“Жас маман” жобасы: Бәсекеге қабілеттіліктің кепілі

«Жас маман» жобасы елімізде жүйелі жүзеге асырылуда. Сыр өңіріндегі төрт арнаулы оқу орны осы жобаның жеңімпазы атанса, солардың бірі де бірегейі Қазалы аграрлы – техникалық колледжі. Ұйымшыл ұжымның жетекшісі Мусаев Арманның  айтуынша осы жобаға сәйкес техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының материалдық – техникалық базасы оқу процесіне қажетті заманауи құрал – жабдықтармен жабдықталуда. 

«Жас маман» жобасының артықшылығы – еліміздің экономикасын дамытуға ең қажетті мамандарға басымдық беру. Қазалы аграрлы – техникалық колледжі «Жас маман» жобасының 2020 жылғы жеңімпазы. Жоба шеңберінде колледжге республикалық бюджеттен 323 312 теңге бөлінген.  Осы бөлінген қаржыға 1201000-«Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», 1501000-«Ауылшаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандықтары бойынша төрт зертхана, үш шеберхана және оқу алаңы жабдықталып, «Жас маман» жобасы аясында алғаш рет колледжге шетелдік заманауи жабдықтар сатып алынды.

Бұған дейін елімізде мұндай құрал – жабдықтармен жабдықталған оқу орындары болған емес деуге болады. Өйткені құрал – жабдықтың дерлігі Германия, Италия сияқты алпауыт елдерден шыққан шетелдік өнім. Енді студенттер оқу – өндірістік шеберханаларда осы шетелдік құрал  – жабдықтарды емін – еркін үйреніп, меңгеретін болады, – дейді колледж директоры Арман Қонысбайұлы. Бұл жобаның шеңберінде екі мамандық бойынша құзіреттілік орталығы пайдалануға берілді.

 

Құзіреттілік орталығының ашылу салтанатына «СТАгро» ЖШС Қызылорда филиалының директоры Қайрат Абжамалов, «СТАгро» Ақтөбе филиалының өкілі Кирилл Юдиков, «СТАгро» ЖШС оқыту бөлімінің менеджері Виктор Вутов қатысып, әлеуметтік ынтымақтастықты одан әрі нығайту және құзіреттілік орталықтың жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында «СТАгро» ЖШС мен «Қазалы аграрлы – техникалық колледжі» КМҚК арасында әлеуметтік әріптестік меморандумына қол қойылды. Елімізде техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының оқу процесіне Worldskills стандарттарын енгізу қолға алынғаны белгілі.

Осы жобаға сай іске қосылған құзіреттілік орталығының басты мақсаттарының бірі – Worldskills Кazakhstan  чемпионаттарына қатысу үшін аймақтық команда мен Қазақстан құрамасына бәсекеге қабілетті қатысушыларды даярлау инфрақұрылымын қалыптастыру, білім беру ұйымдарының өндірістік білім беру оқытушылары мен шеберлері қатарынан сарапшылар қауымдастығын қалыптастыру және оларды Worldskills Кazakhstan талаптарына сәйкес оқыту, Қызылорда облысы аумағында таңдалған құзыреті бойынша Worldskills Кazakhstan стандарттарын іске асыру және оқу процесіне WorldSkills стандарттары мен модульдік-құзыреттілік тәсілін енгізуге ерекше назар аударылуда.

 

Әрі білім алушылардың қабілеттіліктерін, қызығушылықтарын және қажеттіліктерін арттыру, шығармашылық даралығын, белсенділігін, өзіне деген сенімділігін жоғарылату, бәсекеге қабілетті маман етіп тәрбиелеу. Осы мақсаттар өз кезегінде дер уақытында іске асырылып, нәтижелерін көрсетуде. «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзіреттілігі және «Ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторларын жөндеуші-слесарь» құзіреттілігі  бойынша Worldskills Кazakhstan чемпионатының облыстық кезеңінің осындай материалдық – техникалық базасы дамыған колледж базасында өткізілуі соның айғағы.

«Worldskills-2021» ұлттық чемпионатының республикалық кезеңіне қатысушыларды іріктеу мақсатындағы ұйымдастырылған облыстық чемпионатына колледж бес құзіреттілік бойынша қатысып, «Кірпіш қалау» құзіреттілігі бойынша бірінші орын, «Дәнекерлеу технологиясы» құзіреттілігі бойынша бірінші орын, «Ауылшаруашылығы машиналары мен тракторларын жөндеуші-слесарь» құзіреттілігі бойынша бірінші орын, «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзіреттілігі бойынша екінші орын, «Аспаз ісі» құзіреттілігі бойынша үшінші орынды иеленді.

Үш жеңімпаз республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл өз кезегінде заманауи жабдықтарды меңгерген болашақ мамандардың да жұмысқа орналасуына жол ашылары сөзсіз. Техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарына жаңа мамандықтар жіктеуіші енгізілгенін атап айтқан кейіпкеріміз қандай мамандық пен біліктіліктер бойынша кадр даярланатындығына тоқталып, 2020-2021 оқу жылында колледж жаңа жіктеуіш бойынша 21 мамандық 44 біліктілікке лицензия алды. Қазіргі таңда алдағы оқу жылында оқытылатын мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары әзірленуде, – деді сөзінің соңында.

Шәрбану Толыбайқызы БАЕКЕЕВА,
Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің
әдіскері,
Қызылорда облысының Қазалы ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий