ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова: Ауыл оқушылары үшін жеке зияткерлік жарыстар қарастырылуда

ҚР Білім және ғылым вице министрі Шолпан Каринованың «Қазақстанда білім берудің барлық деңгейлерінде білім беру олимпиадаларын өткізу» тақырыбындағы брифингте сөйлеген сөзінің толық нұсқасын оқырмандардың назарына ұсынамыз.

Балалардың дарындылығын қолдау зияткерлік олимпиадалар, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурстары, орындаушылар конкурстары, кәсіби шеберлік конкурстары мен спорттық жарыстар өткізу арқылы жүзеге асырылады. ҚР Білім және ғылым министрлігі өткізетін зияткерлік олимпиадалар мен конкурстарды «Дарын» республикалық орталығы, шығармашылық және көркемдік бағыттарды – Республикалық қосымша білім беру орталығы, спорттық бағыттарды – республикалық дене шынықтыру және спорт орталығы үйлестіреді.

Айта кету керек, ҚР Білім және ғылым министрлігі өткізетін барлық жарыстар, оның ішінде зияткерлік, шығармашылық, спорттық жарыстар бюджет қаражаты есебінен өткізіледі. Олардың барлығы балалар үшін тегін. Олимпиадалар мен жарыстардың қорытындысы бойынша жүлдегерлер мен жеңімпаздарға тиісті дипломдар, қатысушыларға сертификаттар беріледі және олар да балаларға тегін беріледі. Бұл өте маңызды, өйткені дарындылықты дамыту, қолдау, сондай-ақ ынталандыру әрі қарай дамуға үлкен әсер береді.

Сонымен қатар, білім беру қызметтері нарығында жеке ұйымдар жұмыс істейді, олар балаларға, мектептерге, мұғалімдерге, ата-аналарға әртүрлі ақпарат көздері арқылы өз қызметтерін ұсынады. Бұл қызмет көрсету саласы лицензияланбайды, Министрлік тарапынан ресми рұқсаттарды талап етпейді. Тәжірибеде олардың қызметтері ақылы, қатысу үшін ата-аналар өз қаражаттарын салады немесе басқа көздер тартылады. Айта кету керек, бұл жарыстардың деңгейі әр түрлі, ең нашары бар және балаларды дамуы тұрғысынан қызықты және танымдық деңгейлері де бар. Көбінесе бұл ұйымдар олимпиадалардың атауын Министрліктің олимпиадалар тізбесіндегідей атайды.

Бірақ Білім және ғылым министрлігінің бұл ақылы жарыстарға ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан балалар мен олардың ата-аналары, мұғалімдер мен мектептер әр түрлі олимпиадалар мен конкурстарға балалардың қатысуын таңдаған кезде мұқият болуы керек. Өз қаражатын жұмсамас бұрын, ұйымдастырушының кім екенін, балаларды дамытуда қандай тәжірибесі бар, балалардың оларға не үшін қатысуы керек, қандай да бір конкурс немесе олимпиада не беретінін, олардың қандай дағдылар мен құзыреттерді дамытатынын және тағы да басқаларды біліп алуы керек.

Жалпы, олимпиадалар мен конкурстарға қатысу – ерікті іс екенін атап өткен жөн. Әр ата-ананың өзі баласының ақылы жарыстарға қатысуын немесе қатыспауын өзі анықтайды. Бұл ретте педагогтердің де, мектеп әкімшіліктерінің де, әдістемелік қызметтердің де ақылы іс-шараларды ұйымдастыруға құқығы жоқ, ақылы түрде қатысуға мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Егер мәжбүрлеу фактілері болса, білім беру сапасын қамтамасыз ету Комитетінің аумақтық департаменттеріне жүгіну қажет.

Қазіргі уақытта “жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының, орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың тізбесін бекіту туралы”ҚР Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 514 бұйрығына өзгерістер енгізілді. 2021 жылға дейін қолданыста болған Олимпиадалар тізімінде 56 олимпиада мен конкурс болды. Бүгінде тізбе 175 іс-шараға дейін кеңейтілді.

Айта кету керек, әр түрлі бағыттардағы дарындылықты анықтау үшін өткізілетін жарыстардың саны ғана емес, сонымен қатар жарыстардың сапалық сипаттамалары да артты. Енді, барлық олимпиадалардың мектеп, аудан, қала, облыс кезеңдері болуы шарт. Бұл балаларды ынталандыру үшін маңызды, әрі педагогтардың еңбегін көтермелеу тұрғысынан да маңызды, өйткені нәтижелер олардың қызметін біліктілік бағалау кезінде электронды түрде ескерілетін болады. Бастауыш сынып оқушылары үшін, орта буын оқушылары үшін бұрынғы тізбесінде жоқ жеке олимпиадалар қарастырылды.

Ауыл оқушылары үшін жеке зияткерлік жарыстар қарастырылды. Олар өте маңызды, өйткені ауылдық мектеп оқушылары қалалық гимназиялар мен лицейлердің оқушыларымен бәсекелесуге әрдайым мүмкіндіктері жоқ. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған ұйымдар үшін зияткерлік жарыстар қарастырылған. Жалпы оқу деңгейі жоғары, бағдарламалар әртүрлі болғандықтан жарыстардың күрделілік деңгейі де олардың деңгейіне сәйкес әзірленді. Мектеп оқушыларына арналған жоғары оқу орындарының олимпиадалары анықталды, олардың мақсаты мамандыққа тарту, кәсіптерді игеру үшін тереңдетілген білімді өлшеу, кәсіптік бағдарлау жұмысы болып табылады.

Енді оқу жылының басында барлық ұйымдар олимпиадалар мен конкурстарды өткізу туралы ережелерді, қатысу шарттарын, бағалау критерийлерін және оларды өткізу мерзімдерін алатын болады. Бұл дарындылықты жүйелі дамытуға мүмкіндік береді. Барлық жарысқа қатысушылардың базасы және олардың нәтижелері ұлттық деректер қоры жүйесінде электронды түрде қолжетімді болады. Экология, смарт – технологиялар мәселелері бойынша конкурстар мен олимпиадалар, зерттеу конкурстары енгізілді.

Олимпиадалық тапсырмалар PISA, TIMMS, PIRLS халықаралық зерттеулерінің деңгейлерін де ескереді. Тізбеде IT – құзыреттер бойынша, шешендік өнер, музыкалық, шығармашылық бағыттағы конкурстар, музыканттар, суретшілер, театр өнері, хореографиялық, техникалық шығармашылық, балалар киносы фестивалі конкурстары, сондай-ақ кәсіби шеберлік конкурстары мен спорттық жарыстар бар. Сонымен қатар, тізбеге педагогтерге арналған 33 олимпиада мен конкурс алғаш рет енгізілді, олардың нәтижелері педагогтерді біліктілік беруге аттестаттау кезінде ескерілетін болады.

Ашықтық, Академиялық адалдық, қатысушылар үшін тең жағдай жасау және әділ нәтижелер – жарыстарды өткізуді автоматтандыру есебінен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, егер осы іс-шараларды ұйымдастырушылардың Академиялық адалдық, заңдылық, ашықтық, объективтілік, тегін өткізу қағидаттарын бұзу фактілері анықталса, онда олимпиада немесе конкурс тізбеден алынып тасталатын болады. Дәл осындай қағидаттар мен критерийлер жаңа іс-шаралар тізбесіне енгізу үшін де ескерілетін болады. Осылайша, министрлік елімізде өткізілетін конкурстар мен олимпиадалардың сапасы мен тиімділігін арттыруға ниетті.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий