Ақтөбе облысы: Жаңа балабақша пайдалануға берілді

Хромтау ауданының жұртшылығы үшін биылғы маусым айының алғашқы аптасы қуанышты жайтпен есте қалды. Көктау селолық округінде мемлекеттік тапсырыс негізіндегі “Адина” бөбекжай-балабақшасының ашылу рәсіміне аудан әкімі Азамат Бекет қатысып, жиналғандарға ізгі лебізін жеткізді, – деп хабарлайды Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

“Жау жүрек – мың бала” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен жүзеге асқан жобаның құрылысы екі жыл бұрын басталған болатын. Құны 90 миллион теңгені құрайтын әлеуметтік маңызы бар жаңа нысанның жобалық қуаты 125 баланы мектепке дейінгі біліммен қамтуға мүмкіндігі бар. Алайда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жұқпалы індетке қарсы сақтық шараларын ескеру арқылы әзірге 75 орынды ашуға келісім беріп отыр.
Шағын ұжымның кадрлық құрамы 11 педагогтен жасақталып, бес бағыт бойынша жұмыстарды атқармақ. Әрі жас жеткіншектердің денсаулығын нығайтып, дұрыс тамақтануына басымдық беріледі. Бала ақыл-өрісін тұрақты дамытып, үнемі жетілдіру үшін мекемедегі кабинеттер заманауи үлгіде жабдықталған. “Нұрлы көш” бағдарламасына сай бұл мәуелі мекенге көшіп келген өзге этнос өкілдері аз емес. Сондықтан халықтың ұсынысы бойынша төрт қазақ тобымен бірге бір орысша топ жасақталып, алғашқы кезеңде жергілікті отыз азамат тұрақты жұмыспен қамтылуда.
