Әлімхан Ермеков – 130: Ғылыми өнердің нағыз ақыны

Биыл еліміз бойынша ұлтымыздың көрнекті қоғам қайраткері, «Алаш орда» партиясының негізін қалаушылардың бірі, қазақтың тұңғыш математик-профессоры Әлімхан  Ермековтің 130 жылдығы кеңінен атап өтілуде. Біз тәуелсіз мемлекетіміздің бостандығы үшін зор үлес қосу жолындағы саналы ғұмырында сансыз қайғы – қасіретке душар болған тарихи тұлғаның ұмытылмас есімі мен ерлікпен еншілес ерен еңбегін жерлесіміз екендігін зор мақтанышпен айрықша атап айтамыз.

Әлімхан Әбеуұлы ұстаздық қызметінің соңғы жылдарында Қарағанды техникалық университетінде, сол жылдары (1955-1961жж.) Қарағанды тау – кен институтында, кейін политехникалық институтында жұмыс істеді. Ол өткен ғасыр көшіндегі аңыз адамдырдың бірегейі. Сұлтанмахмұт ақын Торайғыров алты алашты алға жетелеген көшбасшыларға арнаған поэмасында ұлтжанды қайсар жанды төмендегіше сипаттайды: «Жас Ермеков ұшқыр және қырағы сұңқар сияқты, алғыр және көреген…».

Ол тағдырдың барлық сынақтарына лайықты түрде шыдап, өмір бойы адамдық асыл қасиеттері мен өмірлік ұстанымын сақтап қалды. Көрнекті қоғам қайраткерінің мерейтойлық жылында Қарағанды техникалық университеті студенттердің шығармашылық қабілеттерін және ғылыми-зерттеу қызметіне деген қызығушылығын анықтау және дамыту, жастар арасында ғылыми білімді насихаттау мақсатында математика пәні бойынша республикалық студенттік пәндік олимпиаданы онлайн режимінде ұйымдастырды. Бұл білім бәсекесіне еліміздің жиырма жетекші жоғары оқу орнынан 188 студент үміткер қатысып, бақтарын сынаған болатын.

Жеңімпаздар Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, Назарбаев университетінің, Қарағанды техникалық университетінің студенттері болды. Ал сәуір айының ортасында ҚарТУ-де Әлімхан Ермековтің атаулы аудиториясы ашылды. «Әлімхан Ермеков және қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференцияға облысы әкімдігінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Ресей, Қытай, Болгария, Словения, Словакия ғалымдары, қазақстандық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, ғылыми орталықтардың, мұрағаттар мен мұражайлардың өкілдері шақырылған еді. 

Әлімхан Ермековтің өнегелі өмірі мен қажырлы қызметі – тәуелсіз мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілік тұрғысында жан-жақты сала бойынша ілгері дамуын қамтамасыз ететін жалынды жастар үшін нағыз үлгі болары даусыз.

Сәуле Шарапатқызы ҚАЖЫКЕНОВА,
жоғары математика кафедраның меңгерушісі,
т.ғ.д., профессор,
Нелла Фуатовна АБАЕВА,
жоғары математика кафедрасының
доцент м.а п.ғ.к, Қарағанды қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий