Мектептегі әлеуметтік педагог жұмысының өзектілігі

Баланың жеке тұлға ретінде дамуы ата-аналардың, мектептің және мұғалімнің баланың бойына адамгершілік сезімдерін қалыптастыра білуіне байланысты. Адамдардың өзіңе қандай сыйластықпен қарағанын қалайтын болсаң, балаға өзге адамдарға да сондай қарым-қатынаста болуды үйрету қажет. Әлеуметтік педагог – балаға көмек көрсету үшін отбасының, мектептің, жұртшылықтың күш-жігерін біріктіруге арналған мектептегі маңызды тұлға.

Осы мақсатта мектебімізде әлеуметтік-педагогикалық патронаж жұмысы жүйелі жолға қойылған. Мектебіміздің орналасқан жерінің алыстығына орай, тәрбие жұмыстары негізінен сабақтан тыс уақытта жүргізіледі. Балалардың бос уақытын ұйымдастырудың жақсы жолға қойылуы  нәтижесінде  мектепішілік, ИДН есебінде тұратын тәрбиесі қиындау балалардың саны азайып, бүгінгі таңда есепте тұратын оқушы жоқ. «Қиын баланың» пайда болуы көп жағдайда «қиын ата-аналар» тәрбиесінің салдары болып табылады. Сондықтан да мектеп әкімшілігі осындай ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізуде. Жыл бойы балалардың қызығушылығын анықтау үшін көптеген игі іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мәселен, ата-аналардың қатысуымен ашық сынып сағаттары, тестілеу, сауалнамалар және тағы да басқа түрлі шаралар өткізілсе, балалардың «Өзін-өзі тану» клубы мен лезгинка мектебі «Zazan»  бірнеше жыл қатарынан қарқынды жұмыс жасауда. «Нәзік» би ұжымы да  қала мектептері арасында жүлделі орынға ие. «Отбасы» рейдтері шеңберінде іске асырылатын жұмыстың негізі көп балалы отбасы балаларының дамуына қолайлы жағдай жасау, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауда кешенді көмек көрсетудің негізгі бағыттарын айқындауға негізделген. Осы мақсатта Ата-ана – бала – мектеп үштік одағының, яғни білім беру процесіне қатысушылардың ынтымақтасты жұмыстарының жетістіктеріне тоқталып өтейін.

Ата – аналар өз баласы туралы өзін мазалап жүрген сұрақтарға мұғаліммен бірге жауап таба біледі, ата – аналардың мектепке, мұғалімге деген сенімі күшейеді, мектеп пен ата – ана ынтымақтастығынан тәрбиелі, білімді, жаңа заманға сай тұлға дамып келе жатқанын нәтижелерден көруге болады. Осы орайда, әлеуметтік педагог сынып жетекшілерімен бірге отбасымен танысудың әлеуметтік диагнозының кезеңдерін жасайды. Отбасы мүшелерімен байланыс орнату, отбасылық проблемалардың мәнін және олардың пайда болу себептерін анықтап, көмек шараларын ұйымдастырады. Отбасы өз бетінше шеше алмайтын мәселелерді шешуге көмектеседі.

Олардың қатарына атаулы әлеуметтік көмек көрсету, оқушыларды кеңсе тауарларымен, киіммен қамтамасыз ету, қиындықтарға тап болған ата-аналарға психологиялық – педагогикалық кеңес беру, баланың мүдделері мен құқықтарын қорғау, ата-аналарды міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту сияқты өзекті шаралар кіреді. Көп балалы отбасылармен жұмыста әлеуметтік диагностика нәтижесі негізінде сараланған тәсіл қолданылуда. Материалдық қиындықтарға тап болған тұрмысы нашар отбасыларға бірінші кезекте материалдық-тұрмыстық көмек, мектеп психологының қызметі (тренингтер, түзету-дамыту сабақтары, ата-аналар дәрістерін өткізу) көрсетіледі.

Негізгі демеушілер біздің мектептің түлектері екенін атап өткен жөн. Панкратионнан әлем чемпионы, джиу-джитсу спортынан әлем чемпионы, кәсіби жекпе-жек клубының жетекшісі Василий Тахтай, спортшы Кривохвост Юрий, «Жас Отан» жастар қанаты елордалық филиалының белсендісі Кирилл Казаку сияқты мектеп түлектері әрдайым демеушілік жасауда. Көп балалы отбасылармен жұмыс, ең алдымен, балалардың девиантты мінез-құлқының алдын алуға бағытталған. Бұл жұмыстың негізгі құрамдас бөлігі  жасөспірімдерді мәдени және бұқаралық іс-шараларға, үйірмелер мен спорт секцияларына тарту, экскурсиялар ұйымдастыру.

Бұл отбасындағы қарым-қатынасқа жағымды әсер етеді және баланың мінез-құлқы мен оқуына оң әсер етеді. Мектеп ішінде волейбол, баскетбол, футбол, дзюдо спорттық үйірмелері ұйымдастырылады. Әр түрлі мұражайларға, саябақтарға, театрларға оқушылар жиі апарылады.Сынып, мектеп, қоғам өміріне қатысу сезімі балалардың өзін-өзі бағалауын, қоғамға қажет және пайдалы болуға деген ұмтылысын арттырады. Көп балалы отбасылардың ата-аналарымен жұмыс істеу формаларының бірі педагогикалық сауаттылықты арттыру мақсатында тәрбиелеу бойынша кітапшалар, жадынамалар шығару болып табылады.

Осы мақсатта мектеп ұжымы әзірлеген практикалық ұсыныстар әлеуметтік педагогтің де, сынып жетекшілерінің де жұмыс тиімділігін арттыруда. Әлеуметтік педагог жұмысының тиімділігінің негізгі көрсеткіші білім алушылар контингентінің сақталуы және олардың әлеуметтік қорғалуы болып табылады. Сондай-ақ оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының Президенті сайланып, ұйым белсенділері тағайындалады. Өзін-өзі басқару ұйымы – оқушылардың уақытын тиімді пайдануға, мектепішілік тәртіпті бақылауға, оқушылардың оқу үлгерімдерін жақсартуға, жауапкершілікке және бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеуге зор ықпал етеді.

Өздігінен шешім қабылдай алатын әлеуметтік белсенді тұлғаны тәрбиелеу бүкіл білім беру жүйесінің басты міндеті. Жоғарыда айтылған шаралардың сапалы ұйымдастырылып өткізілуі мен кері байланысының арқасында мектебімізде білім сапасы артты. Мектептің білім сапасын арттыруда педагогтің жауапкершілігі зор болса, заман талабы педагогтен кәсіби білімді, білік пен дағдыны, мақсат қоюшылықты игеруге деген қызығушылық және білім беру қызметінде ынталылық, педагогикалық және әлеуметтік педагогика мен психологияның негіздерін қолдана білу қабілетін талап ететінін ұқтырды.

Мектебімізде білім сапасын арттыру, болашақ білімді азамат қалыптастыруда, мұғалімнің кәсіптік шеберлігін, құзырлығын арттыруда мектеп жұмысының, әдістемелік жұмыстың ұжымдық, топтық, жеке, белсенді түрлері мен әдістері кеңінен қолданылуда. Озат тәжірибе бойынша іс-тәжірибе тарату жұмыстары, шығармашылық есептер беру, әдістемелік апталықтар, оқушылардың ғылыми жұмыстары, әдістемелік сипаттағы семинарлар, конференциялар өз жалғастарын табуда. Әр бала дарынды, әр бала – бұл бүкіл әлем.

Баланың даралығы мен жеке қасиеттеріне сүйене отырып, өз талантын уақытында байқап, ашуға көмектесу әлеуметтік жұмыстың негізгі қағидасы. Бүгінгі таңда алпыс жыл толған мектебіміз тәрбие мен білімді ұштастыра отырып, жеке тұлғаның қабілетін, мүмкіндігін және қызығушылығын ескере отырып сапалы білім алуға толықтай жағдай жасауда.

Саулеш Қуатқызы БАЙМҰХАМБЕТОВА,
№ 21 орта
мектептің директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий