Ы.Алтынсарин-180: Тарихи тұлғаға арналған тақырыптық сабақтар

Біздің білім ордасының мұғалімдері қазақтың ұлы ағартушысы Ы.Алтынсариннің мерейтойына орай тақырыптық сабақтар панорамасын ұйымдастырды. Білім беру процесінде маңызды орын алатын тақырыптық сабақ оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырады, білім мен дағдыларды біріктіреді және пәндік білімді өмірмен байланыстыруға мүмкіндік береді.  

– Бұндай форматтағы сабақтың ұтымды тұстарының бірі ретінде актуалды тақырыпты дер кезінде талқылау мүмкіндігін атар  едім. Әлемді әр кезеңде түрлі сұрақтар мазалайтын болады, сәйкесінше, балалар бар ақпаратты уақытында алып отыруы қажет. Белгілі бір тақырыптағы  сабақты негізгі концептіден ауытқымай ұйымдастыру педагогтің шеберлігіне байланысты. Тақырыптық сабақ – қазіргінің, өткеннің және болашақтың сабағы, – дейді мектеп директоры Айдарбек Айтпукешев.

Апталық аясында мектеп мұғалімдері тақырыптық сабақтарға шығармашылықпен қарап, көрнекті қайраткердің өмірбаяны мен еңбектерін гуманитарлық пәндерге ғана емес, нақты ғылымдарға да кіріктіре алды.  Педагогтер стандартты сабақ шеңберінен шығу Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығының ерекшеліктерін ашып қана қоймай, сонымен қатар инновациялық оқыту дағдыларын жетілдіруге жол ашқанын жеткізді.   

Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тайған Салменова жаңа материалды игеруге дайындықты сабақтың маңызды бөлігі деп санайды. Бұл жолы білікті ұстаз проблемалық сұрақ әдісін қолданып, оқушылардың жаңа материалды қабылдауына мүмкіндік туғызды. «Неліктен Ыбырай заманында білім бәріне бірдей қол жетімді болмады?» деген сұрақ оқушыларға тарих сабақтарынан, оқыған кітаптарынан немесе көрген фильмдерінен білетіндерін еске түсіруге мүмкіндік берді.

Мұғалім сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин мен Анатолий Некрасов шығармашылығын салыстыру тәсілін де ұтымды пайдаланды. Материалды интерпретациялау балалардың есінде ұзақ уақыт сақталады. Математика пәнінің мұғалімі Жанар Есенгубекова сабағында оқушылар iDroo.com платформасында  тапсырма орындады. Бұл тақтада оқушылар барлығы бір мезгілде жұмыс жасай алады, ол әрбір оқушының оқу мақсатына қаншалықты жеткендігін бағалауға мүмкіндік береді.

Кейін тапсырмалардың жауаптарында шыққан сандарды  қазақтың ағартушы-педагогі, жазушы Ыбырай Алтынсариннің өмірімен байланыстыру үшін Linoit.com платформасына көшті. Экрандағы сандар мен оқушы жауаптарын сәйкестендіріп, ағартушының қазақ даласында алғашқы болып ашқан мектептері туралы қысқаша мәліметтер берілді. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Николай Спрыгин тақырыптық сабағымның мақсаты оқушыларға патриоттық тәрбие беруді дамыту, Ы.Алтынсариннің идеялары бүгінгі күнге сәйкес келетінін көрсету дейді.

Ағартушының  «жақсы мұғалім – жақсы мектептің негізі» деген тұжырымын негізге ала отырып, оқушылар өздерінің пікірлері бойынша мектеп пен мұғалім қандай болу керек деген сұрақтарға өз пікірлері мен дәлелдерін айта алды. – Оқушылар мен әріптестерімнің пікіріне сүйенсем, тақырыптық стандартты емес сабақтар оқу үрдісіне шығармашылық пен әртүрлілік әкелетін сыныптағы тұрақты құбылысқа айналуы керек деген қорытынды жасауға болады, – дейді Николай Юрьевич.

Информатика пәнінің мұғалімі Динара Тлеккаабылова сабақтың сергіту кезеңінде ағартушының өмірі мен шығармашылығымен таныстыруды арнайы редакторлар көмегімен жасақталған викторина түрінде жоспарлапты.  Сабақтың нәтижелігі оның қалай басталуына байланысты. Оқушылар бұл кезеңде ынтамен жұмыс істейді, өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетеді, басқаларды үйретеді және өздері үйренеді. Қазіргі кезеңде оқушыларды оқу процесіне белсенді тарту үлкен рөл атқарады.

Сабақтың қашықтан оқытылуын ескере отырып, қалған уақыт ішінде бала үй тапсырмасын түсініп, қуана-қуана орындау үшін өз бетінше жұмыс істеуі керек. Бұл қызығушылықты сақтау маңызды. География пәнінің мұғалімі Болғанай Абуова тақырыптық сабағында ақынның өмірбаянында кездесетін жер-су атауларын оқу мақсатымен тиімді байланыстыра білді. Сабақтың негізі бөлімінде оқушылар саяси картаның басты нысандары, ерекшеліктерін талдаса, бекіту бөлімінде Snagit бағдарламасы бойынша ағартушының өмірбаянына қатысты географиялық нысандарды кескіндеді.

Snagit бағдарламасын жекелеген пәндерден басқа, сыныптан тыс іс-шараларды ұйымдастыру барысында оқушылардың жаhандық көзқарастарын, ақпараттық-коммуникативтік құзыреттіліктерін кеңейтуге  пайдалануға болады. Педагог тақырыптық панорамалық сабақтар кез келген пәндер үшін оқушының білім дағдыларының жан-жақты қалыптасуы мен қатар қызығушылықтарында арттыратынын жеткізді. Химия пәнінің мұғалімі Айнаш Жаннатова басты мақсаты ұлы ағартушы мен химия пәнінің арасын жалғап тұрған нәзік көпірді табу арқылы химия сабағын басқа қырынан қарастыру болғанын жеткізді.

Топтық жұмыс берілмес бұрын оқушыларға судың физикалық қасиеттеріне сәйкес келетін Ы.Алтынсариннің «Бұлақ» атты әңгімесінен үзінді берілді. Оқушылар ұлы ағартушының өміріне және сондай-ақ еңбектеріне қысқаша шолу жасады. Мұғалімдер өз әріптестерін тәжірибе жасаудан қорықпауға, оқушыларға байланыстар құру және салыстырмалы талдау арқылы әлемнің тұтас бейнесін құруға көмектесуге шақырады. Иә, тақырыптық сабақтарға арналған ресурстарды табу уақытты қажет етеді, бірақ мұғалімнің шабыты оқушыларға беріледі және олардың ынтасы айтарлықтай артады.

Тақырыптық сабақтар нәтижесі ретінде мұғалімдер әдістемелік вебинарда  пікір алмасып, оның барысында әріптестеріне озық тәжірибелер ұсынды. Сонымен қатар осы жұмыс нәтижелері бойынша тәжірибені тарату шеңберінде ресурстардың әдістемелік жинағын шығару жоспарлануда. 

Гульнара ДУСКАЗИЕВА,
мектеп директорының орынбасары,
Гүлнұр ЖАНТУРИЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 
Сауле БАКЫТЖАНОВА,
орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Орал қаласы физика-математика
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий