Білім сапасы: Жазғы мектептің жақсылығы

Салалық министрлік тарапынан қашықтан оқыту нәтижесінде туындаған білімдегі олқылықтардың орнын толтыру, оқыту сапасын арттыру мақсатында мамыр айының 26-ы мен маусымның 19-ы аралығында еліміздің барлық білім беру мекемелерінде алғаш рет жазғы мектептердің ұйымдастырылатындығы хабарланғаны баршамызға белгілі.

Бұл бағалы бастама ата-ана мен  ұстаздар үшін қуанарлық жаңалық болды. 2020-2021 оқу жылы көптеген өлшемдер бойынша ерекшеленді: мұғалімдер пән тақырыптарын оқушылармен онлайн режимінде ұйымдастырып, теледидар сабақтарын игерді әрі офлайн сабақтарда әлеуметтік қашықтықты сақтауды үйренді. Біздің білім шаңырағы осыған орай ең алдымен жазғы мектепті ұйымдастыру  мәселелері бойынша ата-аналармен және 1-10 сынып оқушыларымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әр ата-ананың өтініші бойынша оқушылар жазғы мектепке қабылданды.

Әдістемелік бірлестік отырысында оқу пәндерінің тізімін нақтылап, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар құрылды. Шәкірттердің оқу үлгеріміндегі әлсіз тұстарын ескере отырып, күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар қайта қаралды. Оқытудың қол жеткізілмеген  мақсаттарын ескеру арқылы арнайы жоспарлар құрастырылып, оқу пәндері бойынша цифрлық ресурстар әзірленді. Сабақ кестесі түзіліп, бірінші күннен-ақ санитарлық-қауіпсіздік шараларды қатаң аясында оқушылардың қосымша білім алуына барлық жағдай жасалды.

Қазіргі кезде оқушылар маска режимін және барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, 15 адамға дейін топтарда оқытылуда. 1-10 сынып оқушылары жазғы мектепте негізгі пәндер бойынша білім алуда. Сабақ кезінде оқушылар тек қана біліммен ғана емес, ізденістермен де айналысуына мүмкіндіктер қарастырылған. Бастауыш сыныпта негізгі пәндермен бірге көркем жазуға да басты назар аударылуда. Білім алушылардың танымдық ынтасын арттыру мақсатында қосымша ойын-сауық материалдарын, тест тапсырмаларын, шығармашылық сипаттағы дидактикалық материалдарды, аудиовизуалды құралдарды (графика, аудио, бейнематериалдар), таныстырылымдарды, сараланған оқу тапсырмаларын ұстаздар сабақ барысында тиімді қолданады.

Негізгі пәндер бойынша сабақтар оқу жылының ең маңызды тақырыптарын қамтиды. Әр сыныпта тәрбие сағаттары да ұйымдастырылған. Жазғы мектептегі сабақтар қашықтан білім алған оқушылар үшін ерекше маңызды. Себебі бұл үдеріс білім сапасындағы олқылықтардың орнын толтырумен қатар, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануға да мүмкіндік береді. Жазғы мектептің ұтымды ұйымдастырылуы білім сапасының жақсаруына ықпалын тигізеріне сенім мол.

Гулдания Кашебдинкызы ШАГИРОВА,
№4  жалпы білім беретін  мектептің қазақ
тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Қарағанды
облысының Балқаш қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий