Маман кеңесі: Бала тәрбиесінің он ережесі

Еліміздің көркейіп, өркениетті елдің қатарына қосылып, халықаралық деңгейге шығуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Қоғамның алғашқы ұйтқысы отбасында бала үлкендермен араласады. Баланың қоғамдық әлеуметтік дамуы жанұяда өз орнын алуынан басталады.

Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай, жақсыға да жаманға да бірдей бейімделгіш. Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» немесе «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөздер тегін айтылмаған. Ата-ана өзінің мінезі, дағдысы, сөзі, іс-әрекеті арқылы баласына үлгі көрсетеді.«Сіздер баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз деп ойламаңыздар, — деп жазады А.С. Макаренко – Сіздер оны өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлеріңізде жоқ уақыттың өзінде тәрбиелейсіздер, сіздер қалай киінесіздер, сіздер басқалармен қалай сөйлесесіздер немесе басқа адамдар туралы қалай қуанасыздар және ренжисіздер, сіздер достарыңызбен қандай қарым-қатынаста боласыздар, сіздер қалай күлесіздер, газет-журнал оқисыздар – осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар».

Бала әрқашанда ата-анадан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын қажет етіп, ата-ананы өмірдің тірегі деп санайды. Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін баланың күн тәртібі, жеке басына қойылған талаптар, міндеттер, үй еңбегіне араласуы, білімі, қызығушылықтары, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп ықпалын тигізу.

Бала тәрбиелеудің он ережесі: Балаңды сүй! Яғни оның қасында барына қуан, ол өзі қандай болса, солай қабылда, оны қорлама, оны жәбірлеме, оны өзіне деген сенімділігінен айырма, оны нақақтан жазалама, оны өзіңнің сеніміңнен мақұрым етпе, сені жақсы көруіне жағдай тудыр. Балаңды қорға! Яғни оны жаны мен тәніне қауіпті нәрселерден сақта, тіпті-егер қажет болса-жеке мүдделерінді құрбан етіп, басынды қатерге байлай отырып қорға. Балаңа жақсы үлгі бол! Оның бойына дәстүрлі құндылықтарға деген құрмет сезімін дарыт, өзің де сол құндылықтарға сәйкес өмір сүр, балаға жауапкершілік сезіммен қара.

Балаға үй іші тату, қарттарын құрметтеп, жақсы көретін, барлық туған-туысқандармен және досжарандармен етене жақын әрі шынайы байланыста болатын отбасы, ошақ қасы керек. Бала адалдық, кішіпейілділік, жарастық ұялаған отбасында өмір сүруге тиіс. Ата-ананың ерлі-зайыптылық адалдықты бұзуы, көре алмаушылық, арсыздық жолмен баю, балаға принципсіз байланыстар арқылы қандай да болсын пайда келтіру және басқалардың бәрі елдің ертеңгі азаматының моральдық бейнесіне мейлінше ұнамсыз әсер ететін «үлгі» құрайды.

Балаңмен ойна! Яғни балаңа қажет уақыт ажырат, оған қалай сөйлеп, қалай ойнау ұнаса, солай сөйлеп, солай ойна, оның ойындарына шындап ден қой, оның ұғым-түсініктер әлеміне бейімдел. Балаңмен бірге еңбектен! Балаң жұмысқа қатысқысы келгенде, оны демеп жібер (үйде, бақта, бақшада). Балаң өсіңкірегенде шаруашылыққа қажетті барлық жұмыстарға қатыстырып үйрет. Қолы бос кездері мен каникул уақытында ол мектеп ұйымдастырған іс-қызмет түрлеріне қатысуға тиіс. Баланың оңай болмаса да, өз бетімен өмірлік тәжірибе алуына жол қой! Бала өз басынан өткерген тәжірибені ғана мойындайды.

Сенің жеке тәжірибелігің балаң үшін көп жағдайда құнсыз болып шығады. Оған өзінің жеке тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік бер, тіпті бұл белгілі бір тәуекелмен байланысты болған күнде де солай істе. Шамадан тыс қорғаштаған, қауіптің қай-қайсысынан да «қамсыздандырылған» бала көп жағдайда әлеуметтік мүгедекке айналады. Балаға адамдық бостандықтың мүмкіндіктері мен шектерін көрсет! Ата-анасы баланың алдымен әрқайсысының дарындары мен ерекшеліктеріне сәйкес адамның жеке басының дамуы мен тұлғалануының тамаша мүмкіндіктерін ашуға тиіс.

Сонымен бірге оған кез-келген адам отбасында, ұжымда және жалпы қоғамда өзінің іс-әрекеттерінің белгілі бір шектерін мойындауы және сақтауы тиіс екенін көрсету қажет (заңды ұстану және өмір салты ережелерін сақтау). Баланы тіл алғыш етіп үйрет! Ата-анасы баланың мінез-құлқын қадағалап отыруға және оның іс-қылықтарын оның өзіне де, басқаларға да нұқсан келтірмейтіндей етіп бағыттап отыруға міндетті. Баланы белгіленген ережелерді сақтағаны үшін қолпаштап отырған жөн! Алайда қажет болған жағдайда жаза арқылы ережелерді құрметтетіп отыру керек. Баладан пісіп–жетілу сатысына және өзіндік тәжірибесіне сәйкес шама-шарқы жететін пікірлер мен бағаларды ғана күт!

Бала осынау соншама күрделі дүниеде бағдар жасап үйренгенше, оған ұзақ уақыт қажет. Оған қолыңнан келгенше көмектес, және де жинақтаған тәжірибесі мен өзінің пісіп-жетілу сатысына сәйкес өзіндік пікірін немесе қорытындысын айта алатын кезде ғана баладан оларды талап ет. Балаға еске түсіруге болатын құндылыққа ие әсерлерді басынан кешіруге мүмкіндік бер! Бала да, үлкендер сияқты, әсерлермен «қоректенеді», олар балаға басқа адамдардың өмір-тіршілігімен және айналадағы дүниемен танысуға мүмкіндік береді.

Эльмира Бексултановна МИРЗАЛИЕВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ Филиалы Жамбыл облысы
бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты жарытылыстану
және гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі
кафедрасының меңгерушісі, PhD философия докторы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий