Сапалы білім беруді жаңғыртудың маңыздылығы
Республиканың білім беру саласындағы қазіргі заманғы үрдістер және оның әртүрлі деңгейлерінің алдында тұрған міндеттер олардың жалпы білім беру жүйесіндегі рөлін, функциялары мен орнын қайта ойлау, оларды одан әрі дамытудың жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттілігін туындатады. Жоғары тиімді білім беру жүйесі ел экономикасы мен қазақстандық қоғамның тұрақты өсуін қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі болып табылады.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында: “Жаңа жиырма бірінші ғасырда білімін дамыта алмаған ел сәтсіздікке ұшырайды. Білім реформасы – бұл Қазақстанның нақты бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі”, – деген сөздері біздің ойлануымызға себеп болды, білім беру жүйесінде бәсекеге қабілетті болудың тиімді жолдарын зерделеуге түрткі болды. Біздің білім беру жүйесіне қайта орала отырып, басты тұлға – мұғалім екенін, білім сапасын жақсарту үшін жаңа тәсілдерді, әдістерді, талаптарды жүзеге асыру керектігін жіті түсіндік.
Бұл дәуірдің ерекшелігі сол, әлем тез өзгеруде, әлемдік білім беру жүйесіндегі қарқынды және жаһандық өзгерістерді дұрыс пайымдап, заман легіне жылдам лесіп отырмасақ, заманауи қоғам жаңалықтарын байқамай қалуымыз да мүмкін. Бүгінгі таңда білім беру жүйелерін қайта жаңғырту серпінді дамып келе жатқан елдерде қажетті құбылысқа айналды десек артық емес, өйткені, біздің білім беру жүйесіндегі реформалар жыл сайын өз ерекшелігімен енуде және тиімділігі де артуда.
Мемлекетіміздің білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты – жаһандануды ескере отырып, оны нарықтық экономика жағдайында сапалы қайта құруды қамтамасыз ету. Білім беруді реформалау осы салада жинақталған оң әлеуетті сақтау негізінде осы процесті тереңдету мен дамыту үшін жаңа құқықтық, ғылыми-әдістемелік, қаржы-материалдық жағдайлар жасауды және барабар кадрлық қамтамасыз етуді талап етеді.
Қоғамдағы серпінді әлеуметтік және экономикалық өзгерістер жағдайында сапалы білім беру реформасын жүргізу егжей-тегжейлі пысықталған жағдайда ғана мүмкін болады. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, экономикасы тұрақты, халықтың өмір сүру мәртебесі жоғары шет елдерде білім беру рейтингі ЭЫДҰ жүргізетін зерттеулерге сәйкес келеді. Олардың қатарында Сингапур Финляндия, Жапония, Оңтүстік Корея тағы басқа елдер бар, бұл мемлекеттер өзгерістердің қажеттігін ертерек түсініп, болып жатқан өзгерістердің талаптарын, ЭЫДҰ ұсынымдарын ескере отырып, білім беру жүйелерін реформалау бағдарламаларын ойластырып, әзірледі.
Қазірде қазақстандық білім жүйесінде көптеген реформалар жүргізілуде, оның тиімділігі мен жоғары нәтижелері байқалып жатыр, дегенмен, қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалуға болмайды, жетілдіріліп, алға жылжу қажет. Бүгінгі жаңашыл ұстаз білім алу дағдыларын қалыптастырудың маңыздылығын ескере отырып, оқушылардың білімі мен дағдыларын дамытуда ғана емес, сонымен қатар жеке қалыптасуында да құзіреттілік танытуы керек, оқуда дараландырумен қатар студенттердің танымын заманауи талаптарға бейімдеуі тиіс, бұл бағыт жетекші елдерді білім беру жүйесінің оқыту әдістемесінде бұрыннан қолданылған әрдайым жаңартылып отырады.
Республика көлемінде ұйымдастырылып жатқан біліктілік талаптары кәсіби даму оқытушыдан білім беру қоғамдастығы шеңберінде өзіндік ұстанымын талап ететіндігін және оқыту практикасы мен оқыту оқытушының тікелей қатысуымен зерттеу нәтижелері негізінде жасалатындығын ұғынуға мүмкіндік туғызды. Жоғары және тұрақты нәтижеге қол жеткізген кейбір елдердің білім беру жүйесіне қарасақ, жапон мектептерінде демократиялық қоғам азаматтарын тәрбиелеуді басты мақсат тұтып, өз күшіне сенімді балаларға оқудың алғашқы күндерінен бастап топта жұмыс істеу қабілетін меңгертеді және құрметпен қарауға үйретеді.
Финляндиядағы мектептерде білім берудің мақсаты өзінің талантын өзі ашуға қабілетті, үнемі оқитын және үнемі өзгеріп отыратын қоғамға тез бейімделетін тұлғаны қалыптастыру, бұл сол елдегі жетістіктің маңызды бөлігін құрайды. Мектеп жасындағы балалардың өздерін бір-бірін оқытатын шағын топтарда оқыту арқылы жүзеге асыру басымдығына ие. Фин, жапон студенттерін бағалау, менің ойымша, балаларға өздерінің қабілеттерін түсінуге және жақсы оқу нәтижелеріне жету үшін оларды шоғырландыруға үйретеді. Соның нәтижесінде оқушылары сыни ойлай алады, әртүрлі дереккөздерден қажетті ақпаратты таба алады, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалана алады, оқытудың осы қасиеттері мен тиімділігін олардың мұғалімі береді.
Өйткені олардың мемлекеттерінің уақыты, саясаты, білім беруді реформалау мұғалімнің “қол қусырып”жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан да мұғалімнің еңбегі жоғары бағаланады, мұғалімнің кәсіби мәртебесі көтеріледі. Мұғалім қоғамның талаптарын өзі түсінеді, өйткені ол жетілдіріліп, өзінің кәсіби өсуін қазіргі әлемде, тез өзгеретін әлемде қажет деп санайды. Мұғалім өз ісінің маманы болуы керек, оның жоғары мәртебесі қоғам алдында құрметті болуы керек дедік, сол мақсатта мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданды, бұл осы мамандыққа білікті адамдарды тартуға, сол арқылы мұғалім мәртебесін арттыруға мүмкіндік берді.
Шынында да, әлемнің көптеген елдерінде, әсіресе, біз айтып отырған білім беру саласындағы жетекші елдерде мектеп мұғалімі болып жұмыс істеу біздің қазақстандық қоғамдағыдай емес, таңдалған мансап болып табылады, біз де осы үрдісті біртіндеп қағидаға айналдыруымыз қажет, жоғары білім алуды немесе педагогикалық білімді басқа қызмет саласында мансап жасау үшін бастапқы саты деп ұғынатындар да бар, өкінішке орай. Соңғы жылдары ҰБТ тапсырғаннан кейін көптеген түлектер педагогикалық факультеттерге түседі, өйткені онда гранттар көп, бірақ педагогикалық факультеттерді бітірген соң көптеген “жас мамандар” білім беру жүйесіне баруға тырыспайды.
Осындай түйіткіл мәселерді шешу үшін мұғалімдік мамандыққа өте жақсы оқыған әрі осы мамандықты жүрегімен таңдаған оқушыларды тартуымыз керек, бұл жерде мектеп мұғалімдерінің көмегіне жүгінген абзал, жанашыр мектеп мұғалімдері оқушыларға дұрыс мамандық таңдауға көмектесіп, мүмкіндік жасауға ықпал ете алады әрі қатаң іріктеудің арқасында жоғары сапалы білікті мұғалімдер дайындалады. Президент Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның әлеуметтік прогресінде табысқа жетудегі шешуші фактор білім беру жүйесін жаңғыртуды табысты жүргізу болып табылатынын айтты.
Болашақ бәрімізге ортақ, бүгін біз жас, қарқынды дамып келе жатқан мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, ол жоғары білікті мамандарға қажеттілікті талап етеді, олардың қамтамасыз етілуі, әрине, білім беру жүйесіне тікелей байланысты. Қазіргі таңда біз қазақстандық білім беру жүйесін реформалауды сезініп, көріп отырмыз, білім беру жүйесін реформалауға біздің мемлекетіміз үнемі талпынып жатқанын білеміз. Ендігі таңда білім берудің мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарын іске асыру үшін оқытудың мазмұны мен әдістерін жетілдіру арқылы білім сапасын арттыру, оқушылардың білімі мен кәсіби қызметін бағалаудың басқа критерийлері мен тәсілдерін енгізу бағытында жұмыс жасауымыз тиімді болар еді.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде осы бағытта жұмыс атқаруда олардың көпшілігі білім беру жүйесіндегі жаңа өзгерістерді түсінеді және оларға оң қарайды және оқу үрдісіне жаңа тәсілдерді енгізді, оқытушылардың басым көпшілігі білім сапасын модернизациялаудың тетіктерін меңгерген, тың әрі тиімді инновацияларды енгізуге тырысады, көп нәрсе жаңа бағытқа өзгеруде, инклюзивті білім беру дамуда, оқытушылар мен студенттердің өздері заманауи талаптарға сәтті бейімделіп, нәтижеге бағытталған жұмыстар атқаруға жағдай жасалған. Біздің түлектеріміз Қазақстанның жетекші оқу орындары мен шетелдің жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруда.
Бұл қуантады, шетелде оқуға мүмкіндік бар, бұл да тамаша. Барлық оқытушылар деңгейлік курстардан өтіп, Қазақстан Республикасы педагогқызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының деңгейлік бағдарламалары ұсынған жаңа тәсілдерді, оқыту әдістерін толық игерген. Дәстүрлі оқыту форматынан конструктивистік теорияға негізделген оқыту негізге алынған, оқытушылар мен студенттерге қойылған мақсаттарға қол жеткізуге үшін қолайлы орта құрылған, бұның бәрі оқыту мен оқуда барынша жетістікке жетуге ықпал ететіні анық.
Қазіргі заман, жаһандық әлем мұғалімдерінен біздің барлық жетістіктерімізді жұмылдыруды, қол жеткізген жетістіктерімізбен тоқтап қалмауды, білім беру жүйесінде көшбасшы елдермен бір сатыда болуды, алға жылжуды талап етіп отыр, біз сол талаптарды орындауға тырысудамыз. Бұған біздің күшіміз де, санамызда жетеді, бұл бәрімізге, балаларымызға, мемлекетімізге өте қажет, жақсы мұғалімсіз жақсы білім жоқ. Бұл қарапайым аксиома. Бірақ бәрі бірдей жақсы тәрбиеші немесе мұғалім, оқытушы бола бермейтінін ұмытпауымыз керек, зерделей отырып, болашаққа жаңа қадам жасау керектігін саналы түрде түсініп, ұғынсақ сапалы білім өз деңгейіне жетері хақ.
Айсұлу Нұрдынқызы ТҰРАРОВА,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік
университіндегі гуманитарлық-әлеуметтік
ғылымдар факультетінің деканы, ф.ғ.к., доцент