Кәсіби маман дайындау мақсатымыз

Қазіргі пандемиялық жағдайларға сай 2021-2022 оқу жылына техникалық және кәсіптік білім беру орындарына қабылдау тәртібі өзгеріске ұшырауда. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан жаңа оқу жылына талапкерлер қабылдау тәртібі, жұмысшы біліктіліктер мен орта буын мамандары, қолданбалы бакалавриаттар үшін де көптеген өзгерістер енгізіліп жатыр.

Бұл мемлекеттік саясаттың негізінде 9 кластан кейінгі өтініш білдірген барлық талапкерлерді тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту мақсатында жүргізіліп отыр. Білім жүйсіндегі өзгерістердің бірі – мемлекеттік тапсырыстың талапкерлердің таңдауы бойынша оқу орындарына берілуі. Бұрын мемлекеттік тапсырыс оқу орындарының сұранысы бойынша бөлініп берілген болса, енді енгізілгелі отырған жаңа механизмге сай талапкерлер өздері колледжді және мамандықты таңдайды. Талапкер таңдау жасауы арқылы еліміздегі жағдай жасалған  сапалы білім беретін колледжді анықтайды.

«Студентке бөлінген қаражат» принципімен қабылдау механизміне өзгеріс енгізу арқылы колледждер арасындағы бәсекелестікті және жекелеген көлледждердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықтың орын алу қаупінің алдын алу және оны мүлдем болдырмау мақсатында жүргізіліп отыр. Жаңалықтың бірі – талапкерлер емтихан тапсырмайды, тек педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтары бойынша өзгешеліктер бар.

Оқуға қабылдағанда талапкердің аттестатының бағалары есепке алынады, яғни қазақ немесе орыс тілі және мамандыққа сай бейіндік пәндердің бағаларының орта балы есептеледі. Бұл барлық орта буын маманы мен қолданбалы бакалавриат бойынша ортақ, тек педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарда арнайы және шығармашылық емтиханның бағалары қоса есептеледі. Тағы бір жаңалық – талапкер e-gov арқылы Арнайы ақпараттық жүйеге онлайн құжат тапсырған кезде 4 колледжге және 4 мамандыққа дейін таңдау жасай алады.

Яғни өз қалауынша 1 колледждің 4 мамандығын немесе 4 колледжде 1 мамандықты таңдап көрсете алады. Арнайы ақпараттық жүйеде жүргізілетін онлайн конкурс кезінде бірінші таңдаған колледжі мен мамандығына басымдық беріледі. Талапкерлер үшін оқуға құжат тапсырудың өзіндік ерекшеліктері бар, алдымен таңдаған мамандығының  біліктілік деңгейін анықтауы қажет. Орта буын маманы немесе қолданбалы бакалавратты таңдаған жағдайда e-gov арқылы Арнайы ақпараттық жүйеге тапсырса, ал жұмысшы біліктіліктерге түскісі келсе тікелей оқығысы келетін колледжіне тапсыруы керек болады.

Орта буын мамандарына талапкерлер құжатты алдын ала e-gov арқылы онлайн режимде, яғни алдымен Арнайы ақпараттық жүйеде 20 маусымнан 18 тамыз аралығында  облыстық білім беру  басқармаларының сайты арқылы онлайн өтінім береді. Өзінің аттестатының электрондық нұсқасын, медициналық анықтама, фотосын, квота алуға мүмкіндік беретін анықтамаларды басқа да құжаттарын тіркеуі тиіс. Арнайы ақпараттық жүйеде 19-22 тамыз аралығында онлайн конкурс өткізіліп, 23 тамыздан бастап талапкерлердің қай колледжге түскені туралы ақпарат талапкердің виртуалды жеке бөлмесіне жіберіледі.

Әр колледждің виртуалды қабылдау бөлмесіне оқуға түскен барлық талапкерлердің құжаттары келіп түседі. Ал жұмысшы біліктіліктерге талапкерлер құжаттарын e-gov арқылы онлайн немесе тікелей өзі барып колледждің қабылдау комиссиясына 20 маусымнан 18 тамыз аралығында тапсырады. Арнайы бекітілген кестеге сай әңгімелесу жүргііледі. Егер  талапкерлер саны мемлекеттік тапсырысқа бөлінген орын санынан артқан жағдайда конкурста аттестаттың бейіндік пәндерінің балдары (қазақ/орыс тілі және бейіндік пәндер) есепке алынады.

Жаңа оқу жылына қабылдауға басқа да жеңілдіктер қарастырылған, толық емес отбасы мәртебесі мен көп балалары аналарға квота қарастырылған. ҚР  «Білім туралы» Заңының (27. 07. 2007 ж, №319) 26-бабының 8-тармағына және ел Үкіметінің  «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы» (28. 02. 2012 ж, №264) қаулысына сай техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде:

I, II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек-балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 1 пайыз; басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер үшін –  0,5 пайыз; ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін – 30 пайыз; Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 4 пайыз.

Және жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасын жоғалтқан немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары үшін бір пайыз; Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін – 10 пайыз; кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5 пайыз; кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін бір пайыз. 

Тоғызыншы бала кезінен мүгедек балаларды, І, ІІ топтағы мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 1 пайыз қабылдау квотасы көзделеді. Алпыс жылдан астам қызмет көрсету саласындағы тарихы мен болашағы зор, қалыптасқан  дәстүрі, шығармашыл ұжымы бар Орал «Сервис» технологиялық колледжі де білім беру жүйесінде орын алып отырған өзгерістерден кеш қалып көрген емес. «Ата кәсіп – елге нәсіп», – деп дана халқымыз айтқандай, мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына жаңа көзқараспен қарауына орай колледж «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Шаштараз өнері» мамандықтары бойынша елімізге жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлап келеді. 

Білім алушы жастарға колледж мамандықтарын терең меңгеруі мен сапалы кәсіби білім алу үшін барлық жағдайлар жасалған. Колледж қабырғасында сапалы маман даярлау үшін талапқа сай материалдық-техникалық базасы жабдықталған: Интернет желісіне қосылған мультимедиялық кабинеттер, компьютерлік кластар, оқу шеберханалары, оқу лабораториялары, оқу кафетерийі, асхана, спортзал, акт залы, 300 орындық жатақхана. Әлеуметтік серіктестермен байланыс орнатылып, студенттерді кәсіби даярлау жұмысы жолға қойылған.

WorldSkills Oral өңірлік чемпионаты, WorldSkills Kazakstah ұлттық чемпионаты, халықаралық деңгейдегі «Uzbekistan Skills» чемпионаттарының «Сән технологиясы», «Шаштараз өнері» және «Аспаз ісі» құзыреттіліктерінің жүлдегерлері, «Аspara Fashion Week» жобасының ұйымдастыруымен өткен колледждер арасындағы Ұлттық «Нео фольклор» стиліндегі киім дизайнерлер байқауының жүлдегері атанған шәкірттеріміз, ұлттық «WorldSkills Kazakstan»  чемпионатының  сарапшылары болып табылатын педагогтарымыз бар. Колледж 2021-2022 оқу жылына қабылдауда білім жүйесіндегі өзгерістерді ескере келе, 9 кластың  базасында талапкерлерді жұмысшы біліктіліктер мен орта буын мамандарына қабылдауды жоспарлайды.

Орта буын маманына 10130300 «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша 3W10130301 «Кондитер-безендіруші», 3W10130302 «Аспазшы», 4S10130303 «Технолог» біліктіліктеріне орыс тілінде қабылдайды. Мамандық бойынша бейіндік пәндері: орыс тілі, алгебра, биология.  07230100 «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша 3W07230102 «Арнайы тігінші», 3W07230105 «Модельер-пішуші», 4S07230106 «Модельер-конструктор» біліктіліктеріне орыс тілінде қабылдау жоспарлануда. Бейіндік пәндері: орыс тілі, алгебра, химия.

Жұмысшы біліктіліктерге 10120100 «Шаштараз өнері» мамандығы 3W10120101 «Шаштараз стилисті» біліктілігіне орыс тілінде, 10130300 «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы 3W10130302 «Аспазшы» біліктілігіне қазақ тілінде, 07230100 «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы 3W07230102 «Арнайы тігінші» біліктілігіне қазақ тілінде қабылдағалы отыр. Құжаттарыңызды колледждің қабылдау комиссиясына тікелей келіп немесе e-gov арқылы тапсыруға болады.

«Жас маман» жобасына іріктелген 180 колледждің қатарына енген колледж 2021 жылы аспаз, тігінші кәсіптері бойынша материалдық-техникалық базаны жаңартып, әлемдік деңгейде қолданыстағы жаңа құрал-жабдықтар сатып алу бағытында жұмыстанып жатыр. Осы жоба шеңберінде 4 оқу шеберханасы, 2 оқу кабинеті жабдықталмақ. Жаңа оқу жылында жұмысшы біліктіліктерге қабылданатын талапкерлерді Финляндияның Soprano Group компаниясы жасақтаған «Шеф-аспазшы», «Арнайы тігінші» кәсіптік оқу бағдарламалары негізіндегі жаңа білім бағдарламаларымен даярлауды бастамақпыз.

Жобаны жүзеге асыру арқылы түлектерімізді әлемдік стандарттарға сай даярлау мүмкіндігіне ие боламыз. Шәкіртақы алу, жатақханада тегін тұру, бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылу, оқуды аяқтағанда модульдық жүйе бойынша бірнеше біліктілікті алып шығу мүмкіндіктерін ұсынамыз. Толық ақпаратты колледждің арнайы парақшаларынан таба аласыздар: www.utks.gov.kz сайты, u_t_k_servis instagram парақшасы, Utk Servis Facebook парақшасы.

Айгүл Бисенбайқызы ИСКАЛИЕВА,
Орал «Сервис» технологиялық колледжінің
басшысы, техника ғылымдарының магистрі,
Батыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий