Жаны жайсаң жан

Мына жалған дүние жаны жайсаң, жақсы адамдармен көрікті. Өзінің қара басының жағдайын емес, көптің қамын ойлайтын, үлкен жүректі, тұлғалы азаматтармен ажарлы. Сондай қадірлі де, аяулы, абзал жандардың бірі – Абдуллаев Насурла Сейтханұлы. Ұлағатты ұстаздың, әріптестің өмірден озғанына да 10 жыл болыпты.  Накеңнің жарқын жүзі, өнегелі өмірі біздер үшін ұмытылмақ емес.

Ол Арыс қаласында 1945 жылдың 18 желтоқсанында теміржолшы отбасында дүниеге келді. Мектепте оқу озаты болып, 8-ші сыныптан бастап мектеп комсомол ұйымының хатшысы, Арыс аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі, Шымкент облыстық комсомол комитетінің пленум мүшесі болып есімі елге танылды. 1962 жылы мектепті үздік бітіріп, Ташкент мемлекеттік университетінің механика математика факультетіне түсіп, оны ойдағыдай тәмәмдап, 1967 жылы Өзбек ССР-і Ғылым академиясының «Кибернетика» институтына кіші ғылыми қызметкер болып қабылданды. 1970 жылдан бастап ССРО-ның ауылшаруашылығы министрлігіне қарайтын Жамбыл су шаруашылық гидромелиорациялық құрылыс институтында (ЖГМСИ) оқытушы, аға оқытушы, доцент лауазымдарында қызмет атқарып, профессор дәрежесіне дейін көтерілді.

«Математикалық талдау» бойынша ғылыми атақты қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты атағын иеленді.1971 жылдан бастап институттың комсомол комитетінің бірінші хатшысы, экономика факультеті деканының орынбасары, жоғарғы оқу орнына дейінгі факультет деканы, кәсіподақ ұжымының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. 40-тан аса  ғылыми мақалалары халықаралық деңгейдегі журналдар мен кітаптарда жарияланды. Еліміздің тәуелсіздік алған тұста қазақ тіліндегі оқулықтардың жетіспеушілігінің орнын толтыруда Насурла Сейтханұлы көп еңбек етіп, «Жоғарғы математика» және «Қолданбалы математика» пәндеріне арналған 15-ке жуық оқу-әдістемелік құралдар мен жетекші нұсқауларды баспадан шығарды.

Осы еңбектері мемлекет тарапынан ескеріліп, түрлі грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталды және «Қазақстан Республикасының үздік мұғалімі», Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері»  атақтарын иеленді. Насурла Сейтханұлы сегіз қырлы бір сырлы жан еді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары болатын. 1974 жылы ЖГМСИ-да гидрокешенінің жұмыстарына тікелей басшылық жасап, «Өз білім ұяңыз, өз қолыңызбен» деген ұранмен студенттерден жасақталған бригадаларын ұйымдастырып, институттың жаңа ғимараттарының құрылысының  салуда және олардың дер кезінде пайдалануға берілуіне байланысты жұмыстарды жүргізуде белсенділік танытып, көп еңбек етті.  

Жамбыл облыстық партия комитетінің шешімімен сол кездегі Жамбыл қаласының орталық стадионның жөндеу жұмыстарына институттың жүзден аса студенттерін жұмылдырып, тасырманы абыроймен атқарғаны үшін үлкен алыс алғаны бар. 1995 жылының тамыз айында көршілес қырғыз елінің Талас облысында «Манас» эпосының мың жылдығын тойлау барысында Қазақстан Республикасы атынан Жамбыл облысы 100 ақ киіз үйін, оның үшеуін тігуді Жамбыл гидромелиорация құрылыс институты тікті. Осы іс-шараны жоғарғы деңгейде өткізу мақсатында ректордың бұйрығымен штаб құрылып, осы штабтың ұйымдастыру комитетінің төрағасына Накең бекітіліп, облыстық штабқа мүше болып сайланады.

Институт ұжымы қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ән-жырын осы үлкен тойға тарту етіп, той иелерінің және меймандарының алғысын алғаны белгілі. Міне  осы іс-шараларды өткізу барысында Накең  өзінің жаңа қырынан көрініп, ел алғысына бөленді. Жүзі жылы, жүріс-тұрысынан зиялылық сезілетін, сөзі мен ісі қабысқан, жан дүниесі таза, көңілі ақ жаратылысынан бекзат, сабырлы да салмақты, салиқалы азамат еді. Өзінің жұмысына, тікелей міндет-парызына өте ыждағатты, қоғамдағы кез келген оң-теріс құбылысқа да өзіндік пікірін білдіріп, үн қосып жүретін.

Институттың ғылыми кеңесінің мүшесі ретінде, кеңестің отырысында өзекті мәселелерді көтеріп, құнды пікірлерін айтатын. Отбасына көңіл бөліп, бала тәрбиесіне де база назар аударатын, бәріне үлгеретін, бәріне уақыт табатын. Ұрпағының ұлағатты болуына, тәлім-тағлым түйіп өсуіне, ұлттық ұстанымға сай ғибрат алуына көп еңбек сіңірді. Балалары оқыған мектептердегі тәрбие жұмысына, балаларының түрлі секцияларға өзі апарып, әкеліп жүретін. Ұрпақ тәрбиесіне өте мән беретін үлкен тәрбиеші еді. Сөзімен емес, өзінің ісімен, мінез-құлқымен үлгі-өнеге бола білді.

Балаларының бойынан іс-әрекетінен қандай да бір кемшілікті байқаса, соны түзетуге әкелік махаббатпен, шынайы  жанашырлықпен кірісетін. Және балаларының көңіліне келмейтін, оңтайлы жол таба білуші еді. қателіктерін байқаса да ұрсып-зекімей, бетіне баспай, астарлап көп нәрсені ұқтыратын. Ұлттық салт-дәстүр мен тәлім-тағылымды балаларының санасына тісінікті сіңіріп жетесіне жеткізетін. Осындай қасиеттеріне орай балалары да әкелерін ерекше құрметтеп мақтан ететін. Әкеден алған үлгі мен ұлағатты тәрбиенің арқасында балаларының бәрі үлкен азамат болып өсті.

Үлкен ұлы Қалилл  Қазақстан Республикасының салық саласының  білікті маманы. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар Маңғыстау облыстарының Салық департаменті басшысы лауазымында және  Президент аппаратыныда қызметтерді абыроймен атқарды. Қызметтен қол үзбей жүріп-ақ ғылыми жұмыстармен айналысып кандидаттық диссертациясын, ал 2011 жылы Ресейде докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап, экономика ғылымдарының докторы дәрежесіне ие болды. Ортаншы ұлы – Ғани белгілі кәсіпкер. Бүгінде Шымкент қаласында орналасқан ірі компанияның басшысы ретінде өзінің тұрып жатқан қаласы бюджетінің қомақты өсуіне үлес қосып жүрген белгілі азамат.

Кенже ұлы Мәлік Жамбыл облысының кеден және салық саласында үлкен лауазымдарында қызмет атқарып, бүгінде әріптестерінің ілтипатына бөленуді. Әкесінің тәрбиесіне сай қолынан келген жақсылығын ешкімнен аямайтын азамат. Мәлік қарашаңырақтың иесі ретінде анасы Күлжамиланың жағдайын жасап, отбасының игі істерінің ұйтқысы болып отырған жағдайы бар. Накең туралы әңгіме болса оның үйінде болсын және  тыс жерде болсын кісіге деген құрметін, қонақ күту, қонаққа бару мәдениетін айтпай кету күнә. Өзі осы іс-шараларға үлкен мән беріп, аса жауапкершілікпен қарайтын.

Осыған байланысты үйінен қонақ үзілген емес. Өзі де шақырған жерге  бармай қалған емес. Алматыға, Нұр-Сұлтанға, Талдықорғанға, Шымкентке қиналмай барып, туыстарының, достарының, жекжаттарының ілтипатына ие болушы еді.  Сондықтан да оның достары мен пікірлестері көп болды. Олардың ішінде көп жылдар бойы Жамбыл облысында басшылық қызмет атқарған Жамбыл облысының «Құрметті азаматтары» Исақов Әлмұхан, Жанабілов Саттар (құдасы), Карібаев Жандар, белгілі кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, академик Жошыбаев Сейтхан, Қазақстан Республикасының ұлттық ғылым академиясының академигі Сүлейменов Жүсіпбек, және өзінің шәкірті техника ғылымдарының докторы, профессор Мырзашев Сағат  атты ағалары мен інілерін айтуға болады.

Бұл кісілер Накең мен Күлекеңнің жиі қонақтары болатын. Менің осы азаматтармен танысуыма және  жанұяларымызбен жиі араласып, етене жақын қарым-қатынаста болуыма  тікелей себепкер болған да   Насұрла құдам  еді. Өмірден көргендері көп, тоқығандары мол азаматтардың қонақ отырысындағы айтылатын салиқалы, өнегелі әңгімелері, мәдениетті, орынды, зілсіз әзіл-қалжыңдары ешкімді жалықтырмайтын. Көп жылдар бойы әріптес болып бірге қызмет атқарған Саттар  мен Әлмұқан ағалардың әзілдері көңілді отыруға   арқау болатын. Саттар ағаның Әлекеңнен бір жас үлкендігі бар.

Соны пайдаланып Әлекең отырыстың басында астан алып отыруға рұқсат сұрайтын. Сакең кейде батасын қысқа қайырса: «Мына кісі ашығыңқырап келген-ау сірә, тезірек алайық», – деп қолдау көрсететін. Саттар аға Әлекеңнің кейбір әрекеттеріне сын ретінде:  «Мен былтыр інімнің жасында мұндай емес  сияқты едім», – деп бізді куәлікке тартып, қалжыңдайтын. Ал Сәкеңнің қимылдарына қарап Әлмұхан аға: «Келесі жылы менде осындай болар ма екенмін, япырай»,- деп күлдіруші еді. Накең осындай асыл азаматтармен және басқа да достарымен сұхбаттасуға және орынды әзіл-қалжыңдарымен бөлісуге  уақытын таба білетін көпшіл жан еді.

Өкініштісі, Саттар Жанабілұлы, Әлмұхан Әбдрахманұлы, Жандар Кәрібайұлы, Насурла Сейтханұлы бәрі бүгінде арамызда жоқ. Жандары жәннатта болсын. Туыстарының қуаныштары мен қиыншылықтарын Нәкеңсіз өтпейтін еді. Соның бәріне уақыт тауып, көмегін көрсетуден сырт қалмайтын. Накең іні-қарындастарының, балаларының  атына жақсы лебіздер айтылған кезде көңілі босап, көзіне жас алатын. Біздер, «Оу, Наке сізге не болды?»,- дегенде сықылықтап күлуші еді. Әрине бұл Накеңнің туыстарына балаларына деген ыстық ықыласын жасыра алмаудан, жүрегінің нәзіктігінен болса керек.

Жұбайы Күлжамилаға деген сый-құрметі ерекше болатын. Балаларының жастығына қарамастан жұбайының ғылыммен алаңсыз айналысуына зор мүмкіндіктер жасады. Үлкен ұлы 1,5 жасқа толғанда Күлжамиланы Новосибирск қаласындағы мемлекеттік университетке 4 айға білім жетілдіру курсына баруға рұқсат беріп және жұмысынан сұранып Новосибрск қаласына өзі апарып жатақханаға орнастырып келгенін айтатын. Жұбайының диссертациясын жазу және оны қорғайтын кездерде де бірнеше айға іссапарға баруына кедергі жасамай, өзі мектепте оқитын 3 баласының оқулары мен тәрбиесіне толық  жағдай жасап, қызметін де, қоғамдық жұмысын да ешқашан ақсатқан емес.

Күлжамила Жолдасқызы да өз тарапынан Накеңнің жағдайын жасап, әр бір ортада сыйлы азамат болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан жан. Накеңнің туыстары мен інілеріне және достары мен әріптестеріне әр кезде оң қабақ танытып, олардың алдында қадір-қасиетін, абыройын төмендеткен емес. Екеуінің арасында  шынайы сыйластық пен жарасымдылық басқаларға үлгі боларлық еді. Қазақ халқында «тектілік» деген қадірлі ұғым бар. Тектілік – ол адамға тән  қасиетті құндылық.

Ол дегеніміз – ата-баба аруағын ардақтай білу, әке мен ананың борышын өтеуге жан-тәнімен берілу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу. Тектілік өз ұлтының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптей білетін, жақсылық пен жаманшылықты ажырата білуге мән беретін, ешкімнің ала жібінен аттамайтындар. Насұрла Сейтханұлы міне осы ұғымдардың парқын толық меңгерген және өзінің өмірінде оларды басты ұстамы ретінде пайдалана білген азамат.

Сонымен қатар «кісілік» деген ұғым бар. Кісілік өз мүддесі үшін жаманшылыққа бармайтын, құнсыз дүниелерге  қызықпайтын, өзінің де өзгенің де алдында қандай да бір қиыншылықта пендешілікке бой алдырмайтын, қолынан келсе жақсылығын, көмегін ешкімнен аямайтын және сол жақсылықтарын міндет қылмайтын қасиеттер болып табылады. Осы ұғымдар да Накеңнің ісінен, мінез-құлқынан үнемі сезіліп тұратын. Осы қасиеттеріңің арқасында Нәкең өзі өскен жерінде қызмет жасаған ортасында сый құрметке ие болды.

Жерлестері Арыс қаласына сіңірген еңбектері мен көрсеткен көмектерін ескеріп  60 жылдық мерей тойында «Арыс қаласының құрметті азаматы» куәлігін тапсырды. Өзінің қызмет істеген М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бас корпусынан «Физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Абдуллаев Насурла Сейтханұлы атындағы» үлкен дәріс залы және кабинет ашылды.  Кабинетін жаңа техникалық оқу жабдықтарымен жабдықталып университеттің оқытушылары мен студенттердің иггілігіне қызмет істеуде.

Еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Н.С.Абдуллаевтың білім беру жүйесіндегі еңбектеріне арналған «Ел дамуының кепілі» айдарымен республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, 20 баспа табақпен әріптестерінің конференцияға дайындаған ғылыми еңбектерінің жинағы жарық көрді. Бұл Накеңнің ғылым саласындағы еңбектерін бағалануының айғағы болып табылады. 2012 жылы Тараз қаласындағы  «Сенім» баспасынан Қазақстан Республикасының білім беру ісінің  құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі, Арыс қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері – Абдуллаев Насурла Сейтқанұлы туралы «Өнегелі өмір» естеліктер жинағы басылып шықты.

Бұл естелік жинақта Накеңнің әріптестері, бірге өскен достарының  және туыстарының лебіздері, пікірлері енген. Өмірі өнеге болар ардақты азаматтың өмір жолдары, ғылым саласындағы, білім беру жүйесіндегі еңбектері жас ұрпақ үшін үлгі болып қалатыны сөзсіз. Кейінгі уақытта денсаулығы болмай жүргенде де ешқандай іс-шаралардан сырт қалмай, олардың өз дәрежесінде өтуіне тікелей атсалысып, тізгінді көбіне өз қолына алатын. «Нәке, шаршайсыз ғой, денсаулығыңызға салмақ түспей ме!».- деген сауалыма «Е…е, алла берген өмірін керек кезінде өзі алар.

Балаларымды оқыттым, мамандық алуларына, отбасын құруларына, қызметке тұруларына жағдайларын жасадым. Аллаға шүкір бәрі абыроймен қызмет атқарып жүр, немерелер өсіп келеді, қорқатын жағдайым жоқ», – деп қалжыңға айналдыратын. Меніңше осындай сөздерді айтудың өзін де батырлыққа жатқызуға болар еді. Қайран Нәке! Бірге жүрген, дәмдес болған кездер естен кетпейді. Жаны жайсаң, абзал азаматтың  жарқын бейнесі ел есінде ұзақ сақталатыны сөзсіз.

Мұрат ЖҰМАДІЛДАЕВ,
еңбек ардагері, экономика
ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий