Жас маман жобасы: Бәсекеге қабілеттіліктің негізі

Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, болашағы. Кәсіптік-техникалық білім беру саласының мақсаты – еңбек нарығының және жұмыс берушілердің сұранысына жауап беретін, материалдық-техникалық базасы мықты, жаңа мемлекеттік стандарттарға сай келетін оқу орындарында бәсекеге қабілетті, білікті де білімді мамандар даярлау. Осындай мақсаттар мүддесіне қызмет етуді қолға ала отырып, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еңбек нарығында сұранысқа ие 100 мамандық негізінде колледждерді қайта жарақтандыру және жоғары білікті кәсіп иелерін дайындаудағы халықаралық тәжірибені енгізу мақсатында республикалық «Жас маман» жобасы бастау алған болатын.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің «2020 жылдың үздік колледжі» грантының иегері қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің ұсынған бағдарламасы республикалық «Жас маман» жобасы іріктеуінің жеңімпаздары қатарынан орын алуы үлкен жауапкершілік жүктеді. Біздің оқу орнының арнайы мамандары жақын және алыс шет елдердегі оқу орындарында болып, сервис саласындағы озық технологиялармен танысып, зерттеп, зерделеді. Ресей мемлекетінің Қазан, Екатеринбург, Тверь, Санкт-Петербург қалаларының, Грузия, Корея, Жаңа Зелендияда, Финляндия мемлекеттерінің кәсіптік білім беру саласындағы тың өзгерістерімен танысып қайтты.

Жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, елорда әкімдігінің қолдауымен жаңадан салынған мекен-жайдан 500 шаршы метрді құрайтын ғимарат берілді. «Аспаз ісі», «Мейрамхана қызметі», «Кондитер ісі», «Наубайхана шеберлігі» бағыттары бойынша эксклюзивті дизайнмен, лофт стильде, заманауи сервис жүйесінің озық техникаларымен жабдықталған құзыреттілік орталығының заманауи материалдық-техникалық базасы сервис саласының мамандарын дайындаудың жаңа деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Құзыреттілік орталығында еңбек нарығының талаптарына сай келетін, сервистік жүйенің инновациялық моделімен үйлесетін, болашақ мамандардың сапалы тәжірибелік дайындығын жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін алты жұмыс алаңы жасақталған. WorldSkills чемпионаттарының әлемдік стандартқа сәйкес келетін креативті – инновациялық жобаларды жүзеге асыруға арналған «Аспаздық студия», «Кондитер цехы», «Шағын наубайхана», «Бизнес орталық», «Атмосфералық кафе» сияқты құзыреттілік жұмыс орындары Италия, Германия, Швеция және тағы да басқа еуропа елдерінің заманауи құрылғыларымен жабдықталған.

Автоматтандыру жүйесін енгізу мақсатында R-Keeper бағдарламасы, «Бар» жобалық зертханасының материалдық-техникалық базасын WorldSkills әлем чемпионатында «Мейрамхана сервисі» құзыреттілігі бойынша қолданылатын, кофе жасауға арналған соңғы үлгідегі жоғары технологиялы, ТМД-да теңдесі жоқ бірегей «ASTORIA» кофе машинасы орнатылған. Мұнда: Халықаралық WorldSkills қозғалысының талаптарына сай бәсекеге қабілетті сапалы мамандар дайындау, халықаралық WorldSkills чемпионатын ұйымдастыру және оған қатысу ережелері мен регламенті бойынша командалар дайындауды, эксперттер мен шеберлерді оқытуды, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «AstauFest» халықаралық гастрономиялық фестивалі және «Ұмытылған ұлттық тағамдар» жобасы, Италия мемлекетінің қолдауымен жүзеге асырылған «Slow food – тағамды үнемдейміз – әлемді өзгертеміз» сияқты инновациялық жобаларды жүзеге асыратын болады.

Оқу орнының құзыреттілік орталығы қатысушыларды ұлттық чемпионатта сәтті өнер көрсетуге, ал ұлттық чемпионаттың жеңімпаздарын еуропа және басқа елдерде өтетін сайыстарға дайындауға мол мүмкіндік беретіні сөзсіз. Әлемді өзгертудің және бірінші болудың уақыты келді! Армандар орындалады, сеніңіз, алға ұмтылыңыз!

Зәуре Арапқызы ҚЫЛЫШБАЕВА,
Қоғамдық тамақтандыру және сервис
колледжінің директоры, экономика
ғылымдарының кандидаты, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий