“Атамекен” лагері жұмысын бастады

Облыс орталығындағы мектеп оқушылары үшін “Атамекен” жазғы сауықтыру лагері маусымдық жұмысын бастап, он күндік алғашқы ауысым үшін жетпіс баланы қабылдады. Жоспар бойынша жаз бойы осы орталықта бес жүзден астам балғынның тынығатындығы белгіленген. Лагердің қызметі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау арқылы жүргізілуде, – деп хабарлайды Орал қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметі.

“Атамекен» жазғы сауықтыру лагерінде демалыс кезеңі мен балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін арнайы оқу-тәрбие және сауықтыруға арналған шаралар ұтымды ұйымдастырылмақ. Басты мақсат – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, жеке тұлғаның қарым-қатынас дағдысын қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау. 

Бұл орталық ғимаратының сыйымдылығы 220 орынға есептелген. Десе де жұқпалы індеттен сақтану үшін құзырлы орындардың ресми рұқсатына сәйкес әлеуметтік қорғауға мұқтаж және мемлекеттің қамқорлығына алынған түрлі санаттағы отбасылардың перзенттері мен оқу озаттарына қоса дарынды оқушылар бірінші кезектің тізіміне енгізілген болатын.

Ауысымдағы балалар үшін танымдық, мұражайларға саяхат, спорттық  жарыстар, туристік ойындар, факультативтік курстар сынды басқа да қызықты әрі мазмұнға толы арнайы бағдарламалар дайындалған.  Жергілікті өзендерде серуендейтін оқушыларға би кештері де ұйымдастырылады. «Атамекен» балалар жасөспірімдер туризмі және экология орталығының әдіскері Ақмарал Көркембаеваның мәлімеуінше кәсіби мамандар жастарға шатыр құруды, туристік құрал-жабдықтарды тиімді пайдалана білумен қатар бағдарлауды да қосымша түрде үйретеді екен. 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий