Жаңа көкжиектерге жол ашу

Қостанайдың физика-математика лицейінде жаңа STEM-зертханасы ашылып, 3D-принтерді, робототехникалық жиынтықтарды, модульдік станоктарды қамтитын жаңа жабдықтың арқасында шәкірттер оқу процесінен қол үзбей, өздерінің креативті идеялары мен жобаларын іске асыруға мүмкіндік алды, – деп хабарлайды осы облыстағы білім басқармасының баспасөз қызметі.

– Балаларды қорғау күнінде жаңа STEM-зертхананың ашылуы кездейсоқ емес, өйткені сапалы білім беру процесін, оқушылардың таланттары мен қабілеттерін дамыту мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін тиісті жағдай жасау маңызды, – деді білім басқармасы басшысының орынбасары Айман Ибраева. Физика-математика лицейіндегі STEM-зертхананы сатып алу үшін бюджеттен 12 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Шамамен 56 миллион теңгені құрайтын STEM-зертханалар облыстың тағы бес мектебінде ашылады.
Бүгінгі таңда Қостанай қаласының «Білім-инновация» лицейінде, Әулиекөл ауданының Съянов атындағы орта мектебінде және Жітіқара ауданының № 12 орта мектебінде зертханалар іске қосылды. Жақын арада Тобыл қаласының мектеп-гимназиясында тағы бір зертхананың пайдалануға берілетіндігі жоспарланған. STEM-бағыты дамудың төрт негізгі саласын қамтиды: инженерлік іс, бағдарламалау және 3D-үлгілеу, сондай-ақ физика, биология, география, астрономия бойынша бағдарламалық жасақтама.

Осының арқасында біздің оқушылар цифрлық технологияларды меңгеру дағдыларын дамыта отырып, келешекте ІТ-саласында табысты маман бола алады. Ал педагогтар 3D презентацияларды, виртуалды модельдер мен тәжірибелерді пайдалана отырып, бірқатар пәндерді оқытудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болады. Сәттілік тілейміз!
