“Ақиқат” – көшбасшылар мектебі

Қазіргі уақытта жан-жақты дамып, тұлға болып қалыптасу үшін тек білім қоры жеткіліксіз. Әр адам жинаған білімі мен білігін дұрыс пайдалануы тиіс. Осы ретте дебат ойындары мен студенттердің өзін-өзі басқару органдарының тетіктерін жүйелеу арқылы көшбасшылық қабілеттерді қалыптастыру күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі.

 

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың еліміздегі дебат клубтарын жандандыруды қолға алуын жастар арасындағы қозғалысты жаңа деңгейге көтеру ісіне көрсетілген үлкен қолдау деп білеміз.  Еліміздің бас педагогы: – Пікірсайыстарда жетістіктерге жету үшін көзқарас, мықты мінез, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғай білуге жетелейтін ұмтылыс маңызды. Ол үшін көп кітап оқып, танымдық бағдарламаларды қарап, қарым-қатынас орната білу, аргументация дағдыларын дамыту бойынша үнемі жұмыс істеу керек, – деген болатын.

Пікірсайыс қозғалысының тәжірибелі өкілі ретінде: – Дебат тек зияткерлік ойын емес, ол – сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, командамен бірлесіп жұмыс істеуге, сұрақ қойып, оларға нақты жауап беруге үйрететін білім беру технологиясы. Ойынға қатысушылар кейін үгіт-насихат пен популистік идеяларды оңай ажыратып, өз ұстанымын көпшілікке нақты аргументтер арқылы жеткізе алады. Мұндай тәжірибе жастарға күнделікті ақпарат ағынын сыни қабылдауға да көмектеседі. Студенттер бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, өздерінің әлеуметтік байланыстары мен бір-біріне деген сенімін нығайтады, – деген парасатты ой қорытты. 

Министрлік жанындағы жобалық кеңсе дебат қозғалысын дамыту тұжырымдамасы мен Жол картасын әзірленгенін жеткізді. Жаттықтырушыларды даярлау бойынша жұмыстар басталып кетті. Біздің жоғары оқу орнында «Ақиқат» саяси пікірсайыс клубының жұмысын күшейту үшін жан-жақты қадамдар жасалуда. Университеттің барлық институттарында пікірсайыс клубының бөлімшелері бар. Қызылорда қаласындағы орта мектептерде клубтың 13 филиалы ашылған. Онда пікірсайысшы студенттер оқушыларға ойынның технологиясын үйретіп, жетекшілік жасайды.

Жас өрендер үшін әртүрлі форматта кездесулер, тренингтер, турнирлер ұйымдастырылып тұрады. Жылдың соңына дейін тағы 27 филиалдың ұйымдастырылуы жоспарда тұр. Клуб жастардың ораторлық қасиеттерін дамыту, интеллектуалдық деңгейін арттыру, сөйлеу мәнері мен сөз құрылымын сақтауға үйрету, өз ойын толық жеткізуге дағдыландыру және өзін-өзі басқару жүйесін дамыту сынды міндеттерді негізге ала отырып, қызмет етеді. Әр институттағы клубтың жетекшілері мен мүшелері өз деңгейінде турнир ұйымдастырып, оның жеңімпазы университеттік деңгейіндегі кезеңге жолдама алады.

Ең мықты фракция облыстық, республикалық турнирлерде бақтарын сынайтын болады. Биылғы оқу жылында «Ақиқат» саяси пікірсайыс клубы Алматы, Қостанай қалаларындағы клубтармен  бірлескен республикалық онлайн турнирде алғашқы қатардан көрінсе, облыстық «Jas Otan» ЖҚ ауыспалы кубогінде екінші орынды иеленді. Ұлыбританияның Глазго университетімен бірлесіп «Көшбасшылыққа 30 қадам» тақырыбында ұйымдастырылған тренингтің де маңызы ерекше.

«Қазақстанның жаһандық бастамалары, «Халықаралық қауіпсіздікке үлес», «Елбасы елдің тұтқасы», Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан» және тағы да басқа түрлі тақырыптағы пікірсайыстар жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға барынша ықпал етіп келеді. Бірқатар шетелдік және отандық жоғары оқу орындарымен: Женеваның бизнес және менеджмент мектебі (Швейцария), Орынбор мемлекеттік университеті (Ресей Федерациясы), Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті,  Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының дебат клубтарымен орнатылған келелі әріптестік байланыстың маңызы елеулі.

Алдағы уақытта халықаралық ұйымдармен бірлескен ашық алаңдар, республикалық турнирлер, YouTube желісінде онлайн дебаттар ұйымдастыруды, халықаралық дәрежедегі спикерлермен семинар-тренингтер өткізуді, мектеп оқушыларын пікірсайысқа баулу сияқты көптеген іс-шараларды жоспарлап отырмыз. Біздің басты мақсатымыз – «Ақиқат» саяси пікірсайыс клубын дамыту арқылы жас көшбасшылар мектебін қалыптастыру.

Жандос Нұртайұлы БАЗАРТАЙ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
университетінің басқарма мүшесі,
әлеуметтік және тәрбие жұмыстары
жөніндегі проректор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий