ЕҰУ докторанты Асораң шыңын бағындырды

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Алмаз Мырзахмет Ақсораң шыңын бағындырды.Ол өзінің бұл жеңісін ЕҰУ-дың 25 жылдығына тарту етті. Журналистика және саясаттану факультетінің студенті Рамазан Есмағамбет Арқаның ең биік шыңын бағындырған, ЕҰУ докторанты, жас ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмаз Мырзахметпен сұхбаттасқан еді. Төменде сол әңгімені жариялап отырмыз.

Ең алдымен өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз? – Қарқаралының қазағы, Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторантымын. Қаламмен доспын, бірнеше прозалық кітабым мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналы ашылған күннен бері сонда жұмыс істеп келемін. Қазіргі таңда Бас редактордың   орынбасары лауазымындамын. Одан бөлек, «Мағжан» атты жеке баспам бар, сонда директорлық қызмет, дизайнерлік өнер дегендей…

Ақсораң шыңын бағындыру туралы ой Сізге қашан және қалай келді? -Асхат Қажытай деген замандасымыз «Қазақстанды жаяу аралаймын» атты әуесқой туризмдік жоба бастады. Алғашқы сапары Қарағанды қаласынан Ақтоғайға дейін 333 шақырым жолды жаяу жүріп, Арқаның ең биік шыңы Ақсораңды бағындыру болды. Жолай қасиетті жерлерді, ауылдардың тұрмыс-тіршілігін таныстырады. Осындай, жақсы жоба.

Ақсораң шыңы туралы қысқаша айтып берсеңіз? – Ақсораң шығармашылық адамдары үшін аса қастерлі шың. Көптеген ақын-жазушылар бұл шыңды туындыларына арқау еткен. Биіктіктің символы іспеттес. Арқа деген жазық емес, атында тұрғандай көзге байқалмайтын биік жер ғой. Бір жерден бастау алатын Нұра өзені солтүстікке қарай, Тоқырауын өзені оңтүстікке қарай ағып, Балқашқа барып құяды. Осыдан-ақ байқауға болады. Соның дәл ортасындағы Ақсораң аспан тіреп тұрғандай шың. Арнайы дайындықсыз шыға алмайсыз. Мен Асхат таудың етегіне жеткенде бір жағы қолдау болсын деп, бір жағы өз-өзіме деген сыни көзқарас, жалпы алғанда тауға шығып, 360 градустағы панарамалық көрініске көзімді суару үшін баруға бел будым.

Шыңға шығып бара жатқанда бойыңызда  қандай сезім, қандай ой болды, бөлісе отырсаңыз? – Ең бастысы, осы шыңды бағындырсам, жеңісімді қасиетті білім ордасы, Ақсораңдай Сарыарқадан әлемге асқақ қарап тұрған, Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мерейтойына арнағым келді. Бұл бастамамды университет ректоры, академик Ерлан Сыдықов қолдап, мерейтой қарсаңында университет туын қолыма ұстатты.

Сіз жалғыз бардыңыз ба, жоқ әлде… – Менімен бірге Нұр-Сұлтан қаласынан досым, «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мирас Асан жолға шықты. Жолдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Руслан Нұрбай, Бағдат Мүбәрак, одақтың Қарағанды облысындағы филиал төрағасы, жазушы Серік Сағынтай қосылды. Бас-аяғы жиырма адам шыңды бетке алдық. Тауға шығу маршруты аса күрделі болды.  Намысты бермей, күш-қайратымызды жинап, шыңды бағындырдық. Тұтас Сарыарқаны құшағыңа алғандай сезімді кешу қандай ғажап! Айтуға тіл жетпейді. «Шықшы тауға, қарашы кең далаға!» деп, Қасым ақын айтса айтқандай-ақ!

Жеңісімді сүйікті университетімнің мерейтойына арнадым. «Әлемнің шатыры – Памир, дала шатыры – Ақсораң» деген сөз бар. ЕҰУ туын биіктен түспесін деп сол шыңға шығардық. Ақсораңнан желбіреп Алатау, Атырау, Алтай асып, әлемге танылсын деп ырымдадық. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Білім қайнарынан сусындатқан қарашаңырақтың алдындағы бір парызым өтелгендей болды. Біз алмайтын асу жоқ! Бұл енді менің де ұраныма айналды!

Ақсораң шыңын бағындырған кезде қандай жайттер ерекше есте қалды? – Ақсораңға шығу, біріншіден, өз-өзіңді жекпе-жекке шақыру. Ең ауыр күрес – өзіңмен күрес емес пе? Шыңға шығу – шыңдалу деген сөз. Бұл жерде намыс, күрескерлік, мақсатқа жету, қиыншылықты жеңу мен кедергілерден өтуге, биікке ұмтылуға үйренесің. Қанша шаршасаң да шың басындағы, межеге жеткендегі сезім бәрін ұмыттырып жібереді. Ең қызығы, тауға шығудан, түсуіміз қиын болды. Тік таудан түсу деген бір қиямет-қайым екен, оған күннің ыстығы, шаршағандық, шөл сынды дүниелерді қосыңыз. Сондықтан, тау қаншалықты үлкен болса, оның көлеңкесі де соншалық ұзын екенін ұмытпауымыз керек екен.

Сіз ЕҰУ докторанты екенсіз, студенттік шақтарыңызды аңсайсыз ба? – Студенттік шақ – ең бақытты шақ. Мен бұл сөзді бұрындары ұстаздарымнан, ағаларымнан көп естіген едім. Соның айдай анық екендігіне бұл күні әбден көзім жетті. Ең бақытты, ең тәтті, ең таза, ең албырт кезең. Бояуы қанық, үні әуезді, әр сәті шекер және студенттік кезеңдегі әр қадам, үлкен өмірдегі бір белеспен теңеседі. Сондықтан ақырын жүріп, анық басқан да дұрыс. Жақсы, пайдалы дүниемен айналыссаңыз, ертең ол он емес-ау, жүз еселеніп алдыңыздан шығады.

Студенттік шағыңыздан бері университет өзгерді ме? – Университеттің ең алғаш табалдырығын аттаған кездегі, әр бұрылыс, әр баспалдақ, әр аудиторияға кіргендегі, ол жерде ілініп тұрған суреттерді көргендегі сәтте құлағымды жарып жіберердей жүрегімнің лүпілдегенін ешқашан ұмытпаймын. Университет өзгермеді, біз өзгердік.

Шығармашылық жолыңызды неден бастадыңыз? Шабыт толқынына не түрткі болды?  – Бірінші сыныпта көршінің қызына күнде хат жазып, өлең жолдап жүретінмін. Оның әпкесі мен менің апайым бір сыныпта оқыды. Бір күні барлық хаттарды жинап алып, бүкіл үйге дауыстап оқып бермесі бар ма. Сонда мені мазақтағаны деп түсініп, қатты ұялғаным… Кітап оқуға құмарлық, әдебиетке қызығушылық, шығармашылық ауан сол кезден басталды-ау деп ойлаймын және руханиятқа деген тазалық осы күнге дейін жалғасып келеді. Есімді білгелі осы хәл. Содан кейін шығармашылықтың бастауына арғы ата-бабаларымның қаны да себеп шығар деп ойлаймын.

Шабытқа келсек, оған өте қарапайым дүниелер түрткі бола салады. Ол құстың қанат қаққаны… қанатынан үзіліп, қалбалақтап құлаған қауырсыны… қауырсын қонған сәкі… сәкіге келіп жайғасқан қос ғашық… Мәселе неде?  Көре білуде!

Ortalyq.kz ақпарат порталына берген сұхбатыңызда «ҚарМУ-дың қазақ əдебиеті кафедрасының аға оқытушысымын» деген едіңіз… – Студенттермен доспын. Әлі күнге дейін хабарласып, кездесіп, пікір  алмасып тұрамыз. Алды өзімнің әріптестеріме айналды. Мен студенттерге «Әлем әдебиеті» пәнінен сабақ бердім. Бұл пән студенттерге өте қызықты болды деп ойлаймын. Өзім де әр сабаққа асығып тұратынмын. Біз сабақтан бөлек «Бір аптада – бір роман» акциясын өткізіп, оны жылдар бойы үзбеген едік. Бұл бір жағы өзімді қамшылау, бір жағы студенттерді дамытуда орасан зор ықпалын тигізгенін қазір түсіндім. Ол кезде біздікі бір жағы қызығушылық, бір жағы бәсеке болатын.

Нәтижесінде, барлығымыз көл-көсір пайдаға кенелдік. Студенттермен «Ұжымдық роман» жазып, оны кітап етіп шығардық. Қазір ойланып отырсам, біз тек теориялық тұрғыда ғана емес, шығармашылық бағытта да көп жұмыстар атқарыппыз. Бұл әрбір студенттің өзін-өзі тануы, қоғамға сіңуі, сенімділіктің пайда болуы жағынан үлкен рөл  атқарғанын атап өткім келеді.

Жастарды деп бөле-жармай-ақ қояйын, қазір үлкендердің де шынайы өмірді виртуалды әлемге айырбастағанын байқап отырмыз. Сіздің пікіріңізше, қоғамды өнерге, шығармашылыққа баулу үшін не істеу керек? – Виртуалды әлемнің қоғамның ажырамас бөлігіне айналуы – заман талабы. Алайда, оның жетегінде жүріп, арзан дүниелерге үдере көшіп бара жатқанымыз өтірік емес, көзге көрінбейтін ақиқат. Қысқа, жарқ-жұрқ, мәнсіз ақпараттар көбейіп кетті. Танымалдылық бірінші орынға шықты. Құндылық сонымен өлшенетін болды. Әрине, таяқтың екінші ұшы да бар. Жылдам хабар, алыстың жақындауы жақсы. Тек соның тиімді жағын өз пайдамызға шешуді үйренуіміз керек.

Қазақ өзі сөзді жақсы көреді. Әйтпесе, сол әлеуметтік желілерден дамыған елдер баяғыда-ақ жалыққан. Біз де жалығамыз. Уақыты келгенде қоғамдық формациялар өзгереді. Мысалы, мен өзім эстрада өлеңдерін тыңдай алмайтын жағдайға жеттім. Эстетиканың өзі экзотикаға айналып барады. Шығармашылыққа баулу мектеп жасынан басталады. Бүгінгі таңда мектептердегі бейресми «аса маңызды емес сабақтар» тізіміндегі «Бейнелеу», «Ән-күй» сынды сабақтарға басымдылық беру керек. Ал шығармашылық шырағы жанған жан өзіне қажетті ортаны кейін тез тауып алады.

Шығармашылық шыңы жуырда өзіңіз бағындырған Ақсораң биіктігі сияқты, қазіргі таңдағы қазақ шығармашылығы қандай деңгейде деп ойлайсыз және қандай өзгертулер жетіспейді?  – Мен студенттеріме әрдайым «жазыңдар, жаза беріңдер» деп айтып отырамын. Одан әсте жалықпаймын, өйткені жазылған дүниенің  көп болғаны жақсы. Мейлі, ол бастапқыда шикілеу  шығар, бірақ алғашқы ізденіс, тырнақалды туындылары ғой. Олардың арасында шаһқар дүниелер көрінбей қалуы мүмкін, оған келісемін, бірақ, бұл құбылыстан ұтатынымыз – топырақ қалыңдайды.

Иә, әдебиеттің топырағы қалыңдайды. Нашар шығармалар қарашірікке айналады. Ал топырақ қалың болмай, ол жерде бәйтерек өспейтіні анық. Мысалы, француз әдебиетін қараңызшы, қанша жазушысы болды, олардың қанша шығармасы жазылды. Себебі оның әдебиет топырағы қалың. Сол топыраққа Аса Мәртебелі әдебиеттің алыбы Гюге тамыр жіберді емес пе? Сонымен қатар, жазылған мәтіннің көптігінен стиль, жанр, ағым, бағыттар пайда болады. Қазіргі халтура дегеніміз жүз жылдан кейін ең түсінікті тіл болмасына кім кепілдік бере алады?

Ашық-жарқын әңгімеңізге рахмет! – Өзіңе де үлкен рахмет. ЕҰУ-дың туын түсірмеңдер, қашан, қайда жүрсеңдер де биік ұстаңдар!

Әңгімелескен
Рамазан ЕСМАҒАМБЕТ, 
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің студенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий