түрінде жарияланатын болады. Біз өзгерістің үнемі болатынын мойындауымыз керек. Педагогтің жаңа рөлі күрделі және жауапкершілікті. Ұстаздар 21 ғасыр құзыреттіліктерін дамытатын тапсырмаларды тиімді бергенде ғана оқушылар тиісті дағдыларды игереді. Ал ол үшін мұғалімдердің өзі үнемі өздерінің кәсіби біліктіліктерін арттырып отырулары қажет. Ол үшін осындай шаралардың мәні зор.
Бакытбек Амантаевич КАГАЗОВ,
“Өрлеу” БАҰО” АҚФ ҚР ББЖ ҚБАРИ
менеджмент және инклюзивті білім
беру кафедрасының аға оқытушысы