Мерейлі білім ордасы

Білім беру жүйесі мемлекеттік саясаттың басты көрсеткіші, білімі мен ғылымы дамыған ел ғана өркениет көшіне ілесіп, биік белестерді бағындырмақ. Президентіміздің бастамасымен білім мен ғылымды дамытуға ерекше қомқорлық жасалуда. Мұғалімдердің қоғам алдындағы мәртебесі күн санап көтерілуде. Осыған орай, ел ертеңі саналатын жан-жақты білімді, тағылымды жас ұрпақ тәрбиелеу күн тәртібіндегі ең басты талаптардың бірі.

Елу жылдық тарихы бар мектебімізде 789 оқушыға қазақ/орыс тілінде көркем және спорттық бағытта 77 педагог білім беруде. 1994 жылдан даму мүмкіндігі шектеулі және эмоционалдық ерік-жігер аясында ауытқушылығы бар аутист балалар қалыпты және түзету сыныптарымен біріктіріліп, инклюзивті оқумен қамтылған. 2014 жылдан мектепте аутист-балаларға арналып ашылған ресурстық сыныптың жұмысы бүгінде телехабарға түсіріліп, ата-аналар және «Ашық әлем» қоғамдық қорының тарапынан жақсы танылды, халықаралық конкурстар мен фестивальдардың жеңімпаздары атанды.

Мектебіміз № 34, 47 мектептерімен бірлесіп білім алушылардың білімге деген мотивациясын арттыру құралы: критериалды бағалауды қалыптастырушы бағалаудың сапалы жүргізілуін арттыру, кері байланысты оқу мақсатына сай ұйымдастыру, жиынтық бағалау арқылы оқушы білімін жүйелі саралауда «Табыс» кәсіби және «Жарқын болашақ» желілік қоғамдастықтарының мүшесі болып табылады. «Жарқын болашақ» желілік қоғамдастығының жетекші мектебі: дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатымен бірлескен жұмысымызда мұғалімнің кәсіби өсуіне жағдай жасалуда.

Одан күтілетін нәтиже мен табыс критерийлері: мұғалімдердің қажеттіліктерін анықтап, соған сәйкес топтар құру; өзара қолдау көрсету, бірлесе әрекет ету, зерттеу сабақтарын және тәлімгерлікті жүйелі іске асыру; мұғалімдер әр сабақты жаңаша тұрғыдан жасауға талпыныс жасау; жаңа әдіс-тәсілдерді, стратегияларды меңгеру; көптілді меңгеру арқылы республика, халықаралық дәрежедегі сайыстарға қатыстыру болып табылады. Енді мектептің спорттық бағыттағы жетістіктерімен де бөліссем деймін.

Халықтың денсаулығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі, ал дені сау ұрпақ – болашағымыздың алтын тірегі десек, осы бағытта жеткен жетістіктеріміз өте көп. Мектебіміздің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, жас маман Эльвира Шадырқұл спорттың армрестлинг түрі бойынша Болгарияда өткен әлем біріншілігінен 1-орынды иеленіп, жеңіспен оралды. Қол күресінен 60 кг салмақ дәрежесі бойынша жастар арасындағы додаға қатысқан спортшы қызымыз 2012 жылы Қазақстан чемпионатына қатысып, спорт шебері атанса, Ташкент қаласында 2013, 2016 жылдары өткен Азия ойындарында екі мәрте І орын, Жапонияда, Америкада өткізілген халықаралық жарыстарда І, ІІ орындарды иеленген.

Эльвира халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып, алтыннан алқа тағып, әлем чемпионы атағын жеңіп алып, әлем деңгейінде үлкен танымалдыққа ие. Қол күресі олимпиадалық спорт түріне жатпаса да, өзіне тән техникалық, тактикалық талаптары бар. Оған кез-келген адам төзе бермейді. Саусақтарынан бастап иығына дейін қолының бұлшық еттері қақсап ауырғанына, қара терге малынып, шаршағанына қарамастан, жігерін қамшылап, жақсы нәтижелерге жетуді мақсат еткен спортшы қызымыз Эльвира сабағынан бос уақытының бәрін спорт залында өткізді.

– Мен өзімнің әр сабағымда балалардың спортқа деген қызығушылығын оятуға тырысамын, өмірде үлкен табыстарға жету жолындағы спорт пен саламаттылықтың пайдасын тәптіштеп түсіндіремін. Оқушыларымды ұлттық спорт ойындарына ынталандырамын, уақыт бөліп, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту, аударыспақ сияқты дәстүрлі ұлттық спорт түрлері жайында әңгімелеп айтамын, баулимын. Балалардың көздері осындайда жанып-ақ кетеді. Өз пәнім арқылы қаншама елжанды, ізгілікке құмар, жақсы­лыққа құштар балаларды мектеп қабырғасынан тәрбиелеп шығаратынымды көзіме ойша елестетсем, мақтаныш сезіміне бөленемін, – дейді жас маман.

Елбасымыздың білім саласына ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасауының арқасында қазір қай мектептің болсын материалдық базасы жақсарып келеді. Талай спортшы жастарды түлеткен біздің мектебімізде спорт залы жалғыз болғанмен, мектептің аумағындағы бос орындарды пайдаланып, футбол, баскетбол, волейболға арналған шағын алаңдар, жүгіру, жаттығу алаңдары жасақталған. Мектеп оқушылары аудандық, қалалық деңгейдегі жарыстаға үнемі қатысып отыратынын, талай рет жеңіс тұғырына көтерілгенін мақтанышпен айта аламыз.

Мектебіміздің түлектері ағайынды Максим және Валентин Иглинскийлер – халықаралық велосипедшілер одағының лицензиялық комиссиясының иегері (Union Cycliste Internationalе, UCI) Astana Pro Team командасының халықаралық дәрежедегі шабандоздары, Исламбек Қуат – қазақстандық футболшы, Алматылық «Қайраттың» және Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы, Қазақстанның үздік жас ойыншысы атағын жеңіп алған талантты спортшы.

2017 жылғы қарашада мектебімізге Қазақстан Республикасы Парламентінің Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Сарықызы Әйтімованың бастауымен сенаторлар келіп, мектеп мұғалімдерімен дөңгелек үстел өткізді. Мектепті аралап, сабақтарға қатысты, жаңартылған білім беру мазмұнына көшуге байланысты оқушылар мен мұғалімдердің пікірлерін тыңдады.

2019 жылы қарашада мектебімізге Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен қала әкімі Алтай Көлгінов келіп, мектеп ғимаратымен танысты. Президентіміз кездесу барысында қысқа мерзім ішінде жаңа оқу ғимаратын салу туралы тапсырма берді. Қазіргі таңда жаңа мектеп салынуда. Өскелең ұрпақты жан-жақты біліммен қаруландырып, отаншылдыққа, саламаттылыққа баулитын білім ордаларына мемлекет тарапынан нақты қолдаулар көрсетілсе, өркениет өрінен орын алатын алтын ұрпақтар буыны ел мерейін асыратыны анық.

Хайдар Кайрполлаевич ЕРГАЛИЕВ,
№23 орта 
мектептің директоры,
Нұр – Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий