Оқу материалдарын тиімді игертудің мүмкіндіктері

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен  кейінгі  уақытта  Әл Фараби атындағы  Қазақ Ұлттық университеті жоғары оқу орнына  дейінгі білім беру факультетінде шетел азаматтарына арналған  қазақ тілі пәнін оқыту әдістемесі оң  бағыт алып, дамудың қарқынды жолына бет бұрды. Кеңес  уақытынан бері бұл оқу орны – мемлекеттік  тілімізді  елімізге келіп жатқан шетелдік азаматтарға, сондай-ақ, шетелдік қандас бауырларымызға тіл үйретудегі соны ізденістерді  меңгертудің  орталығы болып қалыптасты.

Олай дейтініміз – қазақ тілін өз ұлтымыздың өкілдеріне дұрыс сөйлеуді, ойын дұрыс жеткізе білуді үйретудің өзі басты мәселе боп тұрған шақта, қазақ тілін екінші тіл ретінде өзге ұлт өкілдеріне меңгерту туралы ол кезде әлі қолға да алына қоймаған еді. Қоғамымыздағы осы мәселе факультетіміздің оқытушы-профессорларының ізденістері арқасында тіл меңгертудің инновациялық әдістемелері  бірталай жинақталды. Әсіресе, адам  дүниетанымының кілті, ойлаудың формасы, қарым-қатынасының  ең басты құралы ана  тілі  болғандықтан, білім  беру  салаларындағы қазақ  тілінің атқарар  қызметі ерекше  болмақ.

Сондықтан  жаңа  кезеңнің  талабына  сай, мемлекеттік  тілді  меңгертудің басты мақсаты – қазақ тілінің қоғамдық әлеуметтік мәнін түсінген, тілдің  қызметін  жүйелі меңгерген, коммуникативтік компетенциясы, қарым-қатынас жасау  біліктілігі  дамыған шәкірт  тәрбиелеп  шығару. Ал ол шәкірт  өзге  ұлт  өкілі  немесе  шетелден келген  қазақ  баласы болса, бұл міндеттің жүгі  екі  еселене  түсері  түсінікті. Олай  дейтініміз – еліміз көпұлтты мемлекет, сырттан оқу мақсатымен, кәсіп игеру жолында көптеген шетелдік азаматтар келіп, бүгінгі күні қазақ тілін игеруге деген құлшыныстарын байқатып отыр.

Мұның сыртында мемлекеттік бағдарламамен келіп білім алып жатқан жыл сайынға жүзден аса ауған ислам елінен келіп, білім алып жатқан жастарды қосыңыз. Осында кең ауқымды дәрісханаларға қазақ тілін аз  уақытта  және сапалы үйретудің тиімді  әдіс-тәсілдері  жинақталып, даму үстінде. «Қалай оқыту керек?» дейтін дәстүрлі дидактикалық сұрақ заңды түрде оқыту әдісінің категориясын шығарады. Әдіс -жоспарланған мақсат пен соңғы нәтиженің арасын байланыстыратын оқу процесінің өзегі болып табылады.  

Оның  жүйедегі  айқындаушы  рөлін  «мақсат – мазмұн – форма – оқыту әдісінің құралдары» көрсетеді. Әдіс – табиғат  құбылысын және әлеуметтік өмірдің жағдайын зерттеу немесе таным жолы, құбылыстарды оқып білу жолдарын, әдіснамалық теория танымы мен шындықты зерттейтін тәсіл. Философия әдісті белгілі түрде іс-әрекетті ретке келтіретін, мақсатқа жету тәсілі ретінде қарастырады. Педагогтар оқыту әдісі туралы түсінікті әр түрлі етіп дәлелдеді. Біреулері оны «танымды басқаға беру әдісі» (Д.И.Тихомиров) немесе мұғалімнің іс-әрекеті мен әдіс-тәсілі (Н.В.Ельницкий) деп қарастырса, С.А.Ананьев оқыту әдісін «білім беру тәсілдерінің үйлестіру жиынтығы» деп көрсетеді.

Оқу-танымдық іс-әрекетіне сәйкес оқыту әдісі құбылыстың мәнін танып білудегі әдіс-тәсілі ретінде қарастырады. Осы түсініктегі әр түрлі дефиницияларды негізге ала отырып, мынадай тоқтамға келеміз: оқыту әдісі – бұл оқушы мен оқытушы арасындағы жүйелі, өзара байланысқан білім мазмұнын меңгеруге арналған іс-әрекет жүйесі. Оқыту  әдістері – тарихи категория, олар білім беру мазмұны мен мақсатының ауысуына байланысты өзгереді. Егер нақтылап  айтар болсақ, оқыту әдістемесі мына мәселелерді қамтиды: мақсаттары ( не үшін оқыту керек?); мазмұны ( нені оқыту керек?); ұйымдастырылуы (қалай оқыту керек?); құралдары (ненің көмегімен оқыту керек?); оқыту кезінде шәкірттердің  білімді  меңгеру деңгейі, ақыл-ойының  дамуы  мен  тәрбиеленуі  арасындағы  ұштасу мәселесі дұрыс жолға қойылған ба?

Бұл  мәселелер – барлық педогогтардың  күнделікті  алдына тұратын басты  мәселесі. Оқытушылардың алдында тұрған  міндет  бұдан да зор жауапкершілікті талап етеді. Олардың күнделікті сабақтарында  қарастыратыны мына мәселелерл болуы керек: оқыту  материалдарының  ішіндегі  ең тиімдісі не?; оқытудың  неғұрлым  пайдалы, үнемді  және  тиімді  әдістері  мен  тәсілдері (оқытылатын  материалдың  ерекшеліктері  мен  шәкірттер  құрамының  психофизиологиялық  ерекшеліктеріне  байланысты  әр  түрлі  жағдайда  қолданылатын  әдіс-тәсіл  варианттарын)  зерттеу және  сипаттау; қазақ  тілі  пәнінен  жүйесі  нақты  белгіленген  білім  көлемін шәкірттердің  ойдағыдай  игеру  шарттары  туралы  мәселелерді  талдап  шешу, яғни  материалды дәл  қабылдаудың, айқын  түсінудің, оны практикада қолдана білудің  шарттары  туралы  мәселелерді  талдау.

Осы бағытта өз тәжірибемнен бір ғана сабақтың үлгісін айтып өтсем болады. Мәселен, қытай мектебін бітіріп келген шәкірттерге тілді меңгертуде қазақ тілі сабағындағы  «Септік жалғаулары»  тақырыбы өте маңызды тақырыптардың бірі. Оны дұрыс түсіндірудің, өмірде дұрыс қолданудың маңызы өте зор. Өйткені септіктер  зат  есімдерді етістікпен байланыстырып (ілік септігінен басқасы), ойды толықтыратын жалғаулар. Мәселен, мынандай  слайдтар: КІМ?  –  зат есім+(СЕПТІК жалғауы) –ЕТІСТІК. Асқар мұражай+ға келді. Ұстаз мәтін+ді түсіндірді.

Тыңдаушы әр  септіктің  мағынасын  түсіне отырып, қолданысқа түсіреді: барыс  септігі  бағытты  көрсетеді: дәрісханаға бардым, базарға келдім.(кімге, неге, қайда?), табыс септігі: досымды  күттім, қаламды алдым, (нені, кімді?), жатыс септігі – менің кітабым үстелде жатыр, ақшам банкіде жатыр (кімде, неде, қайда?), шығыс септігі- шығып келемін:  ауылдан келдім, қаладан  шықтым, әкемнен алдым (кімнен, неден, қайдан?),көмектес септігі- әкеммен сөйлестім, ұстазбен хабарластым, досыммен бірге театрға бардым (кіммен, немен?).

Мұндағы оқытушы баса түсіндіретін мәселе кез келген  етістіктер  барлық  септік  жалғауларына  жалғана  бермейтіндігі. Мәселен: БАРЫС септігінен соң  келетін етістіктер мыналар: келді, барды, қарады, кірді, қайтты, айтты, түсіндірді, қойды. ТАБЫС септігінен соң келетін етістіктер: ал, оқы, тазала, жаз, сүрт, жап, бер, тыңда. Сол сияқты барлық септіктерді жекелеп өткенде олардың қызметі, мағынасы анықталады да, олардың қолданысы есте сақталады.  Ол үшін етістіктің сөздігін жазып, мағыналарын зат есімдермен  тіркестіріп  түсініп алу  керек.

Мағынасын  түсінген сөздерді жатқа білген соң, кез-келген жерде осы үлгіде қолданысқа түсіре береді. Осы мақсаттан  туындайтын  міндеттер: септік жалғауларын және етістіктің мәнін өзара байланысы мен ерекшеліктерін тану арқылы тілдік машықтарын арттыру; тіл үйренушілердің логикалық ойлау деңгейін шыңдау.(қалай, қай жерде қолдана білу керектігін ойланту); күнделікті қарым-қатынас тілінде алған білімдерін пайдалана білуге баулу. 

Осы  мәселелерді  екшеп алып оқытушы тілді меңгертудің сөздік әдіс, көрнекілік әдіс, зерттеу әдісі, практикалық әдісітерінің бәрі де тіл үйретуде пайдалы. Сонымен, қазақ тілін сапалы оқыту әдістемесі – оның  мазмұны  мен  принциптері, әдістері  мен  тәсілдері  туралы  және  дәрісханада берілетін білім, дағды, білік мөлшерін белгілеп, оны игертудің жолдары, шарттары туралы  ғылым деп білгеніміз дұрыс.

Жанна Сайынқызы ӘДІЛХАНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ың жоғары
оқу орнына
дейінгі дайындық кафедрасы,
аға оқытушы,
Жібек Тұңғышбайқызы ИБРАИМОВА,
филология ғылымының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий