Біз 50-ші түлектерміз!

Біздер жарты ғасырлық тарихы бар біздің алтын ұя қасиетті шаңырақтың елуінші түлектеріміз. Осы білім ордасында 11 жыл білім нәрімен сусындап, өмірдегі қуанышы мол ең қызықты шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам бастық. Мектеп директоры Конкабаев Ниетқали ағайдың ықпалымен мектеп күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Биылғы түлектер қайта жаңарып, заманауи жабдықтармен қамтылған  білім ордасынан қанат қағудамыз. Ең алғаш мектеп табалдырығын аттағанда бастауыш сынып мұғалімі Ғалия  Серікқызы Исмаилова апай қолымызға әліппе ұстатып, әріптерді таныту арқылы жазуды үйреткен еді. Міне, осылайша білімнің терең әлеміне бойлап, оқудың инемен құдық қазғандай қиын да күрделі маңызы мен мәнін түсіндік. Жан-жақты, талғампаз, талапшыл, еңбекқор, майталман Серікқызы Ғалия ұстазымызға шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

Сапалы білім мен саналы тәрбие беру мақсатында үздіксіз ізденістерімен құрметке бөленген парасатты педагогтарға айтар алғысымыз зор. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Тоқтар Әлімбайұлы Жақсымбетов, Ғалия Күшікбайқызы Аликулова, Ұлбосын Рысбекқызы Наушабаева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзия Кәдірмашқызы Даулетова, құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Александровна Андреева мен ұйымшыл ұжымның барлық қызметкерлерінің қажырлы қызметтеріне толағай табыстар тілейміз. 

Сынып жетекшіміз болған қазақ тілі пәнінің мұғалімі Арайлым Ермаханқызы Қалқабаева мен Гүлайым Қайратқызы Абилдаева апайларымыз біздердің ақылшы қамқоршымыз, сырласымыз ретінде бағыт пен бағдар беріп, мамандық таңдауымызға да көп көмегін тигізді. Пән мұғалімдерінің өлшеусіз еңбегінің нәтижесінде биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуден 120 балл жинап, мәртебелі мектебімнің мерейтойына тарту жасадым. Осындай биік белестен көрінуіме ұжым жетекшісі мектеп директоры Ниетқали Әбдімомынұлы, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Бақыт Надырбаева, тарих пәнінің мұғалімі Раушан Сатова, математик Айгүл Сейтжапарова ұстаздарым жан-жақты қолдау көрсетті. 

Сіздердің сенімдеріңізді ақтап, қалаған мамандығымның иесі ретінде тәуелсіз мемлекетіміздің ілгері дамуына үлес қосуға ниеттімін. Қайда жүрсек те ұстаздарымызды, мектебімізді, туған жерімізді жүрек түкпірінде сақтаймыз. Киелі білім ұясынан  дарынды, қазақты әлемге танытатын талантты шәкірттердің бәсекеге қабілетті білім аларына сенімім мол. 

Қарақат Нұркенқызы БОЛАТ, 
№44 ЖОББМ  11 «Б» сынып түлегі, 
Жамбыл облысының Меркі ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий