Жаңартылған білім берудегі мұғалім қызметі

Бүгінгі таңда  білім – қоғамдағы  адам өмірінің, дамуының және әл-ауқатын арттырудың  жоғары құндылықтарының бірі. Өйткені, еліміздің білімді, рухани сау халқы ғана жаһандану дәуірінде ұлттың бәсекеге қабілетті бола алады. Педагогикалық мамандықтың маңызы артып келеді. Мектеп мұғалімі – болашақ  қоғамның мүшесін қалыптастырушысы және елдің болашағын көркейтіп, жас жеткіншекті тәрбиелейтін жауапкершілігі зор  мамандық екенін жалпы қоғам мойындап отыр. Ежелгі грек философы Платон былай деген екен: «Егер аяқ киім шебері нашар болса¸мемлекет бұдан қатты зардап шекпейді – ары кетсе, халқы  нашар аяқ киім киеді. Ал егер бала тәрбиешісі өз міндеттемелерін нашар орындаса – мемлекетінде надан  ұрпақ пайда болады». Сол себептен, білім беру саласы кәсіби мамандарды талап етеді.

Қазіргі қарқынды өзгеру заманында мұғалімнің жауапкершілігі бірнеше есе артты және оның рөлі өзгерді. Өзіне сөзсіз бағынуды және қатаң тәртіпті талап ететін авторитарлық мұғалімнің орнына,  тек қана оқу жағдайында емес, әртүрлі өмірлік жағдайларда шешім қабылдай алатын оқушыны тәрбиелеуші әмбебап әрекеттерге үйрете алатын  мұғалім – тәлімгер, мұғалім – ақылды әңгімелесуші, мұғалім – шебер келді. Бұл бүгінгі таңда мектеп түлегінен ұтқырлық, шығармашылық, мобильді, қалыптан тыс ойлау қабілеттері қажет болған кезде өте маңызды болмақ. Мұғалімді оқушыларға білім беретін маман ретінде ғана емес, ұлттық тұрақты дамуды ұйымдастырушылар ретінде қарастыру керек.

Мемлекеттің дамуы үшін мұғалімнің мәртебесін көтеру маңызды. 1966 жылы ЮНЕСКО және Халықаралық Еңбек Ұйымының мұғалімді мамандық ретінде танып, оған жоғары мәртебе беру туралы өтілген конференциядан бері жылдар өтсе де, қоғамдағы мұғалім мәртебесі өзекті мәселе болып қала берді. Мұғалім мәртебесін көтеру – қиын мәселе. Себебі қандай да шыққан заң болмасын ол мұғалімнің  мәртебесін  еш уақытта көтере алмайды. Оның қоғамда өз орнын тауып бекінуі яғни мәртебелі болуы ол педагогтың өзіне де тікелей байланысты.

Елімізде 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңын қабылдау білім беру жүйесіне үлкен серпіліс және жауапкершілік әкелді. Жауапкершілік – бұл әр маманның мотивациясының бөлігі.  Жақсы басқарылатын мектептер жақсы нәтижелерге қол жеткізеді. Өйткені халықаралық ғылыми жетістіктер әлемдегі ең табысты елдердің оқытушылық қабілеті жоғары адамдар ортасын құру арқылы,  білім алушылардың нәтижелерін жақсаратады. Мак Кинсидің әлемдегі ең жақсы мектеп жүйелерін зерттеу нәтижесі бойынша ең жақсы көрсеткішке ие елдер мектеп бітірушілерінің үштен бір бөлігінен мұғалім мамандығына қабылдайды екен.

Бұл зерттеу сонымен қатар оқуға түсетін адамдардың сапасын жақсартпайынша, мектеп жүйесінде ұзақ мерзімді айтарлықтай жақсартулар жасау мүмкін емес деген қорытындыға келді. Сингапурде мұғалім мамандығына қабылдау үшін дамыған механизмдері бар, олар өткізетін тестілеу және сұхбаттасу көп сатылы процестерден тұрады. Оған академиялық үлгерім, сауаттылық тестілері ғана емес, сонымен қатар  көзқарас, қабілет пен жеке тұлғаны ескеретін сұхбат негізінде әрбір алты үміткердің біреуін таңдайды. Ал Финляндия  проблемаларды шешу, сын тұрғысынан ойлау және эмоционалды интеллекті ескеретін сұхбаттасу арқылы он үміткердің біреуін ғана таңдайды екен.

ПИЗА халықаралық зерттеулеріне сүйенсек, білім алушылардың көпшілігінде болашақ мамандығы туралы ой қалыптаспаған. Сол себептен мектеп қабырғасында оқып жүрген оқушылардың академиялық сауаттылықтары анықталып пән спецификасына байланысты бейіні бойынша тереңдетіп оқыту жүзеге асырылуда. Қазіргі жаһандану заманындағы педагогикалық және медицина ғылымының маңыздылығын ескерсек, қолданбалы ғылым салаларының іргетасы ретінде жаратылыстану-математикалық бағытындағы бірыңғай спецификалық бейіндегі мамандықтарды таңдап отырған оқушыларды бейіндік оқытуда терең білім беру және білім сапасын арттыруға  ерекше көңіл бөлуді талап етеді.

Сондықтан мұғалімдеріміз оқытылатын курста жаңа сапаға әкелетін түрлі үйлесімдегі белгілі элементтердің интеграциясын қолданвп, білім алушының ойлау қабілетін дамытуға және ғылыммен айналысуына ықпалын тигізеді. Комбинаторлық ғылыми және әдістемелік деңгейде қолданылатын ғылыми танымның негізгі әдістерін меңгертуді жүзеге асыруда. Бұл білім алушылардың отандық оқыту мен оқудың шеңберінде маман болып қалыптасуына және құзіретті жұмыс істеуге дағдыландырады. Білім алушы жоғары профильге айналған кезде ғана, одан да талантты адамдар пайда болады, бұл мұғалім мәртебесін одан да жоғары көтеру дегенді білдіреді.

Қарлығаш Елубаевна АХМЕТОВА
әл-Фараби атындағы орта мектептің
жоғары санатты биология пәні мұғалімі,
Алматы облысының Сарқан ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий